Көзі ашық, көңілі сергек, журналистік этика мен ұлттық таным шегін білетін адамның бір ауыз пікірі – талай дабырадан әлдеқайда салмақты.
Үндемей қала алмадым.
Айналайын, Әлия қызым, Абай музейінен жасаған видеоңыз қоғамда орынды наразылық тудырды.
Сіздің шығармалық ізденістеріңіз бен еңбектеріңізді жоққа шығарайын деген ойым жоқ. Бірақ өмір көрген әріптес ретінде бір ескерту айтсам, айыпқа бұйырмассыз деп ойлаймын.
Сөз де, эмоция да, күлкі де – бәрі өз орнында көркем. Бірақ бұл жолы сіз орнымен емес, орынсыз күлкіге барғансыз. Қазақтың рухани көсемі – Абайдың шаңырағы саналатын қасиетті орынға барып, Ділда мен Абайдың жатын бөлмесін жеңіл желпі сөзге, жұртты күлдіруге құрал етіп жіберу – жеңілтектік қана емес, шектен шығу.
«Бұл – жай әзіл, аудиториямен жұмыс» деген уәж – бәрін ақтай алмайды. Сахна – бір басқа, қасиетті орын – бір басқа. Абай – бір адамның ғана емес, бір ұлттың рухани тірегі. Ал оның үйі – музейі – елдің жадындағы шырақ. Ол шыраққа тік қарап, шоқпен ойнауға болмайды.
Қателік жасадыңыз ба? Бәріміз де адамбыз – қателесеміз. Бірақ қателікті түсіну – кісілік. Қарапайым кешірім сұрау – әлсіздік емес, керісінше, ішкі мәдениеттің өлшемі. Өкінішке қарай, сіз бұлай етпедіңіз. Демек, бұл бейнежазба – қаралым қуған, әдейі жасалған әрекет деген ойды жоққа шығара алмаймыз.
Ең сорақысы – сіздің әрекетіңізді жақтап, сізге қарсы пікір айтқандарды "кертартпа", "ескіліктің өкілі" етіп көрсетуге тырысып жатқан жастар бар.
Осы орайда сондай жастарға да айтқым келгені: әзілді - ақылдың, өнерді ұлттық қадірдің шегінен асырмау керек екенін ұмытпасақ екен.
Қазақта "өлгеннің артынан сөз айтпа" деген бар. Қасиетті адам туралы жеңіл әзілмен сөйлеу – күлкілі емес, қорлық. Ертең дәл осындай әдіспен сіздің де өміріңізді біреу әзілге айналдырып жіберсе, не дер едіңіз?..
Бүгінгі желі – ертеңгі тарих. Сол тарихта есіміміз қандай тіркеспен қатар жүрерін ойлалық.
Бетімізге шіркеу болар әрекеттен аулақ болайық, Әлия!
Кешірім сұрасаңыз, кешіріммен қарайтын елміз.
Гүлмәрия Барманбекова, тележурналист