21-07-22 |
1800 рет қаралған
«Нағыз билік погон таққандарда».
«Нағыз билік погон таққандарда»

Белгілі заңгер  Абзал Құспан Қаңтар оқиғасына қатысты құрылған «Аманат» комиссиясының жұмысы жалғасып жатқан мәлімдеді. Қазіргі уақытта комиссия Алматы прокуратурасымен бірлесіп, қаңтарда қаза тапқан азаматтардың заңды өкілдерін қылмыстық істегі дәлелдермен таныстыруда.

Абзал Құспан айтуынша, Қаңтар оқиғасы бойынша істі болған азаматтардың көбі ҚР Қылмыстық кодекстің 272 бабының 2 тармағымен жауапкершілік тартылғандар.

«Қаңтар оқиғасы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың негізгі бөлігін, осы – 272 баптың, 2 бөлігімен істі болғандар құрайды. Бұл баптың мәні, бір сөзбен айтқанда – жаппай тәртіпсіздікке қатысу, болды.

Яғни ол баппен істі болған адамдар – қолдарына қару алмаған, қирату, бүлдіру, өртеу, тонау сияқты т.б., құқықбұзушылықтарға қатысы жоқ, алаңға елде өзгеріс болуын қалап, өзінің азаматтық позициясын білдіру мақсатында шыққандар.
Арандатушылардың әрекеттері салдарынан қирату-бүлдірулер орын алғанына қарамастан, іс жүзінде осы азаматтарымыздың арқасында еліміздегі соңғы өзгерістер орын алды, Назарбаевтар кланы биліктен аластатылды, ол факт», – дейді заңгер.
Заңгер сондай-ақ Қаңтар оқиғасы мен Желтоқсан оқиғасы арасында парралельдер бар екенін және совет өкіметі кезінде қалыптасқан күштік құрылымдардың елде әлі де мысы басым екенін айтады.

«Қазір еліміз бойынша жүріп жатқан тергеу-сот процестерінен, мен осыдан 36 жыл бұрынғы Желтоқсандықтар істерімен параллель көремін. Мысалы, сол кездері алаңға шыққан жастар негізінен қылмыстық кодекстің 60, 65 баптарымен сотталған екен. Ол қазіргі 174 және 272 баптарға келеді.

Статистикаға сенсек, Желтоқсан оқиғасы бойынша 99 азамат қылмыстық іс бойынша сотталып, олардың біразы Қазақстан тәуелсіздік алар тұста ақталған. Оның ішінде өзім жеке танитын Құрманғазы Рахметов ағамыз бар, ол кісі кезінде 7 жылға сотталып, 1989 жылы толық ақталып шыққан болатын.
Дәл осылай кезінде істі болған, қудаланған Аманғазы Кәріпжан, Гүлбахрам Жүніс сияқты аға-апаларымызды біз қазір Желтоқсан қаһармандары деп танимыз, ол даусыз.
Осы жерде, ол кезде Кеңес үкіметі болды, түсінікті, ал қазір неге соттауда деген сұрақ туындары заңды. Меніңше оны түсініп, қабылдау үшін билікке уақыт керек. Билік дегеніміз өте күрделі институт. Қазақстан сияқты кешегі СССР қамытынан шыққан, даму сатысындағы елдерде погон таққан, әскери-құқық қорғау орган өкілдерінің мысы басым келеді.
Қарапайым мысал, бізде қазір ресми түрде жедел іздестіру-тергеу жұмыстарымен айналысатын 5 құқық қорғау органы бар, бірінші сатыда іс қарайтын соттың 7 түрі бар. Ол аз ба, көп пе? Көп, өте көп!
Әдетте бізде билік әкім, министр, президентпен ассоциацияланады. Ал нағыз билік, негізі погон таққандарда! Қарапайым бір мысал, ауылдық округтегі “участковый” өзінің ерегіскен адамын 15 тәулікке қаматып жіберуге қауқарлы. Яғни, адам баласының ең басты құндылығы – оның бостандығы болса, ІІМ-нің ең төменгі звено өкілінде, сол бостандықты шектер құқық бар! Ондай құқығың облыс әкімінде жоқ», – деп жазады А.Құспан.
Заңгер Қаңтар оқиғасы бойынша қылмыстық кодекстің 272 бабының 2 тармағымен жауапкершілікке тартылғандар болашақта батыр атанарына сенімді.
«Бүгінгі 272/2 істі боп жатқан азаматтарымыз, ерте ме, кеш пе, бір кездегі Желтоқсандықтар сияқты ақталып, батыр атанары һақ! Оның қашан боларын тап басып айта алмаймын, әйтеуір болмай қоймасы анық» , – дейді заңгер.
БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.