02-10-24 |
2340 рет қаралған
Заңсыз онлайн құмар ойын ұйымдастырғандар анықталды.
Заңсыз онлайн құмар ойын ұйымдастырғандар анықталды

Елдің бірнеше облыстарында жұмыс істеген заңсыз онлайн ойын бизнесін ұйымдастырғандар Солтүстік Қазақстан облысында ұсталды. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігі хабарлады.

100 мың теңгеге дейінгі ставкалары бар покер ойындары «Club GG» жалпыға қолжетімді қосымшасында мыңдаған аудиторияны тарта отырып, 40-тан астам ойын үстелдерінде өткізілген.

«Құмар ойындарға қатысу үшін сайтта баланс толтыру мүмкіндігі бар және қатысушыларды тарту үшін 20 операторы жұмыс істейтін Call-орталығы бар телеграм-арнаға сілтеме жарияланған. Ұтыс ставкалары мен төлемдері қатысушылардың карт-шоттары арқылы жүзеге асырылды. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін құқық бұзушылар айналымның 10% алып отырған. Жыл басынан бері ғана қатысушылардың банктік шоттарына түскен қылмыстық табыс сомасы 55 млн теңгеден, қатысушылардың саны 4 мың пайдаланушыдан асады», – делінген хабарламада.

Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Жетісу облыстарындағы тұрғылықты жерлері бойынша, автомашиналарда, кеңселерде ондаған ноутбуктер мен компьютерлер, ұялы телефондар, ақша қаражаттары, мемлекеттік тіркеу нөмірлері табылған.

«Сонымен қатар, иісі бар өсімдік тектес есірткі заты, қаруға арналған оқ-дәрілер мен өзге де құжаттар табылды. Телеграм-арна бұғатталды, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – делінген хабарламада.

Жалпы, жыл басынан бері Агенттік 19 заңсыз жасырын, онлайн казино, 1 букмекерлік кеңсе, «TikTok», «Instagram» әлеуметтік желілеріндегі ойындардың 11 онлайн трансляциясы, 12 ойын автомат залы және ойын терминалдарының заңсыз қызметінің 3 фактісін тоқтатқан.  

1200-ге жуық ойын автоматтары, терминалдар, покер үстелдері, рулеткалар, сондай-ақ 262,7 млн теңге сомасында ақшалай қаражат тәркіленді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.