14-06-22 |
1110 рет қаралған
Bek Air апаты: Алматыда ауыл әкімі бастаған бірнеше шенді сотталды.
Bek Air апаты: Алматыда ауыл әкімі бастаған бірнеше шенді сотталды

Алматы облысында үш жылдан бері тергеліп жатқан Bek Air апатына қатысты іске нүкте қойылды.  Атышулы істің соңы Талғар ауданындағы әкімдікте істеген бірқатар лауазымды тұлғалардың сотталуымен аяқталды деп хабарлайды Arash.kz.

 

Іс материалдарына сәйкес, жауапты тұлғалар 2017-2019 жылдары Қызылту ауылынан тыс жердегі мемлекет меншігіндегі бос жерлерді иеліктен заңсыз шығарған. Шенеуніктер бұл әрекеті арқылы жеке бас байлығын көздегені айтылды.

Талғар ауданы сотының 2022 жылғы 10 маусымдағы үкімімен:

Талғар ауданы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы бастығы Марат Рыспеков 6 жылға;

Талғар ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Мақсат Тыныбай 6 жыл 3 айға;

Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі Нұрғали Аппазов 8 жылға;

Панфилов ауылдық округі әкімінің бұрынғы орынбасары Құрманхан Галиева 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал Талғар ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімі бастығының міндетін атқарған Мадияр Қадыржан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық аясында бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазадан босатылды.

Барлық сотталғандар енді мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі мінген ұшақ апатқа ұшыраған болатын.

Bek Air әуе компаниясының ұшағы бетон дуалға құлап, Алматы маңындағы жеке үйді қағып кеткен.

Ұшақ апатынан 12 адам қайтыс болды, 69 адам жарақат алды. 2020 жылы Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыстық істі тергеумен қатар Талғар ауданы әкімдігінің шенеуніктеріне қатысты жер учаскелерін заңсыз беруге және жер учаскелерінің нысаналы мақсатын заңсыз өзгертуге байланысты екінші қылмыстық іс ашты.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.