20-10-18 |
2830 рет қаралған
Ұстазға жасалған қамқорлық – сенімді болашаққа берілген кепілдік.
Ұстазға жасалған қамқорлық – сенімді болашаққа берілген кепілдік

«Жетістікке жетудің үш ережесі: өзгелерден артық білу, өзгелерден көп еңбектену, өзгелер күткеннен азға үміт ету» деген екен белгілі ағылшын драматургі Уильям Шекспир. Осы үш қағиданы әрбір қазақстандық өмірінің мәні еткенде біздің жеткен жетістіктеріміз бүгінгіден де жоғары болар еді. Дегенмен, азаматтарды алға жетелеуде, бағыт-бағдар беруде Елбасының жыл сайынғы Жолдауларының мәні зор. Қазан айының басында Ақордада президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев кезекті Жолдауын жария етті. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталатын бұл құжат қарапайым халықтың ең өткір мәселелерін қамтуымен құнды болып отыр.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті тетіктеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне бағытталған стратегиялық маңызды құжатта білім беру саласына, балабақша мен тәрбиешілер жағдайын жақсартуға, орта мектептердің оқу бағдарламаларын Назарбаев зияткерлік мектептерімен үйлестіруге, жоғары оқу орындарына қойылатын талапты күшейтуге, сонымен бірге, мұғалімдердің мәртебесін көтеруге қатысты қадау-қадау ойлар айтылып, нақты тапсырмалар жүктелген.

 Жаңа Жолдау жарияланар кезде өткен жылдың жетістігі мен кемшілігін таразы басына салатынымыз заңдылық. Бұл жолы да ертеңгі күннің бағытын айқындамас бұрын ізденістер мен іркілістер бір сүзгіден өткізілді. Осы ретте Мемлекет басшысы «Еліміз бен Астанамыз халықаралық қауымдастық сенетін жерге айналды. Біз Еуразия өңірінің қаржылық, іскерлік, инновациялық, мәдени орталығы ретінде және өзіміздің болашағымыздың межесі ретінде қамтамасыз ету үшін жаңа елордамызды салдық. Ол бүкіл халқымыздың қуанышы мен мақтанышына айналды. Халық саны осы жылдардың ішінде 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа дейін артты. Біз берік экономикалық негіз қалыптастырдық», – деп атап өтті. Расында да, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Қазақстан  халқының саны 14 миллионнан аспайтын еді. Демографиялық өсімнің артуына жасалған қамқорлықтың арқасында халықтың саны артты, ел еңсесін тіктеді. Ендігі жерде осы тұрғындардың әл-ауқатын көтеріп, сапалы, салауатты өмір сүруіне жағдай жасау – мемлекеттің негізгі міндеті. Осыны айтқан Елбасы келер жылды жастар жылы деп атап, жастардың біліміне көп назар аудару керектігін қатаң тапсырды.

Ең алдымен, балабақшалардың жағдайын жақсарту, онда еңбек етіп жүрген тәрбиешілердің мәртебесін айқындау күн тәртібіне қойылып отыр. Бұған дейін балабақшалардың аздығынан кезекте тұрған бүлдіршіндерге жеке күтуші жалдауға, жекеменшік бақшаларға жіберуге тура келетін. Қауіпсіздігі мен жайлылығы күмән тудырғанмен, халықтың басқа амалы жоқ еді. Бір қуанарлығы, бұл түйткіл жергілікті әкім-қаралардың ұйытқы болуымен шетінен оң шешіліп келеді. Демеушілердің қолдауымен балабақшалар санын көбейтуге қатысты әрекет аз жасалып жатқан жоқ. Өз бастамасымен білім мекмесін ашып, балаларға қамқорлық көрсетіп отырғандарға мемлекеттік қолдау да жасалуда. Одан бөлек, балабақша қызметкерлерінің мардымсыз айлық алатыны да басы ашық әңгіме. Көпшіліктің ойында жүрген бұл түйткіл елбасы Жолдауынан кейін тарқатылса, қанеки. Халық алдында сөйлеген сөзінде Елбасы: «Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі күшейту талап етіледі. Бүгінде ғылым саласы баланың ойлау қабілеті мен ақылы алты жасқа дейін қалыптасатынын айтуда. Осы мәселеге тиісті деңгейде мән беріліп отырған жоқ. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдіснамасын, тәрбиешілер мен балабақшадағы өзге де қызметкерлердің еңбекақы жүйесін қайта қарап шығу керек», – деді.

Егер бала кішкентайынан алғыр, зейінді болып өссін десек білікті тәрбиешілерді таңдай білуіміз керек. Ал айлығы аз жұмысқа ешқандай мықты маманның келе қоймасы белгілі. Өйткені, бүгінгі жастар өзінің орнын біледі, жұмысының бағаланғанын қалайды. Қазіргі айлыққа үш тілді жетік меңгерген мықты педагогты табу қиын. Осыдан келіп жұмыс ақсайды. Немесе қосымша дәріс оқитын мамандарды балабақшалар шеттен алуға мәжбүр болады. Айлығы күнкөрісіне жетпеген соң мұндай мамандардың екі-үш жерде қатар жұмыс істеп, нәпақа табатыны ешкімді таңқалдырмайды. Жақсы білім беруді емес, бір жұмыстан екінші жұмысқа кешікпей жетуді ғана ойлайтын мамандардан қандай нәтиже күтуге болады? Әрине, жоғары ақы төлеп, балабақшаға келген балаларға ағылшын тілін де үйретіп, орыс тілін де меңгертіп, қазақшаға қанық етіп, биге де, әнге де баулып, логопедтің де көмегімен қамтып отырған балабақшалар бар. Бірақ, олардың бәрі ақылы. Бағасы кейде 100-200 мың теңгенің айналасына бірақ жететін мұндай балабақшаларға баласын беруді екінің бірінің жағдайы көтере бермейді. Егер Жолдауда міндеттелген шешімдер өз ретімен орындалар болса, мемлекеттік балабақшалардағы жағдай жеке қолдағы мекемелермен теңелері даусыз. Ал ол үшін балабақша жұмысына, ондағы қызметкерлердің еңбекақысына қатысты үлкен өзгерістер жүргізілуі керек. Мемлекет басшысының айтуынша, биыл Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесе отырып тиісті Жол картасын әзірлейді. Онда балабақша қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру мәселесі кешенді түрде қаралмақ.

Педагогтар жалақысын өсіру бүгінгі күні өзекті мәселе екендігі ақиқат. Әрине, бұған дейін тәрбиешілердің әлеуметтік жағдайы ескерілмеді деп айтуға болмайды. Өйткені, статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы 15 жылда педагогтардың еңбекақысы 6,5 есе өскен. 2016 жылы еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу есебінен жалақы 29 пайызға жоғарылады. Соған орай бүгінде балабақша қызметкерлерінің орташа жалақысы 72 мың теңгені құрап отыр. Бірақ, бұдан салыққа, бірыңғай зейнетақы қорына аударылатын жарнаны шегеріп тастағанда қолға 60 теңге тиетіні белгілі. Ал бұл сомаға нарықтық заманда толыққанды күн кешу қиын.

Президент Жолдауынан кейін тәрбиешілер жұмысына, алатын айлығына талдау жасаған Білім және ғылым минстрлігінің өкілдері білім саласы қызметкерлерінің кірістерін жоғарылату бойынша қосымша шараларды қолға алуда. Кәсіптік одақтар және қызметкерлердің талқылауына міндетті түрде шығару арқылы сұрақты кешенді қарастыру жоспарланып отыр. Білім және ғылым вице-министрлері Эльмира Суханбердиева мен Бибігүл Асылованың айтуынша, бүгінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Жол картасын жасалған. Жұмыс тобы құрылып жатыр. Бірыңғай ұлттық біліктілік тестілеуін енгізу бойынша жұмыстар да басталған. Бұл не үшін керек?

Министрлік өкілдерінің сөзінше: «Бүгінде орта буын педагогтарына арналған біліктілік тестілеуі әзірленіп қойған. Сонымен қоса, биыл маусым айында 56 910 педагог сол тестілеу бойынша аттестаттаудан өтті. Тестілеуден және екінші кезеңнен өткен мұғалімдер 1 қыркүйектен бастап жаңа жалақы алып жатыр. Келесі тестілеу 2018 жылы қарашада өтеді. Тәрбиешілер үшін де осындай ұлттық біліктілік тестілеуін енгізу жоспарланып отыр.Ұлттық біліктілік тестілеуінің нәтижелері бойынша 30%-дан 50%-ға дейін қосымша төлемақы енгізіледі, яғни, бұл тәрбиешілердің ғана емес, балабақша меңгерушілері мен әдіскерлерінің де жалақысына қатысты». Яғни, тәрбиешілермен қатар балабақша меңгерушілерінің де жалақысы енді біліктілік тестін қандай деңгейде тапсырғанына қарай өспек. Бұл айлықтың қызметкер біліміне тәуелді екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова Президент тапсырмасына сәйкес 2023 жылға қарай жалпы білім беру саласына жұмсалатын шығындар біршама артады. «Бізге бөлінетін қосымша қаржының арқасында, 2019 жылдан бастап балабақша тәрбиешілерінің, әдіскерлері мен меңгерушілерінің жалақысы өседі. «Педагогтардың мәртебесі туралы» заңды әзірлеу аясында мектеп директорлары мен директор орынбасарларының да жалақысын көтеру қарастырылып отыр. Сонымен қатар педагогтарды қолдау мақсатында сыныпқа жетекшілік еткені және дәптерлерді тексергені үшін жалақыны үш есеге дерлік арттыру қарастырылуда. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді», – дейді Бибігүл Асылова.

Демек, сең бұзылды. Педагогтарға жасалатын қамқорлық шегі кеңейді. Мұны тек ұстаз, тәрбиешілердің мәртебесін көтеруге, материалдық жағдайын жақсартуға жасалған қамқорлық деп тар шеңберде түсінбеуіміз керек. Себебі, мұның астарында елдің ертеңіне, ұл-қызымыздың болашағына деген алаңдаушылықтың жатқанын түсіну қиын емес. Қазір жерінің кеңдігімен, табиғи қазбасының молдығымен мақтанатын уақыт емес. Байлықтың да сарқылатын, таусылатын кезі болады. Ал адамның білімі, ой ұшқырлығы, идеясы күн өткен сайын толығып, жаңа бастамаларға қанат бітіріп отырады. Сондықтан, келешегін ойлаған мемлекеттер ең алдымен білім саласының жыртығын жамауға, білікті педагогтар шоғырын қалыптастыруға кұш салады. Одан қаржыны аямайды. Біздің еліміздің де осы бағытты құптайтыны, осы жолмен жүруге талаптанып жатқаны қуантады.

Шынар Сембаева,

Алматы қаласы №166 балабақшаның тәрбиешісі

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.