09-10-18 |
1080 рет қаралған
Вице-министр: Мұғалімді міндетінен тыс жұмысқа жегуге тыйым салынады.
Қазақстанда мектеп пен білім бөлімдерінің басшылары мұғалімдерді міндетінен тыс жұмысқа салғаны үшін жауапқа тартылады деп мәлімдеді білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева. ҚазТАГ-тың хабарлауынша, Суханбердиева бұл туралы қазанның 9-ы күні үкіметте өткен баспасөз мәслихатында айтты.

«Біз мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Педагог мәртебесі туралы» заң дайындаймыз. Ол жерде мұндай тапсырмаларды орындауға тыйым салынады. Міндетінен тыс жұмысы туралы бұрыннан айтып жүрміз, бірақ енді ол заңда көрсетіледі» деді вице-министр.

Ол мұғалімдердің өз мектебінде сенбілікке қатысуын қолдайтынын білдірді.

Қазақстанда мұғалімдер міндетінен тыс жұмысқа жегілетіндерін, директорлар газеттерге қинап жаздыратынын айтып, жиі шағымданады. 2017 жылы елдегі мұғалімдер Астанадағы ЭКСПО көрмесіне күштеп билет алғандарын жеткізген.

2015 жылы Алматы облысы Ұзынағаш ауылындағы мұғалімдер Азаттыққа Қазақстан президентін сайлауы алдында көше тазалауға бір аптаға сенбілікке шыққандарын айтқан.

Шымкенттің Еңбекші аудандық соты №38 мектептің мұғалімі, «міндетінен тыс жұмысқа тартылып, директордан қысым көргенін» айтқан Гүлжан Сәлімбаеваның шағымын қанағаттандырмаған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.