06-05-18 |
3610 рет қаралған
Әйелдердің әлеуметтік жағдайы алаңдатады.
Әйелдердің әлеуметтік жағдайы алаңдатады

Адамзат тарихында әйел мен ер арасындағы теңдік мәселесі ғасырлар бойы күн тәртібінен түскен емес. Расында жыныстық теңдік болмаған кезде әлемді хаос жайлайды. Бұл ешбір дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Тіпті, ғылым мен техника дамып, адам баласы ақылымен ғарышты бағындырған жаңа заманда да әйел тақырыбы күн тәртібінен түскен емес. Соған орай, нәзік жандыларды қорғайтын халықаралық құжаттардан бөлек, әр елдің гендерлік теңдігін жүргізетін өз саясаты, өз сүрлеуі жолға қойылған. Айталық, тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан аса уақыт өткен Қазақстанның да әйелдер құқығына қатысты заңнамалары түгел. Жас мемлекет  болғанымен біздің еліміз де нәзік жандылардың қоғамдағы орны мен құқығын әлемдік қалыпқа сәйкестендіруге барынша тырысып, бағуда.    

Бұл бағыттағы алғашқы қадам 1998 жылдан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының «Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы» Конвенциясына қосылудан бастау алды. Сөйтіп, егеменді ел ретінде әйелдерді кемсітудің барлық түрінен қорғауға қатысты міндеттемеге қол қойдық. Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен әйелдер және отбасы істері жөніндегі Ұлттық Комиссия құрылып, өз жұмысын бастады. Ұлттық комиссия деп өзіне үлкен міндеттеме алған құрылымның алдына қойған мақсаты үлкен. Онда ең алдымен әйелдердің саяси, экономикалық және мәдени тұрғыдан алға басуына, әйелдердің және олардың отбасының денсаулығын жақсартуға, сондай-ақ, әйелдерге қатысты кемістушіліктің барлық түрін жоюға қатысты жұмыстарды бір арнаға түсіру көзделген. 1999 жылы Мемлекет басшысының тікелей нұсқауымен Ішкі істер министрлігінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімнің жұмыс істеуі де әлеуметтік жағдайдың себебін анықтап, салдарын жоюға ықпалын тигізді. Бұл бөлімнің басты қызметі – әйелдердің конституциялық құқықтарын, заңды мүдделерін құқыққа қайшы әрекеттерден қорғауды қамтамасыз ету, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты ескерту және жолдарын кесу болып табылады. Байқап отырғанымыздай, елімізде нәзік жандыларды жан-жақты қорғау саясатын жүзеге асыруға тиісті тетіктердің барлығы дерлік бар.

Жалпы әлемде өмір сүріп отырған тіршілік иесі 7 миллиард 592 миллионды құрайды. Статистикалық деректерге көз салсақ оның 3 миллиард 762 миллионы әйелдер екен. Яғни, нәзік жандылар әлем халқының 49,6 пайыз үлесін иелініп отыр ғой. Сол секілді біздің елімізде 18 миллионнан аса халық болса, оның 9 миллион 366 мыңы нәзік жандылар екен. Көріп тұрғанымыздай, әйелдер мен ерлердің үлес салмағында айтарлықтай айырмашылық жоқ.  Ендеше, олардың құқығының да тең, міндетінің де ортақ болуы заңды емес пе? Сәйкесінше бүгінде әйелдердің ер азаматтармен тең дәрежеде білім алуына, жүрегі қалаған жұмысты істеуіне, жоғары лауазымды қызметтерді атқаруына еш кедергі жоқ. Соның арқасында қазақ халқы министр ханымдарды, депутат әйелдерді, басшы бикештерді көргенде еш таңданыс білдірмейді. Алайда, бұл қарапайым отбасы, ошақ қасындағы нәзік жандылардың құқықтық мәселелері толық шешілгенін білдірмесе керек.

Алысқа ұзамай-ақ, қоғамда көпбалалы аналар, мүгедек әйелдер, жалғызбасты қыз-келіншектер, қарт аналарымыздың т.б барын ескерсек, осы санаттағы нәзік жандылардың мұң-мұқтажын ескеру жағы әлі де болса кемшін. Бір ғана қарапайым мысал ретінде, «Алтын алқалы» көп балалы ана мен «Күміс алқалы» аналардың мемлекеттен алатын жәрдемақысының мөлшері бірдей (15392 теңге) болуы немесе жалғыз басты аналарға ешқандай әлеуметтік көмек көрсетілмейтіндігі әйелдерге қатысты мәселелердің өзекті екенін көрсетеді.

Ал, халықаралық сарапшылардың пайымынша, қазақстандық әйелдің құқықтық жағдайы әлемдік қалыпқа сай келмейді екен. Әсіресе, әйелдерге әлімжетік көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған қазақстандық әйелдерді қорғау жағы кемшін. Мысалы, елімізде отызға тарта аналар үйі бар. Ресми деректерге сенсек, күндері қайырымды жандарға қарап отырған мұндай үйлерге көбіне құшағында сәбиі бар жас аналар түседі екен. Яғни, бұл әйелдерге әлімжеттік көрсету оқиғалары жастар арасында кең етек жайып бара жатқандығынан хабар бергендей. Жалпы, бүгінгі таңда қазақстандық әйелдердің 60 пайыздан астамы күштеу мен зорлық-зомбылыққа тап болса, әрбір үшінші әйел өз күйеулерінен озбырлық көреді екен. Аз ба, көп пе?

    Аз, көп демекші, қазақстандық әйелдердің ерлерге қарағанда аз жалақы алатыны, өзін-өзі жұмыспен қамтуда да нәзік жандылардың көбірек қиындыққа тап болатына ешкімге құпия емес. Ресми ақпараттарды тарқатып көрсек, әйелдер арасындағы жұмыссыздық 5,5 пайыз болса, ерлердің 4 пайызы ғана жұмыссыздар қатарында екен. Мүмкін бұл әйелдер қауымының отбасы, ошақ қасынан ұзай алмайтындығынан болар. Десек те, ерлермен тең дәрежеде еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер жалақысының 1,2-2 есеге дейін төмендігі ойланарлық жайт. Есесіне, елімізде орта және жоғарғы білімді қыз-келіншектердің үлесі ерлерге қарағанда 7 пайызға артық.

    Расында, қазақстандық әйелдер білім жағынан ешкімге есе жібермейді. Бірақ, нәзік жанды тұрғындарымыздың денсаулығы қалай деген сұраққа тағы күмілжіп қаламыз.  Бір ғана мысал келтірсек, жыл сайын сүт безі дертіне төрт мыңға жуық әйел шалдықса, дәл осы дерттен жыл сайын орта есеппен 1500 әйел өлім құшады екен.

М.Жекебаева

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің оқытушысы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.