18-06-18 |
3900 рет қаралған
Әлімжеттік көрген әйелдің қалай әрекет еткені жөн?.
Әлімжеттік көрген әйелдің қалай әрекет еткені жөн?

Әлемде жыл сайын орта есеппен алғанда әйелдердің 30 пайызы тұрмыста түрлі зорлық-зомбылық көреді. Көрші елдерде де бұл жағдай мәз емес. Мәселен, Ресей Ішкі істер министрлігінің мәліметтері бойынша, ондағы ауыр қылмыстардың 40 пайызы әйелдерге қатысты жасалады. Қазақстандағы ахуал да ауыз толтырып айтарлықтай дей алмаймыз. БҰҰ өкілдігі мен үкіметтік емес ұйым мамандары Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болып жүрген әйелдер санының көп екендігін айтады.

Еліміздің отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы да былтыр 14 мыңға жуық әйелге күш қолданылғаны жөнінде мәлімет таратқан. Соңғы екі жылдың өзінде осындай деректер бойынша 40 мыңға жуық адамға ескерту жасалып, 50 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Мұндай құқықбұзушылыққа барғандарға заң бойынша 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, 10 тәулікке дейін қамауға алу шарасы қарастырылған. Оған қоса Ішкі істер министрлігінде әйелдерге араша түсетін арнайы бөлімшелер құрылған және бүгінде республика бойынша әйелдерге заңдық-психологиялық тұрғыда көмек беретін 20 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Бірақ, түрлі әлеуметтік ортадан шыққан әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жасауға қауқарсыз.

Тұрмыста жәбір көретін нәзік жандыларға араша түсуге кейде заңның да күші жетпей жатады және оларға жасалатын зорлық-зомбылықтың тыйылмай тұрғаны да сондықтан болса керек.

1998 жылы еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының конвенциясына қосылғаннан кейін республика бойынша ішкі істер органдарында 1999 жылдың ақпанынан бастап Ішкі істер департаменттерінің жанынан әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелер ашылды. Ірі қалалар мен облыс орталықтарында ғана емес, сондай-ақ аудандарда да бір-бір инспектордан бекітілген. Осы мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп, одан шығар жол таппай қиналып жүрген жандарға көмек көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен елімізде 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы бекітілген болатын. Аталмыш құжаттың 6-бабында зорлық-зомбылыққа жол бермеу мақсаты қойылған. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық кешегі Кеңес Одағынан бері келе жатқан үлкен мәселе. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл бір жүйеге келтіріліп, 2009 жылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» №214 заң қабылданды. Осы заңның 26-бабында мәселенің барлығы қамтылған және онда ұрып-соғу, күш көрсету, сексуалдық зорлық-зомбылық жасау, экономикалық тұрғыдан қысым көрсету секілді және де басқа тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері де дәйектелген. Бұл бүгінгі күннің ғана мәселесі емес. Тарихта да ерлер мен әйелдердің тепе-теңдігіне мән беріліп келгенін айта кеткен жөн.

Мәселен, Еуразия тарихын зерттеуші ғалым Лев Гумилев түркілердің заңы қатал, тіпті қатыгез болса да әйелдерді қорғап, қолдап отырғанын жазып кеткен. Олай дейтіні, сол дәуірдің өзінде күйеуі бар әйелді зорлағандар бірден өлім жазасына кесілсе, қыз баланың арына қол салғандар соған үйленуге міндеттелген екен. Осыған қарап әйелдердің құқығын қорғау бағзыдан келе жатқанын аңғаруға болады. Алайда, зорлық-зомбылық соңғы кездері өршіп тұр. Соған қарамастан, көптеген әйелдер өзін қорғаудың құқықтық жолын білмейді. Зорлық-зомбылық орын алған жағдайда келіншектер әуелі учаскелік инспекторға арыз береді және оған полиция қызметкері көмек көрсетуі тиіс. Мысалы, арыздың негізінде жәбір көрсетушіні қамап қоя алады. Сондай-ақ, заң бойынша әйелге жақындауға, тиісуге, күш көрсетуге, балағат сөз айтуға тыйым салынатыны көрсетілген он күнге қорғау туралы нұсқама толтырып, ол жәбір көрсетушінің қолына беріледі. Егер күйеуі оны да елемесе, прокурор арқылы нұсқама мерзімін 30 күнге ұзартады.

Қазақстанда бірнеше дағдарыс орталықтары немесе оңалту орталықтары жұмыс істейді. Кей келіншектер зорлық-зомбылық көрсе де отбасының шырқын бұзбау үшін полицияға да, сотқа да арызданбайды. Осындай жағдайда дағдарыс орталықтары оларға барынша көмек көрсетеді. Өйткені, отбасы басты құндылық әрі мемлекеттің ошағы. Сондықтан, дағдарыс орталықтары отбасылық жанжал туғанда оның түпкі себебіне үңілуге тырысуы керекз. Мұндағы мамандар әйелдерге құзырлы орындарға бірден арызданбай, отбасын сақтап қалудың жолдарын түсіндіргені жөн. Тұрмыстық түйткілдер туындағанда әйел азаматшаларға, ер азаматтарға да психологиялық көмек керек. Ал, ортада бала болса мәселе одан сайын күрделенетіні белгілі.        Еліміздегі 11 аймақтық орталықтардың басын біріктіретін Алматы қаласындағы Дағдарыс орталығының ең белсенді жұмыс жүргізетін аймағы Талдықорған қаласы екенін айта кеткен дұрыс. Онда әйелдерге уақытша тұруға арналған баспана бар және ол Көкшетау мен Шымкентте де ашылған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер сол орталықтарға барса оларға тегін көмек пен тегін жататын жер беріледі. Құқықтық көмек көрсетіледі. Онда мәселені тек заңдық қана емес, психологиялық және моральдық тұрғыдан да шешуге болады.

Әрине, әйелге зәбір көрсеткен жан жазасыз қалмауы керек. Бұрын отбасында құқыбұзушылық анықталғаннан кейін 10 күнге профилактикалық есепке алынатын. Қазір бұл мерзім 1 айға дейін созылды. Ондай отбасын 1 ай бойы қадағалап, жақсы жолға түсулеріне түрткі болатын шаралар қолданып, профилактикалық әңгіме жүргізіледі. Сонымен қатар, қорғау нұсқамасында зардап шегушінің жәбір көрсетушіні үйінен шығарып басқа жерге тұрғызуға өтініш білдіруге мүмкіндігі бар. Әсіресе, ер азаматқа әрекетінің дұрыс еместігін, белігленетінін жазалар туралы ескертіледі. Әкімшілік заңға байланысты әйеліне зорлық-зомбылық жасаған азаматқа 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, 10 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген. Жағдай қайталана берсе, онда мәселе Қылмыстық кодекс бойынша қаралады.

Кеңес Одағы кезінде бұл мәселеге қылмыстық сипат берілсе, кейіннен бұл заңбұзушылық әкімшілік құқықбұзушылыққа жатқызылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбіне салдары ауыр болып аяқталады. Мысалы, әйел адам күйеуінің ұрып-соғуына шыдамай бір күні оған пышақ салып, қасқана өлтіруге дейін баратын жағдайлар да бар. Оның бәрін егжей-тегжейлі тексеріп барып, сот жаза қолданады. Керісінше, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғану мақсатында ауыр әрекетке барған әйелдер ақталып жататын мысалдар да жоқ емес. Оларға жеңіл жаза түрлерін, мәселен шартты жаза кеседі.

Әлбетте, әйелдер отбасындағы жанжалдың жария болуынан қорқып, көрген зәбірін ешкімге айтпауға тырысады. Шындығында, құзырлы орындарға, дағдарыс орталықтарына барып ақыл-кеңес сұрағанның еш айыбы жоқ. Өйткені, жәбірленуішінің арызын жария етуге ешкімнің құқы жоқ. Орталыққа жүгінген азаматтардың толық аты-жөнін айтпауға да құқы бар және оны құзырлы орындар талап етпейді де. Заңгердің не психологтың көмегіне жүгінерде тек жәбірленушінің жасын, жынысын, қызметін сұрайды. Ал, есімі ешқашан жария етілмейді. Оның үстіне, Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу профилактикасы туралы заңда құпиялылық жайлы көрсетілген. Ол ең басты принциптердің бірі. Сол құпиялылықты жария етіп жібергендерге тиісті жауапкершілік бар.

Р.Мәлікұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.