08-05-18 |
3570 рет қаралған
Баласын өлімге қиғандар қандай жазаға да лайық.
Баласын өлімге қиғандар қандай жазаға да лайық

Қазақтың өзгелерден ерекшелейтін бауырмал, балажан деген анықтауыштар сөздік қорымыздан жоғалып бара жатқандай. Бұған соңғы кездері құлағымызға жиі ілінетін жантүршігерлік оқиғалар себеп. Ең сорақасы, «жаңа туған баласын қоқыс жәшігіне тастап кетті», «баласын азаптап өлтірді», «анасына пышақ салды», «әкесін айуандықпен өлтірді» деген ақпараттарға етіміздің үйреніп кеткені. Әсіресе, өзінің ішінен шыққан баласын өз қолымен өлтірген аналар туралы хабарлар газет беті мен эфир уақытын босатпайтын болды. Ана өз баласын өлімге қалай қиды? Патологиялық қатыгездік қазақ қоғамына қайдан келді? Тасбауыр әке мен безбүйрек ана­лар­дың көбею себебін іздер болсақ, мәсе­ленің бір ұшы елімізде психология ғылымының кенже дамуына келіп тіре­леді.

1845 жылы Ресей заңдарында жаңа туған баласының жанын алған безбүйрек аналардың психикалық жағдайын зерттеу, күдіктіге жаза тағайындау кезінде оның психикалық жағдайына байланысты жеңілдіктер жасау қарастырылды. 1980 жылдары Еуропаның көптеген елдерінде психикалық ауытқушылығы салдарынан баласына қол жұмсаған аналардың жазасы жеңілдетіле бастаған.

Еліміздің кейбір психологтары босанған аналар қыл­мысқа уақытша психикалық ауытқу­шылықтың әсерінен баруы мүмкін. Өз шаранасын өлтірген әйелдер сол сәтте аффектілік күйде болады, яғни өз әрекеттеріне есеп бере алмайды. «Кез-келген жүкті әйелдің бойында көңіл күй өзгерісінің болуы қалыпты жағдай. Ал кейбір әйелдер бала туғаннан кейін жан күйзелісін бастан кешуі мүмкін. Оның себебі, болашақ анаға босанғанға дейінгі ішкі және сыртқы факторлардың қаншалықты деңгейде ықпал етуіне байланысты. Әрбір жүкті әйел психоэмоционалды күйін үнемі бақылауда ұстап және дер кезінде қажетті маманнан кеңес алып отырса, бұндай жағдайлардың алдын алған болар едік», – дейді. Психологтардың сөзінің жаны бар, біздің қоғамда психологқа жүгінуді ұят санайтын, маманның қабылдауына жіберсе, кеміту, қорлау деп ұғатындар жетерлік. Тәніміз ауырғанда дәрігердің көмегіне қаншалықты жүгінсек, жа­нымыз ауырғанда да маманның көмегіне соншалықты зәру екенімізді ескере бермейміз.

Батыс психологтары анасының біршама жасқа келген баласын өлтіруін әлеуметтік түйткілдермен байланыстырады. Жалпы психологияда ананың баласын жек көруінің төрт себебі көрсетіледі. Біріншісі – әйелдің күйеуін жек көруі. Яғни күйеуіне іші жылымайтын әйел өшін баладан алуы мүмкін. Мәселен, өткен жылы Тараз қаласының 26 жасар тұрғыны бес және бір жарым жастағы екі баласын жастықпен тұншықтырып өлтірген болатын. Бауыр еті балаларын өлімге қиған ана мұндай қатыгездікке «күйеуіммен жанжалдасқан соң бардым» деп түсініктеме берген. Көршілері де ерлі-зайыптының арасында жиі түсініспеушілік болатынын растапты.

Ананың өз баласын жек көруіне түрткі болатын екінші себебін әйелдің ішімдікке жақын болуымен байланыстырған жөн. Ащы суға салынған ананың жайы белгілі, ал егер күйеуі де маскүнем болса, жүйкесін ішімдік жұқартқан ата-ананың баланы жазым етуі жиі кездесетін жайт. Психологтардың айтуынша, баланы жек көретіндердің қатарында әлі жастық буы басылмаған, желігі тарқамаған тым жас аналармен қатар өзін қатты жақсы көретін, әлем бір өзіне ғана қызмет етуге тиіс деп ойлайтын өзімшіл әйелдер де бар. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Татьяна Лапаногованы көршілері осындай адамдардың қатарына жатқызады. Қаныпезер ана екі баласын бірдей пышақтап тастаған. 5 және 12-жастағы бүлдіршіндер өз үйінде қанға бөкті. Адам сенбейтін қылмысқа барған жас ананың қолынан кенже ұлы оқиға орнында көз жұмған. Ал, жарақат алған соң сыртқа қашып шыққан үлкен ұлы көршілерінің арқасында аман қалды.

Мейірсіз анаға заң неге мейірімді? Бауыр еті баласын өлімге қиятын аналар көбейіп кеткендіктен Қазақстан Респуб­ликасының Қылмыстық кодек­сіне «Жаңа туған баланы анасының өлті­руі» деп аталатын 100-бап ен­гізіл­ген болатын. Бұл бап бойынша, «анасының өзінің жаңа туған баласын туып жатқан кезінде, сол сияқ­ты одан кейінгі кезеңде психикасын күйзелтетін ахуал болған  жағдайларда немесе есінің дұрыс­тығын жоққа шығармайтын психикасы бұзылуы жағдайында өлтіруі – төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостан­дығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазала­нады».

Адам  өлтіру ұғымы басқа адамды құқыққа қарсы қасақана, абайсызда қазаға ұшырату дегенді  білдіреді. Оның өзі ашық  адам  өлтіру; жасырын,  құпия  адам  өлтіру деп екіге бөлінеді. Ашық өлтіру кезінде қылмыскер өзінің күнәсін туыстарынан, жақындарынан, таныстарынан жасыруға әрекет етпейді. Нәтижесінде кінәлі адам оқиға болған жерде ұсталады немесе ізін суытпай қолға түседі, қылмыс жасаушының өз еркімен кінәсін мойындап келетін жағдайлары да бар. Соның ішінде анасының жаңа туған баласын туған кезде бірден немесе туғаннан кейін өлтіруін онша қауіпті емес қылмыс түріне жатқызу даулы мәселе. Кейбір авторлар бұл мәселені оң шешуге ешқандай негіз жоқ десе, басқалары анасының жаңа туған нәрестесін өлтіруін адам өлтірудің дербес құрамынан бөліп қарау керек деген пікірде. Жаңа заңнамаларға сай, бұл таласты мәселе де өз шешімін тапты.

Қылмыстық кодексте анасының жаңа туған баласын өлтіруіне басқа адам өлтіру қылмыстарына қарағанда онша қатал жаза берілген. Заңда бұл қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағының орындалуының үш оқиғасы көрсетілген: баланы босану кезінде өлтіру немесе босанғаннан кейін бірден қол жұмсау. Бұл жерде қылмыс жасаған кездегі әйелдің психикалық жағдайына терең мән беру керек.

Заңнамаларға сүйене отырып байқағанымыз, жаңа туған сәбиді зорлықпен өлтірудің барлығы адам өлтіруге жатпайды. Өйткені, сәби босану кезінде кіндігіне оралып, тұншығып өлуі, анасының жатырында тұншығуы мүмкін, анасымен байланысының мерзімінен бұрын үзілуі өлімге алып келуі мүмкін. Жаза тағайындағанда мұның барлығы таразы басына салынады.

Н.СЕМБЕКОВА,

Астана қаласы Алматы аудандық

сотының бас маманы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.