19-12-18 |
3120 рет қаралған
Мұхтар Тайжан: «Тауарларды таңбалау» бағаға әсер етеді.
Мұхтар Тайжан: «Тауарларды таңбалау» бағаға әсер етеді

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ аясында  тауарларды бірыңғай таңбалау туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин таңбаланатын тауарлардың пилоттық тізіміне дәрі-дәрмектерді қосу туралы шешімді қолдап, таңбалауды енгізу дәрі-дәрмектің құнын арттыруға әкелмейтіндігін мәлімдеді. Алайда экономист Мұхтар Тайжан мұның бизнес өкілдеріне қандай шығын әкелуі мүмкін екенін айтты.

– Таңбалауды енгізу дәрі-дәрмектің құнын арттыруға әкелмейді. Бұл халық үшін өте нәзік тақырып. Мұны есте сақтау маңызды, – дегенді айтқан Нығматулин:

– Бүгінгі таңда барлық дамыған елдер дәрі-дәрмектерді таңбалайды. Сондықтан біз бұл процестерден шеткері қалмауымыз керек. Халық біздің дәріханаларда және ауруханаларда жоғары сапалы дәрі-дәрмектерді ғана пайдаланатынына сенімді болу керек, -деді Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы отандық дәрі-дәрмектерді өндірушілер, дәріханалар мен ауруханаларға қажетті құралдарды сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсету мәселелерін шешу керектігін атап өтті. Осы мәселеге баса назар аударған экономист Мұхтар Тайжан да ЕАЭО аясындағы тауарларды таңбалау тауар бағасының өсуіне әкеп соқтыра ма деп қауіптенетіндігін жеткізді:

– Өйткені мұндай таңбалауды жасау үшін бизнесмендер арнайы саймандарды сатып алуға мәжбүр болады. Ол әлбетте тауар бағасына әсер етеді. Бірақ қатты әсер етпес үшін бизнесмендерге жеңілдетілген несие беруі керек, -деді М. Тайжан.

Сондай-ақ экономистің айтуынша тауарларды таңбалау көлеңкелі экономикаға қарсы шығарылған жүйе. Қазіргі уақытта Еуропа елдерінің көбі тауарларды таңбалауға көшкен. Бірақ қазақстандық тауарлардың таңбалау туралы мәліметтері басқа елге өтіп кетпей, өз мемлекетімізде қалуы керектігін баса айтты.

-Таңбалауды біз өзіміз жасауымыз керек. Яғни бүткіл ақпарат Қазақстанда қалуы керек. Егер  Ресейге ме, Белорусь еліне ме тауарды экспорттау үшін мәліметтер керек болса, онда біз ондай ақпаратты оларға беруіміз қажет. Бірақ түгел ақпарат өз қолымызда болуы керек. Бірінші жобада ЕАЭО атынан шығарылатын барлық тауарлардың мәліметі Мәсекеуде болады делінген еді. Бірақ кейін оны өзгертіп, ақпарат өзімізде қалатын болды, -деді экономист.

arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.