22-02-18 |
9130 рет қаралған
Жанболат Мелдешев: Мен кез-келген тыйымға қарсымын!.
Жанболат Мелдешев: Мен кез-келген тыйымға қарсымын!

Бүгінгі қазақстандық университеттердің білім беру сапасы жаһандық білім деңгейінен, оның өзектілігінен төмен көрсеткіш көрсетуі мүмкін. Сонымен қатар, мектеп бітірушілердің барлығы ЖОО-да тегін білім алу мүмкіндігіне ие болмасы анық. Бұл екі мәселені шешудің бір жолы – қазақстандықтарды шетелдерде оқыту болмақ. Аталған бағытта Халықаралық бағдарламалар орталығы (ХБО) белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстандық студенттердің білімге деген ұмтылысы, қазақстандық еңбек нарығында шетел университеттерінің түлектеріне деген сұраныс туралы ХБО президенті, Эксетер университетінің түлегі (Ұлыбритания) Жанболат Мелдешовпен әңгімелесудің сәті түскен еді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

– Қазіргі таңда шетелде білім алу ешкімге де жаңалық емес, заманауи үрдістердің біріне айналып кетті. Әлде Қазақстан үшін «жақсы білім көзі шетелде» деген түсініктің қалыптасуына байланысты ма?

– Ресурстарға емес, білімге негізделген инновациялық экономика дәуірінде, сапалы білім шешуші рөл атқарады. Жақсы білім алуға ұмтылу, қаншалықты алыс болса да жақсы білім беретін университетті табу – қалыпты жағдай. Меніңше бұл үдеріске қарсы тұрудың қажеті жоқ. Мен барлық қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарын бағалай алмаймын, бірақ өзімді мысалға келтіре аламын. Мен Алматы мемлекеттік университеті мен Ресей Халықтар достығы университетінде «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша оқыдым. Алматыда білім алған оқулықтардың авторлары кейін маған Мәскеуде сабақ берді. Осы жерде, оқулықтан оқыған бір бөлек, ал сол оқулықтың тікелей авторынан сабақ алудың мүлде басқаша екенін айтқым келеді. Қазіргі Қазақстандағы жағдай тура осылай. Біз Қазақстанда оқулықтардан аламыз, оның өзін аударма арқылы, ал шетелде авторлардың өзінен сабақ алуға мүмкіндік бар.

– Қазақстандық және шетелдік университеттер арасындағы айырмашылық қандай?

– Отандық және шетелдік білім беру арасындағы айырмашылық мамандыққа байланысты өзгереді. Мысалы, гуманитарлық салада бұл айырмашылық тым байқала қоймайды, сондықтан еліміздегі университеттердің түлектері әлемнің жетекші университеттерінің магистратурасында қиналмай оқи алады. Ал техникалық мамандықтар мен биотехнология, медицина саласында алшақтық айтарлықтай.

Қазіргі уақытта ҚР Білім және ғылым министрлігі қазақстандық ЖОО-да білім беру сапасын арттыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Соған орай негізгі басымдық – білім беру қызметтерін дамытуға серпін беретін отандық жоғары оқу орындарының академиялық еркіндік принципіне бағытталып отыр. Бұған қоса, білімнің барлық сатыларында ағылшын тілін меңгеруге көп көңіл бөлініп жатыр. Ағылшын тілін білу бүгінгі таңда жоғары деңгейлі маманның үйлесімді дамуының қажетті элементі деуге болады. Осы орайда Елбасымыздың «үш тұғырлы тіл» мәселесін өте орынды көтеріп отырғанын айта кеткен абзал.

– Шетелде білім алу жастарға дипломнан басқа не бере алады?

– Шетелдік білім дегеніміз білім мен әлем мойындаған диплом ғана емес, сонымен қатар мәдениетаралық қарым-қатынас. Шетелдік білімнің арқасында бір-екі шет тілін жақсы меңгеруге болады. Жаһандану дәуірінде басқа мәдениет өкілдерімен ортақ тіл табуға қабілетті болу – бұл өте маңызды шеберлік. Үлкен әлеуметтік капиталға ие бола тұрып, әлем бойынша жақсы таныс пен байланыстар орнатуға болады.

Президент Н. Ә. Назарбаевтың көрегенділігі нәтижесінде мемлекетіміздің жас азаматтары шетелге барып білім алып жатыр. Оның бастамасы адами әлеуеттің дамуына қуатты серпін беріп, сапалы шетелдік білім әлдеқайда қолжетімді екенін көрсетті.

– Қазақстандағы білім жүйесіне көзқарасыңыз қалай?

– Менің ойымша, қазақстандық білім елеулі жетістікке қол жеткізді. Жақсы мысал – Nazarbayev University-нің бой көтеруі, «Назарбаев зияткерлік мектептері» жүйесінің дамуы. Оған қоса, ағылшын тілінде білім беретін бірнеше жоғары оқу орындары бар, олар әлемдік стандарттарға сүйене отырып, өз студенттерін тиісті біліммен қамтамасыз етіп отыр.

Жалпы, біз дұрыс бағытты ұстанып келеміз. Білім, бірінші кезекте, өзекті болғаны жөн. Біз азаматтарды «мектепке емес, өмірге» үйреткеніміз дұрыс. Бұл ретте оқу бағдарламаларын тұрақты түрде дамытып отыру, еңбек нарығын қадағалау – өте маңызды.

Қарқынды дамып келе жатқан әлемдік экономика қатарынан қалып қоймау үшін біз қазірдің өзінде еңбек нарығының қажеттіліктерін зерттеу үшін инвестиция жасағанымыз жөн. Соның нәтижесінде 10-15 жылдан кейін сұранысқа ие болатын немесе өзектілігін жоғалтатын мамандықтар мен кәсіби салалар бойынша ғылыми негізделген болжамдар жасау маңызды. Ал бұл істің сәтті болуы болашақта азаматтарымыздың сұранысына тікелей әсер етпек.

– Кейде шеттен оқып келген мамандарға қатысты жағымсыз пікірлерді естіп қаламыз. Тіпті, Қазақстанда сұраныста жоқ мамандықты игерді дейтіндер де бар.

– Құдай бермегенді, Сорбонна бере алмайды. Бірақ мен өз басым жұмыс берушілердің арасында бағдарлама түлектеріне деген сұраныс өте жоғары екендігін басып айта аламын. Тіпті белгілі бір мамандық бойынша болмаса да, тиісті салалар бойынша қажет. Жұмыс берушілер шетелде оқыған талантты кадрларға ерекше қызығушылық танытады.

Сондай-ақ, жоғары білімді адам санының өсуі экономикаға әсер етпей қоймайды. Біз әлемнің дамыған экономикасымен тереземізді теңестіруге асығамыз, себебі, ең алдымен, олар ресурстарға емес, білімге негізделген. Сонау 2001 жылы, осыдан 20 жыл бұрын ЭЫДҰ сарапшылары, ЭЫДҰ елдерінде білімге негізделген салаларда қосылған құнның нақты өсуі жалпы экономикалық өсу қарқынынан асып түсетіні туралы шешім шығарған болатын.

Дүниежүзілік банктің «Білімге негізделген қоғамды қалыптастыру. Жоғары білімнің жаңа міндеттері» атты баяндамасында (бұл 2003 жыл) өте қатаң дәйексөз бар: «Әлемдік экономикадағы қарқынды бәсекелестік жағдайында дамушы елдер мен экономикасы өтпелі кезеңде тұрған елдердің одан әрі маргинализациялану қаупі бар. Өйткені бұл елдердің жоғары білім беру жүйесі білімнің қалыптасуы мен қолданылуын қалыптастыратын артықшылықтарды пайдалануға дайын емес». Бұл фраза, мен үшін және ХБО-ның бүкіл командасы үшін мотивациялық күш деуіме болады.

– Шетелде білім алу үшін ХБО қандай бағдарламалар ұсына алады?

– ХБО-ның негізгі мақсаты – сапалы шетелдік білімді баршаға қолжетімді ету.

ХБО жұмысының негізгі бес бағыты бар. Біз халықаралық деңгейде өте белсендіміз – бұл білім беру саласындағы үкіметаралық келісімдерді жүзеге асыру, басқа халықаралық бағдарламаларды әзірлеу, шетелдік студенттерді қазақстандық ЖОО-да білім алуға тарту. Сонымен қатар, біз халықаралық деңгейдегі іскерлік қарым-қатынаста көп нәрсеге қол жеткіздік. Мысалы, бүгінгі таңда біз әлемнің жетекші университеттерімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Ал олар өз кезегінде біздің студенттерді тартуға қызығушылық танытып, олардың әлеуетін жоғары бағалап келеді.

ХБО әлемнің үздік университеттерінде гранттар беру туралы келіссөздер жүргізуде, сондай-ақ, біздің студенттерді оқытуға жеңілдіктер іздейді. Бүгінгі таңда шетелде 70 мыңға жуық қазақстандық оқиды және олардың көбісі өз оқуының ақшасын толықтай төлейді. Егер әрбір адам үшін оқу бағасы жылына кемінде 1000 долларға арзанырақ болса, ата-аналардың жеке бюджетін және мемлекеттік бюджетті қаншалықты үлкен сомаға үнемдейтінімізді есептеп білу, қиын емес.

Сонымен қатар, ХБО мемлекетті, жоғары оқу орнын және тіпті мамандық таңдауға қатысты студенттер мен олардың ата-аналары үшін кеңесші рөлін атқаруға дайын. Бұл бағытта бүгінгі таңда әлі де түсінбеушіліктер көп: шетелге оқуға кеткен студенттердің көпшілігі шетелде білім алудың барлық мүмкіндіктері туралы біле бермейді. Сондықтан олар әдетте университетті кездейсоқ таңдайды. Ал біз өз тарапымыздан жоғары оқу орнының таңдауы мүмкіндігінше студенттің талаптарына сай болу үшін барлық мәліметтерді нақтылауға, барлық мүмкіндіктерді көрсетуге дайынбыз.

Бұл орайда, отандастарымызға шетелде білім алудың нақты мүмкіндіктерін көрсету үшін бірнеше жыл бойы Орталық Азиядағы ең ірі білім көрмелерін тұрақты түрде өткізіп келеміз. Соңғы көрмелерде 100-ден астам шетелдік ЖОО қатысты, оның ішінде 30 ЖОО қазақстандық студенттерді тегін білім алуға шақырды. Сондай-ақ, бұл көрмелер шетелдік ЖОО-лар, қазақстандық жоғары оқу орындары мен білім беру мекемелері үшін жақсы диалог алаңы бола алады.

– Шетелдік ЖОО-лардың Қазақстан студенттеріне деген қызығушылығы шынымен жоғары ма?

– Асырып айтты демеңіздер – қазақстандық студенттер үшін шетелдік жоғары оқу орындарының ректорлары кезекте тұр! 2018 жылы біз шетелдік гранттардың санын 10 мыңға дейін жеткіздік, басты міндетіміз білімге құштар студент табу болатын. Бұдан кейін бұл сан тек көбеймек. Сонымен қатар ХБО Малайзияның тәжірибесіне негізделген қазақстандық білім беруді интернационалдандыру бойынша жұмыс жүргізуді бастады.

Мәселен, Манчестер университеті Малайзияда өз кампусын ашады немесе Малайзияның кейбір университеті әлемдегі үздік университеттің франшизасын сатып алады. Бұндағы оқыту осы университеттің бағдарламасына сәйкес, сол университет мұғалімдерінің қатысуымен жүргізіледі, бірақ құны 10 есе төмен. Сондықтан Малайзияға британдық жоғары оқу орындарының дипломы үшін оқуға түсу бүгінгі таңда кең етек алған, ал Малайзия үшін бұл «білім беру туризмін дамыту» тұрғысынан тиімді. Бізге де сол жолмен жүрсе болады, яғни әлемнің жетекші университеттері үшін Қазақстанда оқу орындарын ашу мүмкіндігін беру. Соның нәтижесінде Үндістан, Қытай, Өзбекстан, Иран және басқа елдерден келген студенттерді Қазақстанда оқытыпОрталық Азиядағы ірі білім беру орталығына айналар едік. Бірақ бұндай даму үшін мен тілге тиек еткен академиялық еркіндік қажет, яғни жоғары оқу орындары қаржылық, академиялық және әкімшілік шешімдерді өздері дербес жүзеге асыра алуы керек. Сәйкес заң жобасын ҚР БжҒМ Парламентке ұсынған, қазір талқыланып жатыр.

– Шынымен-ақ, қазақстандық азамат үшін Францияда тегін білім алуға мүмкіндік бар ма?

– Әлбетте, мүмкіндіктер көп. Әлемдегі жоғары білімнің инфрақұрылымы белсенді даму үстінде, оған қоса университеттер саны артып, сапасы да жақсарып келеді. Францияда, Германияда, Австрияда, Чехияда және көптеген басқа елдерде жоғары білім тегін. Қытай елінде оқу үшін қазірдің өзінде гранттар көптеп бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде Қытайдағы қазақстандық студенттер саны да жыл сайын артып келеді. Бүгінгі таңда қытайлық жоғары оқу орындары жетекші университеттер қатарынан орын алған, соның ішінде 8 университеті әлемнің 70 жетекші жоғарғы оқу орындарының қатарына енгенін де айта кетуге болады.

Ең бастысы, бұл – өте арзан. Мысалы, студент Берлинде, Вильдау университетінде оқиды. Оқу толығымен тегін, студент тек жататын орны мен тамағы үшін төлейді. Бұл айына шамамен 500 евро. Бірақ студенттік виза сізге күніне 3 сағат жұмыс істеп, орташа есептегенде 900 евро айлық алуға мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде студент өзін өзі толық қамтамасыз ете алады.

– Шетелде оқыған студенттердің біразы сол жақта тұрақтап қалып жатады. Соның салдарынан елімізде «білімділер шетелде тұрады» деген түсінік қалыптаса бастаған секілді?

– Мен бұл оймен мүлдем келіспеймін. Біріншіден, 17 жастағы мектеп түлегінің ешбір кәсіби білімі жоқ. Екіншіден, «елімізде білімді азаматтар қалмай барады» деп, Кеңес үкіметі кезінде айтса болатын, себебі дәл сол кезде елден бір профессор шетел асатын болса, оның қайтып елге оралуына барлық жол жабылатын. Қазір ол заманның дәуірі алыста. Академиялық мобильділік – маңыздыcы осы. Тіпті шетелде білім алғандардың 1-2% сонда қалып қойса да, бұнда тұрған ештеңе жоқ. Ұлт неғұрлым білімді болса, мемлекет соғұрлым күштірек болмақ.

Осы орайда адами әлеуеттің дамуы туралы айтса жөн. Біз бүгінгі заманға прагматикалық көзқарас тұрғысынан қарауға тиіспіз. Бұл жерде эмоция емес, нақты есептеулерге жүгінген дұрыс. Менің ойымша, шетелдік жоғары оқу орнының түлегін бірден елге қайтарып алу дұрыс емес. Түлек Дүниежүзілік банкте немесе Google-де жұмыс істеу үшін қалса, бұнда тұрған не бар?

Қытайға қараңызшы: оларда шетелде білім алуға мүмкіндік беретін көптеген бағдарламалар бар, бірақ Қытай олардың қайтып келуін талап етпейді. Соның нәтижесінде кез-келген ірі корпорацияда, әлемнің кез-келген зертханасында қытайлықтар бар. Бұның Қытайға пайдасы бар ма? Әрине, бар.

Жалпы, мен кез-келген тыйымға қарсымын. Қазақстанға шет елдерде жұмыс істейтін қазақтармен қарым-қатынас жасауды үйрену керек. Сондай-ақ, олардың қызметін үнемі бақылап, байланыста болу және қиын жағдайларда көмектесу – маңызды. Бұл HR менеджменті, бұған ірі шетелдік корпорациялар үлгі бола алады: олар үшін жұмысқа қабылдау – бизнестің іргелі және өте қымбат бөлігі.

– Мысалы, ертең сіз айтқандай он мыңға жуық қазақстандық Францияға барып, оқып, сонда қалып қойса, қалай болады?

– Біздің міндетіміз – 10 000 адам емес, 100 000 адамды оқуға жіберу. Және, әлбетте бізге оңтайлы жағдай жасау үшін жұмыс істеу керек. Себебі қазақстандық жұмыс берушілер ертеңгі күні қажетті кадр келетіне сенімді болу керек, ал шетелдік түлектер өз кезегінде жағдайы бар жерге оралатынына сенімді болуы керек.

Мысалы, біз тек «болашақтықтар» ғана емес, басқа да Қазақстанда және шетелде білім алған барлық мектеп түлектерін, студенттерін, магистранттарын ескеретін бірыңғай интеграциялық деректер базасын құруды бастамақпыз. Бұл ешкімді ескерусіз қалдырмайтын және әрқайсысына өз жолын табуға, яғни өз қалауындағы ЖОО мен жұмыс берушіні табуға көмектесетін жеке даму үдерісін қадағалауға мүмкіндік береді.

– Жаңа өзіңіз айтып отырсыз, шетелдік ректорлар қазақстандық студенттерді асыға күтіп отыр деп. Ал осыған біздің студенттер баруға қаншалықты құлықты??

– Қазақстандықтар оқуға құмар. Шетелдік білімге сұраныс тұрақты түрде өсіп келеді. Мысалы, өткен жылы венгерлік 200 грантқа 227 өтініш түсті, ал биылғы жылы 200 грант үшін біз мың бес жүз өтінім тіркедік.

Мәселе басқада: шетелге білім қуып баратын студенттердің көбісі Алматы мен Астана қалаларынан. Себебі бұл жерде инфрақұрылым жақсы дамыған: шетел тілін оқытатын курстар бар, студенттерді шетелге жіберетін орталықтар да аз емес.

Ал өңірлерде бұл жағдай нашар. Бірақ біз аталған мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Ол үшін біз өңірде орналасқан агенттіктерді бірлесе жұмыс істеуге тартпақшымыз, солардың көмегімен әрбір қазақстандыққа арналған бағдарламалар туралы ақпаратты жеткізуге мүмкіндік жасаймыз. Біз бірге жұмыс істеуге дайынбыз және барлық мүдделі компанияларды серіктестікке шақырамыз.

– Таңдау процедуралары қаншалықты ашық?

– ХБО тек қана құжаттарды қабылдаумен айналысады. Ал гранттарды бөлу үкіметаралық келісімдер бойынша БҒМ тарапынан жүзеге асырылады. Бізбен бірлесіп жұмыс істейтін шетел университеттері гранттарды өздері бөледі. Яғни, ХБО гранттарды бөлуге қатыспайды.

– Шетелде оқығысы келетін студенттер сіздермен қалай байланыса алады?

– ХБО-ның bolashak.gov.kz сайты, Орталықтың Facebook әлеуметтік желісінде ресми парақшасы бар. Орталықтың «ашық желісі» де тұрақты жұмыс істейді. Сондай-ақ, Telegram-да өзіміздің каналымыз бар, онда біз шетелде білім алу туралы маңызды жаңалықтарды жариялап отырамыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Ержан Жаубай
БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.