НЗМ мектептеріне қатысты кезекті дау тұтанды. 23 мамыр, соңғы қоңырауға екі күн қалғанда Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінен емтиханда телефон қолданып, мұғалімді балағаттағаны үшін 11 сынып оқушысы қуылған. Бұл дауға Парламент депутаттары Мұрат Әбенов, Ирина Смирнова, Бибігүл Жексенбай белсене араласып, тіпті танымал заңгерлер Жангелді Сүлейменов, Азамат Ерғалиев, тағы басқалар бала құқықтарын алға тартып, мектеп әкімшілігінің шешімін қатаң сынға алып отыр. Ал адвокат Жангелді Сүлейменов тіптен «11 сынып оқушысын мектептен қуғандардың өздерін жұмыстан шығарып, соттау керек» десе, оның бұл жазбасын депутат Мұрат Әбенов те таратып отыр.
Қоғам пікірі қақ жарылды. Бірі – мектеп басшылығының шешімі дұрыс, академиялық адалдық сақталып, ұстаз мәртебесіне қаяу түспеуі керек дейді. Ал екіншісі – баланы оқуға қайта қабылдап, басқа тәртіптік жаза қолданылуы керек деп отыр. Таразының бір жағында «Әділетті Қазақстан» концепциясы, ұстаз мәртебесі мен әйел құқығы тұрса, екінші жағында – бала құқығы, тегін білім алу мәселесі тұр…
«Майқанова апай емес, Майқан деген оқушы»…
Депутат Бибігүл Жексенбай Фейсбуктегі жазбасында «Менің атым – Қожа» фильмімен тәрбиеленіп, өскенін еске сала отырып: «Оқушыны бір сәттік қатесі үшін жазалап, мектептен шығарып тастау – бұл оқушының емес, педагогикалық ұжымның жеңілісі, тәрбие процесінің әлсіздігін көрсететін көрініс. «Жаман оқушы болмайды. Баланың ішкі жарығын көре білмеген, оны сөндіруге жол берген үлкендер ғана болады», – деген Сухомлинский сөзі бүгін де өзекті» — дейді. Ең қызығы, мектептен қуылған баланың ата-тегі Майқан екен. Бұл фильмдегі қатал ұстаз Майқанова апаймен аттас Майқан баланың тағдыры шешіліп жатқан дау боп тұр.
Депутат Мұрат Әбенов баланың әке-шешесі Қытайдан көшіп келген азаматтар, яғни орысша түсінбеген соң баланың оқудан қуылғаны туралы құжатқа қол қойғанын жазады. Бұл тұста депутат: «Қандастарға алдап арыз жаздырған болса, ол құжат күшін жоюы керек. Назарбаев мектебінен, 11 сыныптан заңсыз шығарып жіберген Сұнқардың отбасы Қытайдан келген қандастар екен. Әкесі Серік Президент Тоқаевқа Үндеу жариялапты. Баласының жағымсыз қылығы үшін кешірім сұрайды. Бірақ мектеп әкімшілігі де тәртіпті бұзған балаға әділдік орнатамын деп жауапкершілікке тарту кезінде өздері заңды бұзбауы керек. Баланы Орта білім мектеп деңгейінен мүлдем сабақтан шығару – заңсыздық» — дейді.
Танымал заңгер Ләззат Ахатова баланы қорғап жатқан азаматтардың пікірімен келіспейді. Тіпті, орынды сауалдар қояды. Кәсіби заңгер:
— Бұл жерде оқушы бір емес, екі заң бұзушылық жасап отыр. Қанша жерден ерке болсын, бұзық болсын, емтиханда телефонмен ұсталған бала кінәлі екенін сезінеді. Оның өрескел ереже бұзу екенін біледі. Ұсталып қалған жағдайда, мұғалімге сөйлемек түгілі, сол үшін жазаланбасам болды деп тілейді. Қанша жынды, бұзық болса да. Ал мына бала қайдан шыққан Құдайдың еркесі?! Депутатқа дейін сөзін сөйлеп, министрді менсінбей, Президентке Үндеу жасайтын?! Жалпы ұжымда бастықпен келіспей қалса да, отырып алып, Президентке арнап, әңгіме айту қашаннан бері сәнге айналған? Президент ойыншық па еді, анаған да, мынаған да араластыра беретін? Салалық басшыларға, құқық қорғау органдарына үндеу жасау – тақияларына тар келе ме, әлде? Әркім өз жұмысымен айналысу керек қой» — дейді.
Заңгердің айтуынша, елімізде заңның үстем болуын қаласақ, Әділетті Қазақстанды шынымен құрғымыз келсе, мектептен бастап тәртіпке бағыну керек. Ләззат Ахатова:
— Депутаттар «баланың отбасы Қытайдан көшіп келген қандастар, сондықтан орысша «ш» сөзінің мағынасын білмеуі мүмкін» дейді. Алайда баланың өзі Президентке үндеу жасапты. Таза орыс тілінде! Яғни, бала қазақшадан орысшаға жетік» — деп, наразылығын білдіреді.
Оқу—ағарту министрлігі не дейді?
Депутат Ирина Смирнованың сынына Назарбаев зияткерлік мектептері ААҚ-ы басқарма төрағасы Әнуар Жаңғозин бірден жауап берді. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында депутаттың жазбасы болған жағдайды толық қамтымағанын, сондықтан анық—қанығын түсіндіруді жөн көргенін жеткізген. Әнуар Жаңғозин:
— Біздің мектептерімізде біз қауымдастықтың барлық мүшелерінің құқықтарын қорғауға ұмтыламыз. Бұл ретте мұғалімдердің құқықтарын қорғау біз үшін ерекше маңызға ие, соның ішінде Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңды ескеруіміз керек. Мұғалімді құрметтеу – тиімді білім беру үдерісінің ажырамас негізі, сондықтан ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлайтын мұндай өрескел жағдайға бей-жай қарауымыз мүмкін емес. Осыған байланысты мектептің педагогикалық кеңесінің бұл оқушыны шығаруға қатысты шешімі менің ойымша, толықтай қисынды әрі негізделген, — дейді.
НЗМ-дегі жағдайға байланысты Оқу-ағарту министрлігі ресми өкілі де мәлімдеме жасады. Мереке Амангелдіқызы «Оқу-ағарту министрлігінің педагогтің қадір-қасиетін төмендететін кез келген әрекетке қатаң сын көзқараспен қарайтынын» айта келе:
— Министр Ғани Бейсембаев бұл мәселеге өзі жіті назар аударып, тиісті тапсырмалар берді. Оның нұсқауына сәйкес аталған мәселемен Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің және аймақтық департаменттің өкілдері айналысады. Министр «НЗМ» басқарма төрағасы Әнуар Жанғозинмен сөйлесті. Басқарма төрағасы мәселені жеке қолға алғандығын, жағдайды жан-жақты қарап, не болғанын әділ бағалап, дұрыс шешім қабылдайтынына сендірді, — дейді.
Бала құқын қорғап жүрген Аида Бұқаева «баланың жүйке жүйесі тозып, дене қызуы түсіп кеткен соң, жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізуге тура келгенін» жазды. Ал Алматыдағы балалар омбудсмені Диана Ерлан баланың ата-анасының қорғаушысымен сөйлескенін, бала ауруханадан шыққан соң оған психологиялық көмек көрсетілетінін жеткізіп отыр. Оның айтуынша, мектепте ата-аналармен кездесу жоспарланған.
Қоғам белсенділері балағатталған ұстаздың да, оқудан шығарылған баланың да сотқа жүгінуге құқы барын айтады. Қазірше даудың қалай шешілетіні белгісіз. Кейбір отандық БАҚ-тар оқушыны басқа мектепке ауыстыру мәселесі шешіліп қойған дейді.
Естеріңізге сала кетсек, бұл НЗМ-дағы баланы мектептен шығаруға байланысты бірінші дау емес. Өткен жылы Қарағанды НЗМ-на қатысты әкімшілік сотта іс қаралды. Онда 2023 жылы мектептен орамал таққаны үшін сабаққа кіргізілмеген қызбаланы мектептен қуу заңсыз деп танылды. Себебі Әкімшілік сот Конституция бойынша, Қазақстанда орта білім тегін берілетінін алға тартқан. Осылайша оқушы 8 сыныпқа қайта қабылданды.
Шүкір ӘЛІМ