Сенбі, 1 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан, Канададан және Мексикадан АҚШ-қа импортталатын тауарларға, сондай-ақ канадалық энергия ресурстарына тарифтер енгізу туралы жариялады.
Тарифтер мөлшері 10-25 % аралығында. Трамп бұл шаралар үш елді «АҚШ-қа улы есірткі ағымын тоқтату туралы уәделерін орындауға шақыру үшін қажет» деп мәлімдеді, деп жазады BBC орыс қызметі.
Канада премьер-министрі Джастин Трюдо америкалық тауарларға 155 миллиард доллар көлемінде әсер ететін 25 % мөлшеріндегі ауқымды жауаптық тарифтер енгізетінін жариялады. Ол сондай-ақ АҚШ пен Канада арасындағы шекараны «әлемдегі ең сенімді әрі қауіпсіз шекаралардың бірі» деп атады.
«АҚШ-қа келетін фентанилдің 1 %-дан азы Канададан келеді. АҚШ-қа келетін заңсыз мигранттардың 1 %-дан азы Канададан өтеді. Канадаға қарсы сауда шаралары — өмірді сақтап қалу үшін бірлесіп жұмыс істеудің ең жақсы жолы емес», — деді Трюдо.
Мексика президенті Клаудия Шейнбаум жауап ретінде тарифтік және тарифтік емес шаралар енгізетінін уәде етті, бірақ әзірге нақты мәлімет бермеді. Күтілуінше, бұл шаралар америкалық тауарларға 25 % мөлшеріндегі жауаптық баж салығын қамтиды.
Шейнбаум Трамптың мексикалық үкіметті «есірткі картельдерімен қабылдауға болмайтын одақта» деп айыптауын Мексикаға қарсы жала деп атады.
Қытай Трамптың мәлімдемесі Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) ережелерін айтарлықтай бұзады деп мәлімдеді.
«Қытай бұған қатты наразы және батыл түрде қарсы», — делінген Қытай Халық Республикасы Сауда министрлігінің мәлімдемесінде.
Мәлімдемеде Қытай АҚШ-ты «заңсыз әрекеттері» үшін ДСҰ-ға шағымданатыны және өз құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін қарсы шаралар қабылдайтыны айтылған.
Трамп сенбіде бұл шаралар заңсыз көші-қон мен есірткі контрабандасымен, әсіресе Қытайдан келетін синтетикалық фентанилмен күреске байланысты екенін айтты.
Сонымен қатар, президент Мексика мен Канададан мұнай жеткізуге тарифтер енгізу туралы түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын нақтылады. Бұл шешім мұнай бағасының жағдайына және осы елдердің АҚШ-пен болашақтағы ынтымақтастығына байланысты болады.
-
02.02.2025
-
02.02.2025
-
01.02.2025
-
01.02.2025
-
01.02.2025
-
01.02.2025
-
01.02.2025
-
31.01.2025
-
31.01.2025