Еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин e-gov-ты Сбербанк платформасына аудару жоспарына қатысты қазақстандықтардың көкейіндегі жүрген сұрақтарға жауап берді. Ол тікелей эфир барысында республиканың цифрлық саласындағы қазіргі қиындықтар туралы сөз қозғап, мәселелерді жаңа біртұтас платформа көмегімен шешу жолдарын назарға ұсынды.
Бұған дейін Қазақтан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев министрге мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясына кешенді бағдар әзірлеуді тапсырған болатын. Бағдат Мусиннің айтуынша, қолданыстағы платформаға талдау жүргізу барысында Цифрлық Қазақстанның бүгінде әр түрлі технологиялардың көмегімен жасалған 400-ге жуық ақпараттық жүйеден тұратыны анықталды.
Сонымен қатар, жобалар құратын және оларға әрі қарай техникалық қолдау көрсететін шамамен 30-40 команда жүйелерді басқарып отырады. Осы орайда, белгілі бір қиындықтар туындап отыр. Пандемия кезінде министрдің өзі сөз еткен өзекті мәселе бұған мысал бола алады. Нақтырақ айтсақ, 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны төлеу қажет болған кезде, зардап шеккен секторлар мен табысынан айырылғандар туралы деректерді бірден жинау мүмкін еместігі байқалды. Мусиннің пікірінше, бұған жүйеде біртұтастықтың болмауы себеп.
«Неліктен Google, Facebook клиенттің қалауын бірден біліп қойып отырады? Себебі, оларда барлық мәліметтер Data Lake-те өз ретімен қойылған. Тұтынушы профилін құру және оның қажеттіліктерін түсіну үшін сізге 400 ақпараттық жүйеге кірудің қажеті жоқ. Мен 20 жыл бұрын бұл шешімді қабылдау қате болды деп айтпаймын, себебі 2003 жылы электронды үкімет іске қосылғанда ешкім не істеу керектігін білмеді», – деп түсіндірді шенеунік.
Мусин мәселенің туындауына ақпараттық жүйені әзірлеушілердің табысынан айырылып қалудан қорқып, бірыңғай платформаға өтуге қарсылық танытуы себеп болып отырғанына сенімді. Алайда, егер ол жұмысқа икемді архитектура қамтамасыз етілмесе, күмәнді жобаларға миллиардтаған қаржы жұмсала береді деген пікірде.
Бұл жағдайда таңдаудың Сбербанкқа түсуіне дәл осы компанияның Қазақстанға ашық бастапқы кодтарды беруге дайын екендігі негіз болған. Мұндай кодтарды бұған дейін келіссөздер жүргізіліп келген Microsoft та ұсына алмады.
«Біз ҰҚК мен ақпараттық қауіпсіздік бойынша заңнаманың талаптарына сәйкес келетін шешімдерді іздедік. Бұл туралы Меморандумда көрсетілген – бізге қастық ойлаушылардың жүйеге кіріп, деректерімізді теріс пайдалануына мүмкіндік беретін ешқандай «бетбелгілер» жоқ екеніне көз жеткізу үшін ашық бастапқы кодтар қажет», – деді Бағдат Мусин.
Ол сондай-ақ, қазақстандықтардың деректері Ресей аумағында емес, Қазақстанда сақталатынын баса айтты – бұл заңнамада бекітілген. «Ақпараттық қауіпсіздік бойынша барлық қажетті шаралар қабылданатын болады», – деп сендірді министр. Бұл мәселені бақылау ҰҚК-ге жүктеледі. Сонымен қатар, ресейлік мамандарға тек техникалық қолдау қажет болған жағдайда және мемлекеттік қызметшілердің міндетті қадағалауымен тікелей кіруге болады.
Ынтымақтастықтың барлық тұстарын анықтайтын келісім келесі жылдың наурыз-сәуір айларында жасалады. Қазіргі уақытта жобаның құны келісілуде. Айтпақшы, Бағдат Мусин платформаға 5 миллиард доллар бөлінді деген қоғамда тараған қауесетті жоққа шығарды. Министрдің айтуынша, мұндай сома туралы әңгіме қозғалған емес – бес жылға есептелген қажетті қаражат шамамен 500 миллион теңгені құрайды. Алайда, бұл мәселе экономикалық зерттеу жүргізгенде және қазақстандық IT-ландшафтыны саралау аяқталғанда нақтыланатын болады.
Сондай-ақ, Цифрлық даму министрі отандық ІТ-мамандар табыссыз қалмайтынын мәлімдеді – олар платформада жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады, сонымен қатар жас мамандар да жұмысқа тартылмақ.
«Біз жас IT-мамандардың да жұмыс тапқанын қалаймыз. Сапалы ақпараттық жүйелер құру жұмысын атқарғандар бұл модельдерді платформаға дұрыс тасымалдауды қаматмасыз ететін болады. Біздің ұсыныс – 400 ақпараттық жүйеге біртұтас платформалық шешім ұсыну үшін барлық жағдайға көңіл бөлу», – деді Бағдат Мусин.
Мұндай ашықтық президент қойған тағы бір міндетті орындап, бес жылда 100 мың маман даярлауға мүмкіндік береді.
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024