Бүгінгі ғылымның басты мақсаты – күрделі жаңалық ашу ғана емес, сол жаңалықты адамның күнделікті өміріне пайдасы тиетін нақты шешімге айналдыру. Қазақстанда дәл осындай бағытта жұмыс істеп жүрген жас зерттеушілер көбейіп келеді. Бұл – отандық ғылымның жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсететін мысалдардың бірі.
Соңғы жылдары университет зертханаларында дүниеге келген жобалардың арасында әлеуметтік маңызы жоғары бастамалар көбейді. Солардың бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Мейір Срайыл әзірлеген roboHAND жобасы. Адамның бұлшықет сигналдары арқылы басқарылатын роботтандырылған қол алғаш қарағанда инженерлік жоба болып көрінгенімен, оның түпкі мақсаты әлдеқайда ауқымды.
– Бұл жобаны бастағандағы негізгі ойымыз – мүмкіндігі шектеулі жандарға шынайы көмек көрсету еді. Бүгінде бионикалық протездердің бағасы өте қымбат болғандықтан, көп адам оны сатып ала алмайды. Сондықтан қолжетімді әрі тиімді балама жасауға күш салып жатырмыз. Егер мұндай технология кеңінен өндірілсе, көптеген адамның өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, – дейді жоба авторы Мейір Срайыл.
Жобаның жұмыс істеу қағидаты адамның табиғи қимылына негізделген. Қол бұлшықеттері қозғалған кезде пайда болатын электрлік импульстер арнайы EMG-сенсор арқылы тіркеледі. Кейін бұл ақпарат микроконтроллерге жіберіліп, құрылғының саусақтарын қозғалысқа келтіретін сервожетектерге беріледі. Нәтижесінде роботтандырылған қол адамның бұлшықет әрекетіне жауап қайтарады.
– Біз тек қолдың қозғалуын ғана емес, адамның әртүрлі қимылын мүмкіндігінше дәл танитын жүйе жасағымыз келеді. Ол үшін басқару алгоритмдерін жетілдіріп, құрылғының салмағын азайту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Болашақта бұл технология медициналық протез ғана емес, оңалту құралдарының да біріне айналады деп сенеміз, – дейді жас өнертапқыш.
Жобаның әлеуеті медицинамен ғана шектелмейді. Роботтандырылған қолды реабилитация орталықтарында қозғалыс қабілетін қалпына келтіруге арналған жаттықтырғыш ретінде қолдануға болады. Сонымен бірге инженерлік мамандықтарда білім алатын студенттер үшін бұл робототехника, электроника және биомеханика салаларын тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік беретін тиімді оқу құралына айналмақ.
Қазақстандық ғылымдағы мұндай жобалар технологияның адам өміріне қызмет етуі тиіс екенін көрсетеді. Ал дәл осы ұстаным басқа ғылыми бағыттарда да байқалады. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымы Ерғазы Шыбырай табиғаттың өзінде бар емдік мүмкіндіктерді ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге кірісті. Оның зерттеуі нәтижесінде бұрыннан халық медицинасында қолданылып келген екпе шытырмағы өсімдігінің құрамы алғаш рет терең талданып, ғылымға белгісіз жаңа табиғи қосылыстар анықталды.
Ғылымның күші – табиғаттың құпиясын ашуда
Жас зерттеуші бірнеше жыл бойы орамжапырақ тұқымдасына жататын екпе шытырмағы (Lepidium sativum) өсімдігінің химиялық құрамын жан-жақты зерттеді. Бұл өсімдік Қытай, Үндістан, Еуропа және Африка елдерінің халық медицинасында бұрыннан қолданылып келеді. Алайда оның құрамындағы биобелсенді заттардың нақты қасиеттері ғылыми деңгейде толық сипатталмаған болатын.
Қазақстандық ғалым осы бағыттағы зерттеулерді жаңа деңгейге көтерді. Зерттеу барысында өсімдіктен елуге жуық химиялық қосылыс бөлініп алынып, олардың құрылымы мен биологиялық белсенділігі анықталды. Ең маңызды нәтиже – ғылымда бұрын кездеспеген 17 жаңа табиғи молекуланың табылуы.
– Біз халық медицинасында белгілі өсімдіктің емдік қасиетін жай ғана қайталауды мақсат еткен жоқпыз. Міндетіміз – оның құрамындағы нақты қандай заттардың адам ағзасына әсер ететінін анықтау болды. Зерттеу барысында бұрын ғылымға белгісіз жаңа қосылыстар табылды. Бұл табиғи дәрілік заттарды әзірлеуге негіз болатын маңызды нәтиже деп есептеймін. Мұндай жаңалықтар отандық ғылымның халықаралық деңгейдегі әлеуетін де көрсетеді, – дейді Ерғазы Шыбырай.
Жас ғалымның айтуынша, табиғи өсімдіктерді зерттеу тек медицина үшін емес, ел экономикасы үшін де маңызды бағыттардың бірі. Қазақстанның флорасында дәрілік қасиеті жоғары өсімдіктер аз емес. Егер олар ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттелсе, болашақта отандық фармацевтика өндірісіне негіз бола алады.
– Қазақстан табиғи ресурстарға бай мемлекет. Біз көбіне өсімдіктерді табиғаттың бір бөлігі ретінде ғана қабылдаймыз. Ал олардың құрамында болашақ дәрілердің негізі болуы мүмкін жүздеген табиғи қосылыстар бар. Сондықтан ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Сонда ғана зертханалардағы жаңалықтар нақты өнімге айналады, – дейді Ерғазы Шыбырай.
Жас ғалымға не қажет?
Қазақстан ғылымы бүгінде жаңа буын зерттеушілерінің есебінен қарқын алып келеді. Соңғы жылдары жас ғалымдарға арналған гранттар көбейіп, халықаралық тағылымдамаларға жол ашылды. Соның арқасында шетелдің жетекші ғылыми орталықтарында білім алған мамандар елге оралып, жинаған тәжірибесін отандық ғылымның дамуына жұмсай бастады. Дегенмен ғылымды тұрақты дамыту үшін тек талант жеткіліксіз. Зерттеушіге заман талабына сай зертхана, сапалы құрал-жабдық және ұзақ мерзімді қолдау қажет.
Ерғазы Шыбырайдың айтуынша, ғылымдағы ең үлкен қиындықтардың бірі – ғылыми инфрақұрылымның жеткіліксіздігі. Кейбір күрделі зерттеулерді жүргізуге қажетті құрылғылар Қазақстанда әлі де аз. Соның салдарынан зерттеушілер кейде тәжірибені бірнеше рет қайталауға немесе шетелдік зертханалардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болады.
– Ғалымның уақытын қағазбастылық емес, зерттеу алуы керек. Егер зертханалар қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілсе, көптеген нәтижеге әлдеқайда қысқа мерзімде жетуге болады. Соңғы жылдары мемлекет ғылымға көңіл бөліп келеді, бірақ ғылыми инфрақұрылымды одан әрі дамыту өте маңызды. Себебі заманауи ғылым дәлдікке негізделеді, ал дәлдікті қамтамасыз ететін – сапалы зертханалық база, – дейді Ерғазы Шыбырай.
Сондықтан жас ғалымдарға арналған бағдарламаларды жетілдіру, докторантура мерзімін ғылыми зерттеуге ыңғайлау және ғылыми шәкіртақы көлемін арттыру – уақыт талабы. Бұл тек жеке зерттеушілер үшін емес, тұтас ғылыми жүйенің дамуына әсер ететін маңызды қадамдар.