12-06-24 |
1530 рет қаралған
Әскери борышын өтеп жүрген сарбаз жансақтау бөліміне түсті.
Әскери борышын өтеп жүрген сарбаз жансақтау бөліміне түсті

Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген 19 жастағы қатардағы жауынгер Нұржігіт Әбділпатта жансақтау бөлімінде жатыр. Анасы ұлына “әлімжеттік жасаған” деп санайды. Дәрігерлердің айтуынша, сарбаздың денсаулығы нашар.

Сарбаздың анасы Жанна Жаналина ұлының жағдайы туралы 9 маусымда естіген. Әскери полиция қызметкері түскі сағат 12.00 шамасында хабарласып, “Нұржігіттің ЖРВИ диагнозымен әскердегі медпунктке түскенін” айтқан, деп жазды Азаттық радиосы.

– [Әскери полицей] “уайымдамаңыз, бәрі жақсы” деді. Баламда бәрі дұрыс болса, балам маған хабарлассын дедім. Жексенбі күні балалар ата-аналарына хабарласады. Әскери полицей “жарайды, айтамыз” деді. Түстен соң командирі хабарласып, ұлыңыз жансақтау бөліміне түсті деп айтты. “Есі бар ма?” деп сұрап едім, “ес-түссіз жатыр” деді. Ол – кома ғой, – деді сарбаздың анасы Азаттыққа 10 маусымда.

Жанна Жаналинаның сөзінше, әскери бөлімнен хабарласқанда Нұржігітке “ешкім саусағын тигізбеді, бізде ондай жоқ, камералар тұр” деп айтқан. Сарбазды 8 маусымда Қордайдағы ауруханаға әскерилер алып келген. Дәрігерлердің анасына айтуынша, сарбазға пневмония диагнозы қойылған.

Жаналина “тергеуші маған Нұржігітке әлімжеттік жасаған деп айтты” дейді. Азаттық осы іс бойынша тергеушінің өзіне хабарласты, ол жауап беруден бас тартып, ішкі істер министрлігіне жүгінуді сұрады. ІІМ сұрақтарға әлі жауап бермеді.

Нұржігіт Әбділпатта әскерге биыл мамырда алынған. Ол Шымкенттегі “Авиценна” жоғары медицина колледжінде 1-курста оқып жүрген. Демалыста Қостанайдағы үйіне барғанда әскерге өз еркімен барғысы келетінін айтқан. Анасы “ұлым әскерге сап-сау кетті” дейді. Жанна Жаналина 10 маусымда Қостанайдан Қордайдағы ауруханада жатқан ұлына барған.

– Халі өте нашар деді. Дәрігерлер комада жатыр дейді. Өкпесі, бауыры, бүйрегі…. Бала өзі демала алмайды, аппарат қосылып тұр. Баланың жағдайы қалай болатынын білмеймін. Дәрігерлер “тек Құдайға сыйынып отырыңыздар, қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз” деді. Оқиға туралы бірден айтпады, іс-әрекеттер қабылдамаған. Ешкім жауапкершілік алғысы келмейді, жауап бергісі келмейді, – дейді сарбаздың анасы.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.