Logo
Іздеу
Айдарлар

Ұлттық банк теңге бағамына қатысты пікір білдірді

/
Ұлттық банк теңге бағамына қатысты пікір білдірді
фото: pixabay.com

Ұлттық банк LS басылымына теңге бағамының қазіргі жағдайына түсініктеме берді.

Айта кету керек, соңғы күндері ұлттық валютаның құбылмалылығы артып отыр. Апта басынан бері теңге 2,3%-ға әлсіреп, АҚШ долларына шаққанда 530 теңге межесінен асты.

Валюталық нарықта шетел валютасына деген тұрақты сұраныс сақталуда. Бұл маусымдық факторлардың әсерімен байланысты. Жылдың екінші жартысында бюджет қаражатын белсенді игеру, импорттық төлемдердің және шетелге шығатын туризмнің артуы дәстүрлі түрде шетел валютасына сұранысты арттырады. Маусым айынан бастап импорт көлемі жыл басындағы орташа айлық көлемнен 25%-ға жоғары. Осындай үрдіс валюталық биржада да байқалады: бұл кезеңдегі орташа сауда көлемі шамамен 22%-ға көп, – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

Сонымен қатар, шетел валютасының ұсынысы төмендегені байқалады, әсіресе квазимемлекеттік сектор тарапынан. Бұл кей кезеңдерде валюталық нарықта өтімділіктің азаюына, сәйкесінше, доллар бағамының өсуіне себеп болып отыр.

Ұлттық банк сыртқы ахуалдың жалпы алғанда қолайлы екенін де атап өтті. Мұнай бағасы шамамен 70 доллар деңгейінде сақталып отыр, АҚШ доллары индексі төмендеуде, ал инвесторлардың тәуекелді активтерге деген қызығушылығы жалғасуда.

Соңғы күндердегі бағам ауытқулары экономикалық негіздермен толық түсіндірілмейді. Қазіргі әлсіреу негізсіз деп санаймыз және нарықтағы түзету ықтималдығын жоққа шығармаймыз – мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан валюта сатып алуға қатысты шешімдерді асықпай, салмақты түрде қабылдаған дұрыс. Өйткені ықтимал түзету кезінде шығынға ұшырау қаупі бар, – деді Молдабекова.

Ұлттық банк сонымен қатар кей сарапшылардың үкіметтің доллар бағамы 540 теңге болады деген мәлімдемесіне қатысты пікірін де түсіндірді.

Мұнда нақты түсіну керек: бұл – мұнай бағасы 60 доллар деңгейінде болған жағдайда 2026 жылға арналған республикалық бюджеттің базалық сценарийінде пайдаланылатын техникалық есептік параметр ғана. Бұл Үкіметтің бюджет жоспарлауындағы сақтық көзқарасын көрсетеді. Қазір, өздеріңіз білетіндей, мұнай бағасы шамамен 70 доллар, – деп түсіндірді Молдабекова.

Келесі жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы әлі әзірлену үстінде, сондықтан ондағы көрсеткіштер бекітілмеген. Ол бюджет үшін мақсатты айырбас бағамы емес, ал оны солай түсінетіндер қателеседі, дейді Ұлттық банк.

Біз нарықтың бұл жағдайды өз бетінше түзете алатынына сенеміз. Нарық қатысушылары теңгенің қазіргі әлсіреуінің артында нақты негіздер жоқ екенін өздері де жақсы түсінеді. Бұрын айтылғандай, нарықта түзету болып, бағамның бұрынғы деңгейге жақындауы әбден мүмкін. Ал дүрбелеңге бой алдырғандар шығынға ұшырауы ықтимал, – делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Реттеуші қазіргі таңда экономика мен инвестициялардың тұрақты өсіп жатқанын, мұнай бағасының 70 доллар шамасында екенін, сыртқы ахуалдың тұрақтылық белгілерін көрсетіп отырғанын және ешқандай сыртқы күйзелістер жоқ екенін атап өтті.

Осындай жағдайда Ұлттық банк валюта нарығына араласқан жоқ және интервенциялар арқылы бағамға әсер ету қажет деп санамайды, – деп мәлімдеді төраға орынбасары.

Сонымен қатар Ұлттық банк нарыққа тек Ұлттық қордан бюджетке трансферт шеңберінде шетел валютасын сату және аффинирленген алтынды сатып алу бойынша айналымдарды «айна» әдісімен жүзеге асыру арқылы ғана қатысып отыр.

Жалпы, Ұлттық банк валюта бағамына тек ерекше жағдайларда ғана араласады. Соңғы рет интервенциялар өткен жылдың желтоқсан айында жүргізілді – ол кезде айырбас бағамының күрт ауытқуына жол бермеу үшін араласуға тура келген. Ол жағдай Ресейге қарсы санкциялардың күшеюімен, доллардың жаһандық нығаюымен және шикізат нарығындағы бағаның төмендеуімен байланысты болған.

Біз Үкіметпен бірге квазимемлекеттік сектордың валюталық операцияларын үйлестіруді жалғастырып жатырмыз. Бұл шетел валютасының қосымша көлемін қамтамасыз ету үшін қажет. Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайды мұқият бақылауда ұстайды және егер айтарлықтай құбылмалылық пен өтімділіктің жетіспеушілігі орын алса, интервенциялар жүргізу құқығын өзінде қалдырады, – деп түйіндеді Әлия Молдабекова.