23-02-24 |
8660 рет қаралған
Алматыдағы балабақшада баланы топпен ұру дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Алматыдағы балабақшада баланы топпен ұру дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Әлеуметтік желіде балабақшада бір топ баланың бір баланы соққыға жыққан видеосы тарады. ПД аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Оқиға қаладағы «Ясли-сад №51» бөбекжайында бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Зардап шеккен баланың ата-анасының айтуынша, жантүршігерлік оқиға 21 ақпанда болған.

«Ұлымызды ұрып-соғу шамамен бес минутқа созылған. Балалар ол кезде тәрбиешінің қарауынсыз қалған. Ұлым қазір миы шайқалып ауруханада жатыр. Балалардың қатыгездігіне шек жоқ. Оларға ата-анасы осындай тәрбие берді ме? Ал тәрбиеші балаңыз өзін-өзі ұрған деп айтты», – деді зардап шеккен баланың ата-анасы.

Алынған түсіндірме хатқа сәйкес, тәрбиеші бұл уақытта балаларға түскі ас алып келу үшін шығып кеткен. Сол себепті, балалардың тәртібін қадағалай алмаған.

«Балабақша әкімшілігінің бұйрығымен тәрбиеші қатаң сөгіс алды. Сонымен қатар балабақша меңгерушісіне де тәртіптік жаза қолданылды», – деп хабарлады Алматы қалалық білім басқармасынан.

Дегенмен, Полиция департаменті аталған жайтқа байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Балабақша қызметкерлері мен ата-аналардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», – дейді ПД.

https://www.instagram.com/reel/C3sCactNAX9/?igsh=MTh6dnRvaXByZGVncA%3D%3D
БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.