18-03-24 |
2750 рет қаралған
Қазақстанда депрессияға бейім азаматтардың саны қанша?.
Қазақстанда депрессияға бейім азаматтардың саны қанша?

Депрессияның таралуы бойынша Қазақстан 180 елдің арасында 93-орында. Countrycassette халықаралық тәуелсіз интернет журналының мәліметінше, депрессиялық аурумен ауыратын қазақстандықтардың үлесі 4,4%. Жаһандық көрсеткіш айтарлықтай төмен: 3,9%. Есепке сүйенсек, біздің елде депрессияға бейім азаматтардың саны 732,7 мың адамға жетеді, деп жазды Skifnews.kz.

Депрессия ең көп тараған елдердің бестігінде осы психикалық бұзылыстың белгілері бар халықтың үлесі 6,3%-ды құрайтын Украина алда. Одан кейін АҚШ, Аустралия және Эстония тұр, оларда бұл көрсеткіш 5,9%. Қазақстанға жақын елдердің ішінде халықтың 5,5%-ы депрессиялық бұзылулардан зардап шегетін Ресейде ғана жағдай нашар. Өзбекстанда, Қырғызстанда және Тәжікстанда психикалық денсаулықтың бұл көрсеткіші төмен: 4,2%-дан 3,8%-ға дейін. Арал елдерде депрессияға бейім адамдар ең аз.

Депрессиядан зардап шегетін адамдардың санын анықтау мәселесі қоғамдық денсаулық сақтаудың күрделі мәселесі. Неге десеңіз, немқұрайлылық пен тынымсыз үмітсіздікке ұшыраған кейбір адамдар дәрігерлердің көмегіне жүгінбейді. Бұл үрдіс тек Қазақстанға ғана емес, көптеген басқа елдерге де тән. Үш жыл бұрын Wellcome Global Monitor психикалық денсаулыққа қатысты үлкен зерттеу жүргізді. Адамдардың алаңдаушылық пен депрессияны қалай қабылдайтынын және өздеріне көмектесуге тырысатынын түсіну үшін ұйым мамандары 113 елдегі 120 мыңға жуық адамнан сауалнама жүргізді. Маманға жүгіну және жазып берген дәрілерді қабылдау адамдардың депрессиядан шығу үшін қолданатын жалғыз негізгі әдіс емес. Өзіне-өзі көмек көрсетудің ең жиі айтылатын әдістері достарымен және отбасымен қарым-қатынас (респонденттердің 78%-ы көрсеткен), өмір салтын түзету (73%), таза ауада серуендеу және табиғатта демалу (71%), сондай-ақ отбасындағы (62%) және жұмыстағы (53%) жеке қатынастарды реттеу, деп жазады Ranking.kz.

Айта кетейік, депрессияға ұшыраған қазақстандықтардың жоғарыда аталған саны — 732,7 мың адам — болжамды көрсеткіш. Нақты сан тек дәрігерлерге қаралып, психиатриялық диагноз қойылған азаматтарға ғана берілуі мүмкін. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының (РПДҒПО) дерегінше, 2023 жылы динамикалық бақылаудағы психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар науқастардың жалпы саны 198,4 мың адамнан асты. Бұл психоактивті заттардың (ПАЗ) әсерінсіз көрінетін әртүрлі психикалық бұзылулары бар адамдар. Қазақстанда тағы 108,7 мың адам есірткі немесе басқа да психоактивті заттарды қолдану кезінде осындай бұзылулардан зардап шеккен. 2022 жылмен салыстырғанда жағдай аздап өзгерді.

Бірақ былтыр алғаш рет диагноз қойылған азаматтардың саны артқан. 13,1 мың адам (11,7% көбейген) психоактивті заттардың әсерінсіз психикалық бұзылу диагнозын алды; 13,4 мың адам (4,2% көбейген) психоактивті заттарды қолданудан туындаған психикалық бұзылулармен есепте тұр.

Айта кетейік, соңғы бір жылда елдегі психиатриялық стационарлар көрсеткен қызмет көлемі 29,7% өсті. Егер 2022 жылы мұндай мамандандырылған медициналық мекемелер 42,4 млрд теңгенің (төрт тоқсандағы жалпы мәліметтер) қызмет көрсеткен болса, 2023 жылы бұл сома 54,9 млрд теңгеден асты. Негізгі қаржы көзі бюджет. Жеке психологтар көрсететін қызмет көлемі туралы деректер жалпыға қолжетімді емес.

РПДҒПО сарапшылары халықтың психикалық денсаулығына қатысты жағдайды талдай келе, біздің еліміз ДДҰ айтып отырған жаһандық үрдістермен ерекшеленетінін атап өтті. Бұл халықтың психикалық денсаулығына қатысты сауаттылығының төмен деңгейі, психологиялық және психиатриялық көмектің жеткіліксіз қолжетімділігі. Сондықтан уайымдайтын немесе депрессияға ұшыраған, бірақ ешқайда бұрылмайтын адамдардың қанағаттандырылмаған қажеттіліктері туындайды. Бұл пікірді орталық мамандары РПДҒПО 2022–2026 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспарында тұжырымдаған. Ұйым мамандары Қазақстанның өңірлерінде бастапқы психикалық денсаулық орталықтары жеткіліксіз, ал ауылдық ауруханалардағы амбулаториялық-емханалық көмектің сапасы төмен деп есептейді. Сарапшылар ҚР-да ересектер де, жасөспірімдер де суицидтің алдын алу жұмыстарын күшейту қажет екеніне сенімді. Өйткені, өзін-өзі өлтіру көбінесе депрессияның ауыр түрлерінің немесе басқа психикалық бұзылулардың өлімге әкелетін салдары ретінде қарастырылады.

Қазақстанда соңғы жылдары өз-өзіне қол жұмсау жағдайы іс жүзінде өзгерген жоқ. Бір жылда 3,5 мыңнан 4 мыңға дейін адам өз еркімен өз өмірін қиды. Былтыр 12 айда ҚР-да 3,7 мыңға жуық адам өз-өзіне қол жұмсаған. Оның ішінде 234 адам кәмелетке толмағандар.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (БП ҚС АЕК) есептері 3,7 мың адамның 99-ы ауыр психикалық жағдайда қайтыс болғанын көрсетеді. 2022 жылы мұндай суицидтер саны біршама жоғары болды: 106 адам. ҚР БП ҚС АЕК берген суицидтік мінез-құлықтың алдында болған факторлардың тізімінен марқұмдардың қандай да бір психикалық бұзылыстары бар-жоғын анықтау мүмкін емес. Дегенмен, өзіне-өзі қол жұмсаудың көптеген себептері — жақын адамдарының қайтыс болуы, ажырасу, жұмысынан айырылу, физикалық немесе психикалық зорлық-зомбылық — соңғы қадам жасамас бұрын адамның депрессиясын тудыруы мүмкін.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.