30-06-19 |
1510 рет қаралған
«Алғашқы рұқсат етілген» митинг қалай өтті.
«Алғашқы рұқсат етілген» митинг қалай өтті

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында А.Пушкин көшесі мен Ш.Құдайбердіұлы даңғылының қиылысындағы саябақта сағат 11:00-13:00 аралығында «алғашқы рұқсат етілген» митинг өтті. Шеткері ауданда орналасқан шағын саябақта өткен митингке екі жүзге жуық адам жиналды.

Келушілерді үш топқа бөліп қарастыруға болады. Жон арқасына «Пресса» деп жазып алған сары жейделі журналистер мен камера, телефон көтерген бір топ ақпарат таратушылар бар. Екінші топ – форма киген полиция қызметкерлері мен еш нәрсеге қол соғып эмоция білдірмейтін, түсі суық сайдың тасындай ірі денелі, қара футболка киген жас жігіттер. Үшінші топ – белсенді қатысушылар.

КаМАЗ жүк көлігінің тіркемесінің үстіне қойылған микрафонға әр-түрлі әлеуметтік топтарға жататын азаматтар – қоғам белсенділері, студенттер, көп балалы аналар, зейнеткерлер, ауған соғысына қатысушылар – трибунаға шығып, өз ойларын бүкпесіз, ашық айту мүмкіндігіне ие болды. Бір спикердің сөзіне келушілер қошемет білдірсе, бірінің сөзіне дуылдап, қарсылық танытты. Митинг спикерлері көбінесе елдегі саяси жағдайды сөз етіп, жемқорлықты, заң бұзушылықтарды айыптады. Сондай-ақ, Қытай қазақтары мәселесі, Арыс оқиғасы, жердің сатылмауын, АЭС салынбауын және басқа да өзекті мәселелерді айтты.

Митинг кезінде өздерін «көп балалы аналармыз» дейтін оншақты әйел трибунаның арт жағында оқшауланып, бір ер адамды қыспаққа алып, айғай-шу көтерді. Не болғанын білуге барған журналистерге «көп балалы» әйелдер «не снимайте, здесь свои разборки» деп ұрсып, телефон, микрафондарын жұлып, камераларын қолдарынан қағып, түсірмеулерін жекіріп сұрады.

Митинг соңында ұйымдастырушылар резолюция қабылдап, Президентке жолдайтындарын айтып, келушілерге қол қоюларын сұрады. Митингке жиналғандардың қол қоюға айтарлықтай құлшынысы байқалмады.

Митинг жабық деп жариялағаннан кейін, келушілердің көбі тарап кетті. Кейбір белсенді қатысушылар екіге бөлініп, шағын митингке ұқсас өз жиындарын өткізе бастады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.