19-06-24 |
13830 рет қаралған
Тоқаев Киевте журналист Садықовқа жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді.
Тоқаев Киевте журналист Садықовқа жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді

Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте Қазақстан журналисіне жасалған қастандық әрекетке қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

«Елімізде Заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн.

Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді», – деді Президент.

18 маусымда БАҚ Киевте Айдос Садықовқа қастандық жасалғанын хабарлады. Украина Ұлттық полициясының мәліметінше, белгісіз біреу Ярмола көшесінде тұрақта тұрған көлікке жақындап, ішінде отырған ер адамға оқ атқан, содан кейін қашып кеткен. Жәбірленушінің қасында отырған әйел зардап шеккен жоқ.

Зардап шегуші медициналық мекемеге жатқызылды. Киев полициясы адам өлтіруге оқталу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.