Жақында Парламент қабырғасында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов балалардың сапалы мульфильм көруі үшін 350 миллион теңге бөлу нормасы заңға енгізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, «Қазақ тіліндегі мультфильмдер өте аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлде жоқтың қасы. Бүгін бұл үлкен мәселе, өйткені балалар теледидардан гөрі интернет пен YouTube-ты көбірек таңдайды. Балалар «Синий трактор» мен «Маша мен аю» сияқты мультфильмдермен шектелмей, сапалы әрі қызықты қазақша контент көруі тиіс».
Бұл қаржы балаларға контент жасайтын басты мемлекеттік арна саналатын Balapan-ға бөліне ме, әлде өңірлердегі жекеменшік студияларға да бұйыра ма, белгісіз болған соң, Arasha Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовке шыққан еді. Депутат: «Біздікі бөлу. Мемлекеттік тілді қолдау. Басқасы министрліктің құзыретінде. Balapan сияқты» деп қысқа қайырды. Қазақ контентмейкерлері 350 млн теңге соншалықты қомақты қаржы емес дейді, бірақ YouTube жобаларына бөлінсе, бірталай дүние жасауға болады екен. Шындап келгенде, анимациялық фильмдердің сапасы қаржыға барып тіреледі. Мәселен, бүкіл әлемге танылып, көптеген тілдерге аударылған «Маша мен аю» жобасының тек қана алғашқы эпизодтарына 3 млн доллар бөлінген екен! Ал «Синий трактор» жобасы ресейлік ірі мұнай компаниясы, ұялы байланыс операторларымен интеграцияға түскен. Ал отандық контентмейкерлерді мемлекет пен бизнес қаншалықты қолдайды?
Ең алдымен, неге қазақ баласы ресейлік жобаларды қарайды деген сауалға келсек, мұның басты себебі – Қазақстанның әлі де Ресейдің ақпараттық-идеологиялық экспансиясының астында қалып отырғанының бірден-бір көрсеткіші. Ресей санкция құрсауында қалып, YouTube, Instagram сияқты платформалар шектелсе де, көрші елдерге ықпалы әлі де жоғары. Ресейдің кабельдік, спутниктік арналары бүкіл ел аумағына тарайды. Екіншіден, халықтың айтарлықтай бөлігі орысша контентті тұтына алады. Үшіншіден, «қазақша жобалар сапасыз» деген стереотиптік көзқарас та жоқ емес. Бұл стереотиптік көзқарас негізсіз. Себебі қазіргі таңда балаларға арналған қазақша 50-ге таяу ютуб-арнасы бар. Олардың ішінде әр бөлімінің қаралымы 10-15 миллионнан асқан Balafunny, Kokil TV, Shanyrak, BilimKids, Torghai TV, Salem Tai-Tai, Balapan TV cияқты арналар бар.
Balafunny жобасының продюсері Алтынай Есенжанова жолдасы, жеке кәсіпкер Әсет Есенжановпен бірге 2019 жылдан бастап YouTube-та қазақ тілін дамытатын әрі бала тілін қазақша шығаратын жобаны ойластыра бастаған.
– Бұл шын мәнінде үлкен энтузиазммен жүзеге асып жатқан жоба. Осы 2 жылдан бері жобаны жолдасымыз екеуіміз қаржыландырамыз. Әрине YouTube-тың монетизациясына біз де қосылдық. Бірақ оның өз шарттары бар. Балаларға арналған контентті Youtube шектейді, оның монетизациясы төмен. Әсіресе Қазақстанда қазақтілді контенттің монетизациясы өте төмен. Басқа елдерде мың жарнамаға 5-тен 10-15 долларға дейін төлейтін болса, бізде тіпті 1 долларға да жетпейді. Атап айтсақ, 0,4 доллар, 0,5 доллар шамасында. Жарнама көлемі өте аз және оның бағасы да тым төмен боп тұр. Монетизациядан біз айлық шығынымыздың үштен бір бөлігін ғана өтейтін шығармыз. Қалғанын өзіміз қосып отырмыз қазірше… Қайткенде де болашақта бұл жобаны өзін-өзі ақтайтындай етіп көтеруіміз керек, – дейді жоба авторы.
Алтынай Есенжанованың айтуынша, Youtube-тан түсетін қаржыдан мемлекетке 3% салық төлейді, себебі заң бойынша жеке кәсіпкерлер төлейтін салық көлемі сондай. Бірақ бұл жерде кәсіпкер шығынының бұл ақшадан көбірек екені ескерілмейді.
– Қаржылық қолдауға келсек, соңғы 2 жыл ішінде бизнеске, үлкен компанияларға демеушілік немесе серіктестік ретінде қолдау көрсетсін деп шыққаным бар, бірақ әлі де ешқайсысы қолдаған жоқ. Осы уақытқа дейін ешқандай бизнес Balafunny жобасын қолдамады. Мемлекетке де ұсыныстар жасадық. Осы жылдың маусым айында Астанада Қазақтілді контент өндірушілердің үлкен форумы өтті, бүкіл қазақтілді контентмейкерлер соған қатысып, өз жобаларының презентациясын жасады. Оған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мырзамен қатар, басқа да депутаттар қатысты. Бірақ БАҚ-та бұл тақырып көп көтеріліп жатса да, Парламентте «қазақша контент керек» деп айтылса да, мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Бізге ешкім қолдау көрсетіп, грант берген жоқ, – дейді Алтынай Есенжанова. Ал қазақша контентке сұраныс тек Қазақстанда ғана емес, қазақ диаспорасы тұратын басқа елдерде де орасан екен.
Balafunny жобасын Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Америка мен Түркияда өте жақсы қарайды. Жоба авторы бұл жайында: «Бұл жерде «қаралымның орташа уақыты» деген бар, соған мұқият қарау керек. Мысалы, кей жерде қаралым саны көп, ал қаралым ұзақтығы аз болуы мүмкін. Яғни, біреуге плейлистке түсіп кетіп, кездейсоқ қараған болуы мүмкін. Бірақ бала бұл видеоны соңына дейін қарамайды, себебі шетелде біздің тілді түсінбейді. Ал Америка мен Түркияда қаралым ұзақтығы 2,5 минут. Яғни, ол жақта біздің арнаны қарап отырған көрермен бар деген сөз. Яғни, қазақша түсінетін адамдар боп тұр» – дейді. Жобаның тағы бір бағыты – қазақша сөйлейтін аудиокітаптар мен ойыншықтар шығару. Жақында продюсердің бастамасымен қазақ тілінде дыбысталған Balaphone ойыншығы шығарылған. Продюсер авторлық құқық мәселесіне де ерекше тоқталады. Оның айтуынша, арнадағы әндерді композитор Руслан Меңдіғұл шығарып, оның жары Әсел мәтінін жазады. Бүкіл әндер авторлық құқықтарымен сатып алынған.
– Әрине, бизнес ретінде мен Balafunny жобасына жұмсаған қаржыға, тіпті оның үштен бір бөлігіне баяғыда бір дүкен, дәріхана немесе сұлулық салонын ашып қойып, пайда көріп отыруыма да болар еді. Сондықтан жеке кәсіпкерлер бұл салаға бармайды. Мұндай жобаларды демеуші ретінде үлкен корпорациялар алып жүруі мүмкін. Бірақ оларға да демеушілік жасаған соң үлкен аудитория керек. Ал үлкен аудитория көбінесе орысша контентте боп тұр. Сондықтан кішкене қиындықтар бар. Бірақ мұның бәрі уақытша. Және бұл жағдай өзгеріп келе жатыр. Қазіргі үрдіс өте жақсы, – дейді Алтынай Есенжанова.
Танымал ютубер, Jaidarman жобасының атқарушы директоры Жанасыл Болатбек YouTube контентін екіге бөліп қарау керек дейді. Бірі – өзін-өзі асырайтын жобалар болса, екіншісі – қазақ тілінің дамуы үшін жасалатын дүниелер. «Сондықтан тілдің дамуы үшін жасалатын жобалар мемлекеттен грант алу арқылы немесе белгілі бір компаниялардың демеушілігінің арқасында ұзақмерзімді жұмыс істей алады. Соның өзінде белгілі бір жүйе құру керек немесе бұл бағытта жұмыс істеп жатқан азаматтарға барынша қолдау білдіру керек» дейді.
Бұл тұста қолайлы жүйе қалыптастыратын тиісті заң қабылдау да артықтық етпейді.
– Ал егер грант, оның ішінде бала тілін қазақша шығаруды көздейтін қаржы ретінде қарасақ, 350 млн теңге өте аз. Неге қазақтілді Youtube жобалары өзін-өзі асырай алмайды? Біріншіден, бізде көрермен аз, сондықтан қаралым да аз болады. Салыстырмалы түрде орыстілді немесе басқа тілді жобамен бәсекелестікке түсе алмайды. Екіншіден, Youtube-тың Қазақстан немесе ТМД деңгейінде монетизациядан келетін тікелей ақшасы өте төмен. Орта есеппен бір миллионға 200 доллар. Бұл басқа елдерге қарағанда өте төмен көрсеткіш. Ал Қазақстанда өнім жасап, оны әлемдік нарыққа бірнеше тілде шығаратын болса, онда Dbillions сияқты өзін-өзі ақтай алады. Бірақ бұл жерде тіл деген нәрсені алып тастауға тура келеді, – дейді маман.
Dbillions жобасы – Қырғызстанның брендіне айналған, продюсер Эрнест Үмбетәлиев ойлап тапқан сәтті жоба. Әлемнің оннан астам тіліне аударылатын жобаның қырғызша нұсқасы да бар. Бұл орайда жоба продюсері «6 млн қырғыздың бір әнін 65 млн рет қараған. Яғни, сыртта да қырғызша жоба қаралады» деп мақтанышпен айтады. Жобаның сәтті шығуының бірден-бір себебі – оның негізін қалаған азаматтардың бәрі кәсіби музыканттар. Яғни, олар Қырғызстандағы «той бизнесінен» кетіп, жас ұрпақ үшін сапалы өнім жасауды көздеп, кәсіби мультипликаторлармен бірлесе жұмыс істей бастаған. 2024 жылдың басынан санасақ, бұл жоба шамамен 3,4 миллион доллар табыс тапқан.
Жанасыл Болатбек:
– Dbillions, «Маша мен аю» сияқты жобалар әлемдік нарыққа жұмыс істейді. Оларда тілге, ұлттық идеологияға қатысты мақсат жоқ немесе бұл бағыт қосымша жүреді. Сыртқы нарыққа жұмыс істеген соң, басқа тілдерде шығады. Dbillions қырғыз экономикасына ақша тұрғысынан пайда әкеліп жатқан шығар, бірақ тіл тұрғысынан ондай үлкен мақсат көздемейді. Басында демеушілік жасалса және дұрыс коммерциялық жоспар құрылса, кез келген жоба әлемдік нарыққа шықса ғана өзін-өзі асырайды. Бұл тұрғыдан мемлекет жүйе қалыптастырып, тіпті тиісті заң қабылдап беруі де мүмкін, – дейді.
Оның айтуынша, креативті индустрия бағытында Jaidarman жастары да жұмыс істеуге дайын.
– Шындап келгенде, менің өзім креативті индустрияға байланысты жиынға екі рет бардым. Ол жақтан жауапты адамдар келмейді. Талқылау ғана бар. Қазір ондай шараларға бармаймын, талқылаудан басқа ешқандай нәтиже жоқ. Жоспарларын көрдім, орталық құрамыз деген жоспарлары ғана бар… Бірақ нәтиже жоқ. Креативті индустрия бағытында қандай да бір ұсыныстар болса, біз жұмыс істеуге дайынбыз. Өйткені бұл біздің жұмысымыз. Бар жүйені креативке бейімдеу керек, – дейді.
Креативті экономиканы дамыту Ресейде мемлекеттік деңгейде көтеріліп, балалар мен жасөспірімдерге арналған анимациялық фильм шығарушыларға бірқатар салық жеңілдіктері мен қолдау бағыттары айқындалды. Көрші елде үкімет те, бизнес те балалар жобаларын қолдайды. Қазірше Қазақстанда бұл салаға бөлінетін қаржы көңіл көншітпейді.
Кәмшат ТАСБОЛАТ
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024