19-07-18 |
3460 рет қаралған
Денис Тен – мәңгілік чемпион!.
Денис Тен – мәңгілік чемпион!

Мәнерлеп сырғанаудан қазақ спортының жарық жұлдызы, олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен қапияда кісі қолынан қаза тапты. Бүгін Алматыда Денис Тен көлігінің айнасын ұрламақ болғандардың ұрлығының үстінен түсіп, ұрылар спортшы сол жерде пышақтап кеткен. Іле шала жеткен жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген Денисті дәрігерлер ажалдан арашалап қала алмады. Дәрігерлердің айтуынша, ауыр жарақат дененің маңызды органдарын жарақаттағандықтан екі сағат бойы күрескенмен Денисті құтқару мүмкін болмаған. Осылайша, қылмыскерлердің қолынан әлемдік мәнерлеп сырғанау спортының жарық жұлдызы Денис Тен қаза тапты.

Денистің қазасы бүкіл қазақстандықтарға өте ауыр тиді. Миллиондаған адамдар әлеуметтік желілерде спортшының отбасы, тұтас халыққа көңіл айтуда.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада жүлдесін алған тұңғыш спортшы Денис Тен көк мұз үстінде конькиді жастайынан жанына серік еткен. Алматыда туып-өскен ол бала кезінен түрлі өнер үйірмелеріне қатысқан. Мәселен, фортепиано бойынша музыка мектебінің 5 класын бітіріп, оған қоса акробатика, суға жүзу, каратэ, тхэквондо, сурет салумен айналысып, би мектебіне де барған. Осындай сан өнер бір бойынан табылған Денис мәнерлеп сырғанауды таңдап, сол жолда халықаралық дәрежеде үлкен жетістіктерге жетті: 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанса, 2013-2015 жылдары әлем чемпионатында күміс және қола алды. 2015 жылы Сеулде өткен төрт құрлық чемпионатында алтын иеленді. 2011 жылы Алматы және Астана қалаларында өткен Азиада ойындарында алтын, 2017 жылғы Универсиада да тағы алтын медалб алып, ел мерейін өсірген еді.

Халықаралық мәнерлеп сырғанауда әйгілі бапкерлер мен спортшылардың ықыласына бөленіп, болашағынан зор үміт күттірген Денис Тен 25 жасында ұрлықшылардың қолынан қаза болды.

Тұтас Қазақстан қайғырып жатқан қазаға мәнерлеп сырғанаудың әлемдегі хас шеберлері де қабырғалары қайысып көңіл айтып жатыр. Солардың бірі – Татьяна Тарасова «Мұндай бандитизмнің ортасында қалай өмір сүруге болатынын білмеймін. Бәріміз жақсы көретін талантты, ғажап адамның өмірін алып кетті. Біз оның адами қасиеттерін ерекше жақсы көретін едік. Ол менің шәкіртім ғана емес, досым еді. Не дерімді білмеймін» депті.

Мәнерлеп сырғанаудан өзге де елдердің спортшылары да қайғыға ортақтасып жатыр.

Денис Тенді қыршынынан қиған қылмыс Алматыдағы Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болған. Қылмыстық іс қозғалып, қлмыскерлерді іздестіру жүріп жатыр. Спортшының өліміне қатысты қылмыстық істі бас прокурор Қайрат Қожамжаров өз бақылауына алғаны да хабарланды.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.