10-10-18 |
2720 рет қаралған
Кемтар жандар көмек күтеді.
Кемтар жандар көмек күтеді

Мүмкіндігі шектеулі балалардың мәселесі көп. Кемтар баланы бағып-қағып отырған ата-ананың да шекесі шылқып отыр деп айта алмаймыз. Әрине, мемлекет тарапынан балаларды әрі-бері тасуға арнайы көлік беріліп, қосымша жеңілдіктер, жәрдемақылар қарастырылғаны рас. Көліктің кезегіне жету ұзақтау, жәрдемақыны бір айға жеткізу қиындау болғанымен, мұның өзі кәдімгідей көмек.

Статистикалық мәліметтерге сенсек, еліміздегі 674,2 мың мүгедектің 85,1 мыңы кәмелет жасқа толмаған, 417,7 мыңы еңбекке қабілетті, 171,3 мыңы зейнеткер екен. Соның ішінде соңғы уақытта туа біткен аномалия, жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан балалар саны өскен. Кемтар жандарға қол ұшын созу керек, дегенмен, мүгедектікке алып келетін жағдайлардан арылып, медициналық қызметтің сапасын көтерсек әлдеқайда тиімді болар еді. Бұған қоса, сырқатынан сансырап жүргендер жандарды әуре-сарсаңға салмаудың жолын іздеу де артықтық етпейді. «Қазақстан Республикасы заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу» туралы заңға сәйкес, бұған дейін шарасыз жандарды шаршатып келген біраз түйкілдің түйіні тарқатылған еді. Мәселен, жақында Парламент мәжілісінің депутаты Майра Айсина мүгедектіктің кей санатына міндеттелген медициналық зерттеу құжаттары қысқаратынын айтып,  өзгеріске оң бағасын берді. Шындап келгенде, мүгедектігі көзге көрініп тұрған адамды жыл сайын тексеруден өткізу оның кемісітігін көзге шұқығанмен бірдей. Айықпас дертке шалдыққаны, төсекке таңылғаны, тіпті, аяқ-қолы жоқтығын да  медициналық анықтама жинау арқылы дәлелдеу кімге керек?  Жаңа өзгерісте осы мәселелер мамандар тарапынан терең сарапталып, мүгедектік пен еңбекке қабілеттіліктен айырылу деңгейін белгілеудің жаңа ережелерінде қажетті құжаттарды рәсімдеу шаралары жеңілдетіліп отыр. Айталық, бүгінгі күнге дейін мүгедектікті белгілеу, жәрдемақыларды тағайындау және еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алу үшін адам үш ұйымға жүгінсе, қазіргі күні бір мекемеге ғана барып, анықталарын өткізеді. Тағы бір қуанышты жағдай, алдағы уақытта мұндай өтініштерді кемтар жандар арнайы мекемелерге тапрсырып әуре болмайды. Жаңа технологияның көмегімен енді өтініштерді электронды түрде е-gov арқылы жіберіп, медициналық-әлеуметтік сараптама өтініш берушінің жеке қатысуынсыз жүзеге асырылмақ.

«Кәусар бұлақ» әлеуметтік көмек көрсету қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ұлданай Қамбарованың айтуынша, сырт көзге барлық жағдай жасалып, барлық кедергілер алынып тасталғандай көрігенмен, мүгедектік туралы анықтама алудың өзі қиямет қайым. Соның кесірінен ауыр сырқатқа шалдыққандар жәрдемақыға құжат өткізіп, анықтамаларды тапсырып, денсаулығының нашарлығын дәлелдеймін дегенше бірталай уақыт өтіп кетеді. Еңбек ету қабілетінен айрылып, аз-маз жәрдемақы алсам деп жүгірген сырқаттардың мақсатына жете алмай кететін кездері аз емес. «Мысалы, адамның қандай аурумен ауыратынын, сырқатының ауыр екенін тіркеуші дәрігер жақсы біледі. Бірақ, диагноз белгілі болып тұрса да қызіргі тәртіпке сай оның шешім қабылдауға құзыреті жоқ. Сондықтан, өзі де аурудан мезі болған жанды амалсыз комиссияға бағыттайды. Олардың өмірден алған соққысы онсыз да аз емес. Енді ауруы көзге көрініп тұрған жандарға қолдан кедергі жасау қаншалықты дұрыс?» – дейді Ұлданай Қамбарова

Бұл мәселеге орай қорғаушы Шынқуат Байжанұлының да айтары бар. Медицина қызметкерлерінің әуре-сарсаңынан шаршап, сотқа берген клиенттері туралы айтқан адвокат көбінесе жеңіліс табатынын мойындайды. Себебі, жәрдемақы алудың тәртібі бір. Оны кемтар жандардың денсаулығына қарап өзгертуге, жеңілдетуге болмайды. Жыл сайын тексерілу керек болса, мүгедектер қолының әлі шолақ, бүгінгі күнге дейін өзгерместен жалғыз аяқпен жүргенін дәлелдеу керек. Мұндай жағдайда сот та көмектесе алмайды. Сондықтан, мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемдескіміз келсе, олардың жәрдемақы алу кезіндегі ауыртпалықтарын заңдық тұрғыда жоюға тиіспіз. Кемтар жандардың тағдыры тек олардың өзіне, айналасындағы туыс, жақындарына ғана мәлім. Басына түспеген соң басқалар бұл мәселеге бас ауырта бермейді. Дегенмен, кемтар жандардың мұң-зарын естіген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанаов алдағы уақытта жәрдемақы тағайындаудағы жыл сайынғы тексерулерді қайта қарауға ниетті. Тек оған медициналық мүмкіндіктерді жетілдіргенде ғана қол жеткіземіз дейді басшы.

Перизат Омарова

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.