Отбасы құндылығын арттыру, бабаларымыздан келе жатқан игі дәстүр-салтты, тәлім-тәрбиені ұлықтау қоғам үшін аса өзекті. Себебі, әлемдік теріс ықпалдан, өзге елдерге еліктеушіліктен сақтандырудың басты тұғыры – ұлттық кодқа, соның ішінде отбасылық тәрбиеге негізделген. Осы мақсатта бүгінде елімізде түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы сол тағылымды жобаның бірегейі. 2014 жылдан бері республика халқына өнеге болар, жұртшылыққа үлгі етер айтулы отбасыларды іріктеп, таңдаулыларына жүлде беріп, көп алдында марапаттап келе жатқан бұл байқаудың биылғы жеңімпазы – Қапышевтар отбасы.
Қапышевтар әулетінің өмірі Қазақстан темір жолымен тікелей байланысты. Тамырын тереңге жайып, өсіп-өнген әулеттің үлкендері теміржол саласындағы жұмысын Түрксіб салынған кезде бастаған. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан отбасының үшінші буыны бүгінде теміржолда еңбек етіп жүр. Қапышевтар әулетінің 26 мүшесі бұл кәсіпті лайықты жалғап келеді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, үзілмей келе жатқан кәсіп арқылы шеберлігін шыңдаған туыстардың темір жол саласында еңбек еткен жұмыс өтілін қосқанда 800 жылды құрайды екен. Бір ғасырға жуық уақыт ішінде Қапышевтар мемлекеттің дамуына, жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға, темір жолдағы түйткілдерді шешуге айтарлықтай үлесін қосты.
«Мерейлі отбасы» байқауын ұйымдастырушылар бұл әулетті бекер таңдап отырған жоқ. Теміржол саласында табысты еңбек еткен жандар отбасылық құндылыққа да асқан жауаптылықпен қарайды. Яғни, Қапышевтар кәсіпті ғана атадан балаға мұра етпеген, сонымен бірге отбасылық құндылықты дәріптеу, дәстүр-салтты сақтау, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық жасау дағдысын ұрпақ бойына сіңіруге тырысқан. Бүгінде өз алдына бір-бір шаңырақтың иесі болып отырса да, ата-анасына қамқорлық көрсетіп, үлкендерге деген сый-құрметін жоғалтпаған жастардың өмір салты әдепті отбасының нағыз үлгісі іспеттес.
– «Мерейлі отбасы» байқауына қатысу туралы ұсыныс түскенде отбасымызбен таңғалдық. Осындай байқаудың бар екенін бұрын естігенімізбен, оның мақсатынан, шартынан, ережесінен мүлде хабарымыз жоқ екен. Байқау деген атына қарап басында бұл отбасылық білім, өнер, спортқа байланысты жарыс деп болжаған едік. Сөйтсек онымыз қате екен, – дейді Әйгерім Қапышева.
Алматыдағы теміржол вокзалында қызмет ететін Әйгерім үш баланың анасы. Айтыста талай топ жарып, сөзден сурет салған, белгілі ақын, журналист Сәкен Орынбасарұлының жұбайы. Жарынан ерте ажыраса да, ата-анасы мен бауырларының, жақындарының қолдауының арқасында жалғыздықтың қиындығын байқамаған Әйгерім үшін отбасылық құндылықты дәріптейтін байқау ерекше әсер етіпті.
– Байқауда отбасы мүшелерінің өнері де, білімі де сыналмайды екен. Мұндағы басты шарт – отбасындағы береке мен бірлікке, татулық пен сүйіспеншілікке негізделген. Шаңырақтың шаттығын насихаттауды көздейтін бұл байқауда елді елең еткізетін ерекшелігімен танылған отбасылар жеңімпаз ретінде іріктеледі екен. Ал біздің отбасымызға темір жолшылар династиясы болғандықтан таңдау жасалыпты. Ұйымдастырушылар отбасының әр мүшесінің өмір салтын, жеткен жетістігін, арман-мақсатын, жанұядағы рөлін, бала тәрбиесіндегі орнын түгел сарапқа салған. Тіпті үздік әулет атану үшін арамызда ажырасқан, сотталған, істі болған, қандай да бір теріс әрекетімен танылған адамның болмауы керектігі қатаң ескертілді. Яғни, «Мерейлі отбасы» деген атаққа ие болу үшін бір салада әулетіңмен қызмет ету, биікке жету жеткіліксіз. Байқауда топ жару үшін отбасылық жағдай, отбасындағы тәрбие жоғары талапқа сай болуы шарт. Біздің әулеттің осындай биік межеден табылып, барлық шарттарға сәйкес келіп, республика бойынша үздік шаңырақ, «Мерейлі отбасы» болғаны біз үшін мақтаныш, – дейді Әйгерім Қапышева.
Әйгерімнің әкесі Мұрат Қапышев теміржолда 45 жыл еңбек етіп зейнетке шыққан абыз ата. Бүгінде немерелеріне бас-көз болып, балабақша мен мектебіне тасып, қосыша үйірмелерден қалдырмайтын ақылгөй қария сүйікті кәсібін ұрпағының лайықты жалғастырып келе жатқанына дән риза. Немереден шөбере сүйіп отырған ақсақал еңбек жолын алғаш Жетісу облысындағы Матай станциясынан бастаған. Зейнеткер машинистің әкесі Садан қария да 1932 жылы Аягөз бекетінде жұмыс істеген екен
– Бала үшін ата-анасынан сауатты, салиқалы маман жоқ. Содан болар, өз саласының білгілі атанған әкеміздің қызметін көріп, еліктеп, қызығып өстік. Теміржолшылардың биік талғаммен тігілген формасы да кәсіпке деген бала махаббатымызды оятқаны рас. Сол арманның жетегімен әкеміздің жанында жүріп, теміржол саласының тыныс-тіршілігін сезіндік. Біз де осындай теміржолшы болсақ деп жүріп ақыры Алматы қаласындағы теміржол техникумына оқуға түстік. Туған өлкеміз Матай станциясына басталған еңбек жолымыз кейіннен Алматы қаласында жалғасын тапты. Өз кәсібімізді сүйдік, өз саламыздың гүлденуі үшін қызмет еттік. Бір шексіз құрметтеген соң бұл салаға балаларымыз да қызығушылықпен қарай бастады. Бүгінде үш баламыз да теміржол саласында жұмыс істейді. Балаларды осы саланы таңдауға ешкім мәжбүрлеген, міндеттеген жоқ. Бұл олардың өз қалаулары, – бүгінде үлкен әулеттің абыз ақсақалы болып отырған Мұрат Қапышев.
Бір қызығы Қапышевтар әулетінің келіндерінің де тағдыры теміржолмен байланысты. Айталық Мензипа апамыз бен оның келіні Айгүлдің теміржолшылар дәрігері болғанына 45 жыл.
Мұрат ағаның қызы Әйгерім 17 жылдан бері жолаушылар тасымалының білікті технигі болса, ұлы Біржан 20 жылдан бері пойыздардың қауіпсіздігіне жауап береді. Бүгінде Мұрат ақсақал жұбайымен жеті немере мен одан тараған шөберені тәрбиелеп отыр. Берекесі тасыған бұл әулетте әлі де талай теміржолшы өсіп шығатынына сенім мол. Теміржол қызметіне адал әулеттің отбасылық құндылықты дәріптеуі де айналаға үлгі боларлықтай.
-
07.10.2024
-
07.10.2024
-
07.10.2024
-
07.10.2024
-
07.10.2024
-
07.10.2024
-
07.10.2024
-
07.10.2024
-
07.10.2024