21-02-23 |
3860 рет қаралған
Саяси жүйедегі сабақтастық: Партия пайдасын тигізуде.
Саяси жүйедегі сабақтастық: Партия пайдасын тигізуде

Елімізде соңғы жылдары партиялық жүйелер жақсы дамып, жаңа сатыға көтерілгені көпке мәлім. Қазір бұрынғыдай емес, партиялар қатары көбейіп, ел саяси белсенділік таныта бастады. Әлі де артары анық. Осыдан 3 жыл бұрын «Саяси партиялар туралы» заңына енгізілген түзетулер партия құру ісін анағұрлым жеңілдетіп, республикадағы демократиялық процеске серпін берді. Оның жемісін халық көре бастамақ.

Жеңілдеген жолдың жақсылығы

Сонымен, ілгерілеу мен өзгерістерге жол ашқан заңға тоқталайық. 2020 жылы 25 мамырда қабылданып, «Саяси партиялар туралы» заңына енген өзгеріс пен толықтырулар саяси бәсекеге қабілеттілердің мүмкіндігін көбейтті. Сөйтіп, Қазақстанда жаңа партияны мемлекеттiк тiркеу үшiн оның құрамында 20 мың адам жеткілікті болды. Бұрын жаңа партияның ұстанымын қолдайтын ең кемі 40 мың адамды біріктіру талап етілетін. Бұл ретте партияның әрбір облыста, республикалық маңызы бар қалаларда – үш мегаполисте құрылымдық бөлiмшелерi, яғни, филиалдары мен өкiлдiктерi ашылуы шарт еді. Осы талаптарды өзгерту арқылы еліміз жаңа кезеңге дайын екендігін көрсетті. Бұған қоса, саяси партиядан Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсыну ережесі де өзгерді. «Саяси партия Парламент Мәжілісі, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін бекіткен кезде оларға кандидаттардың жалпы санының кемінде 30 пайызы көлемінде, әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдарды енгізеді». Бұл партиялардың өз аудиториясын кеңейтуіне, өз бағдарламасын әйелдер мен жастар проблемасына бағдарлауына ықпал ететіні даусыз. Сол кездерде осы жаңалықтан кейін партия тіркетуге 9 өтініш түскені есімізде. Іріктеуге лайық болғандары, саясаттың қайнаған ортасына жол тартты.

Бұған қоса, саяси партиялар әкімдер сайлауына өз кандидаттарын ұсына алатын мүмкіндікке ие болғанын айтпай кетуге болмайды. Бұл тіркелген саяси партиялардың тек Мәжіліс сайлауына орай бес жылда бір болатын жалғыз электоралды кезеңмен шектелмеуіне, өзге де саяси шараға қатысып, үнемі белсенді қалпын сақтауына түрткі болмағы сөзсіз.

Көп күттірмеген нәтиже

Жоғарыда аталған заңның қабылданғанына көп болмаса да жақсы нәтижелер беріп жатқанын аңғару қиын емес. Мысалы, 2020 жылы 10 қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының және барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезекті сайлауына 5 партия қатысса, биыл өткелі тұрғанда сайлауға 7 партия ат салысуда. Олар: Amanat партиясы, «Ақ Жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, Қазақстан Халық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия», «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы және Respublica партиясы. Аталғандардың соңғы екеуін «жас партиялар» деп атасақ болады. Соған қарамастан реформаларды, өзгерістерді, түрлі саладағы дамуларды көздейді, жаңашылдыққа құмар. Демек, саяси элитаның бәсекесі маңызын сездіре бастады. Саяси ғылымдар докторы Бауырдан Досжанов мұндай бәсеке әлеуметтік өтініш-тілегін жоғарыға жеткізіп, шешілуіне ықпал ететінін айтады.

«Елімізде партиялық құрылыс елдің дамуында, тәуелсіздікті нығайту ісінде елеулі түрде оң рөл атқаруда. Шындап келсек, елімізде саяси элиталар арасында дамыған бәсекелестіктің жоғын байқайтынбыз. Мемлекет көппартиялы жүйені дамыту бағытында оңды қадам жасай бергені жөн. Осы арқылы саяси плюрализм өркен жаяды, қоғамдағы барлық әлеуметтік топтың мүддесі мен пікірі кеңінен ескеріледі», – дейді ол.

Айтпақшы, еліміз қолға алған істер дамыған елдердің тәжірибесінен алынған. Ол бойынша, болашақта партия құру жолындағы барлық кедергілер, әсіресе, мүшелер санына белгіленген лимит жойылуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, дамыған елдің бір нышаны – саяси қызмет саласындағы сөз пен қимыл еркіндігі, көзқарастың әралуан болуы. Партия көп болса, пікір мен көзқарас та болады, әрқайсысын саралап, жақсысын таңдауға мүмкіндік бар. Осыған байланысты мемлекет кез келген саяси көзқарасты еркін насихаттауға, азаматтарға кез келген қауымдастық пен бірлестікті құруға мүмкіндік жасау қажет екенін ұғынды. Бірақ ол көзқарастар мен бірлестіктер азаматтардың денсаулығы, өмірі мен қауіпсіздігіне, ұлттық құндылықтарға нұқсан келтірмеуі, зорлық-зомбылық әрекеттерге соқтырмауы, елдің конституциялық құрылымы мен тәртібін күшпен өзгертуге бағдарланбауы керек. Яғни, ықпалына қарамастан халықтан биік болмайды.

Қорыта айтар болсақ, партиялар көбейген сайын, халықтың мұңын жоқтайтын шынайы жанашырлар саяси бәсекеде өзін көрсете алады. Соның арқасында қоғамның түйткілді мәселелері біртіндеп шешіле бермек. Жаңа өзгерістердің бәрінен күтетін игі іс көп. Мемлекет заңды тіркелген партияларды алдағы сайлауға қатысуға ынталандыруда. Сондай-ақ, елдегі саяси бәсекенің дамуына толассыз септігін тигізуді. Бұл бастама мемлекеттік саясатты жүргізу үшін халықтың пікірін неғұрлым көбірек қамтып, ескеріп отыруға бағыт сілтейтіні анық.

Мадияр Төлеу

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.