Біз
әлеуметтік
желіде
21-03-25 |
280 рет қаралған
Ұлттық құндылықтар – тәрбие бастауы.
Ұлттық құндылықтар – тәрбие бастауы

Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақ Ұлттық университетінде философия ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнар Мәлікқызының ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтар – тәрбие бастауы» деген тақырыпта жиын өтті. Жеке тұлға ретінде енді қалыптасып келе жатқан болашақ мамандар үшін ұлттың ерекшелігін, болмыс-бітімін, тілін, дінін, ұлт ретіндегі ерекшеліктерін жете білу, оны өз тарапынан сараптай алу, күнделікті өмірде қолдану аса маңызды. Ұлт құндылығы ұрпақ сабақтастығына қызмет етуімен бағалы.

Халқымыздың болашақ ұрпақ үшін қалдырған мұрасы баршылық. Ата- бабамыз ұрпақ тәрбиелеуде өткен тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін ерекше ептілікпен пайдалана білген. Қазіргі қоғамда белең алған мейірімсіз ана мен қайырымсыз әкенің көбеюіне де осы бір ұлттық жауһарларымызды ұлықтаудың жеткілікті деңгейде насихатталмауы себеп екені рас. Бала тәрбиелеудегі басты әдіс ұлттық құндылықтарға негізделуі керек екендігін әлдеқашан түсіндік. Осы ретте қазіргі күні «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» демекші, әжелер институты, әкелер мектебі секілді тәрбие беру әдістері қолға алынып, белсенді түрде жұмыстарын жүргізуде. Бұл қадам қоғамды тәрбиелеуді отбасын тәрбиелеуден бастау керектігіне көзімізді жеткізе түседі.

Жиын барысында студенттерге қазақ халқының ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптарынан мысал келтіріліп, олардың қазіргі қоғамдағы маңыздылығы түсіндірілді. Үйге тапсырма ретінде қазақ халқының өмір сүру салты мен дүниетанымдық көзқарастарының негізін қалаған – салт-дәстүрлерді көрініс ретінде дайындап келу берілген екен. Қазақтың аушадияр, асар салу, жиенқұйрық, сырға салу, көрісу секілді дәстүрлерін студенттер аса ыждағаттылықпен дайындап келіпті. Жастар дәстүрлердің өзіне тән мәні мен мағынасын осы көріністер арқылы жарыса талқылады. Бұл көріністерден жастардың қазақи тәрбиені мақтан тұтатындығын байқауға болады. Студенттер көне дәстүрлерді қызыға түсіндіріп, болашақта қазағы салт-сананы өмірінің бағдарына айналдыратынын жарыса айтып жатты.

Қазіргі қоғамда қолданыста жоқ аушадияр айту дәстүрін сипаттай отырып, 2-курс студенті Сымбат Жанбасбаева бұл дәстүрдің өздеріне қатты ұнағандығын айтып өтті.

– Студенттер арасында досымыз шаңырақ көтеріп, кішігірім дастархан жасап шақырды. Құндылықтарды дәріптеу сабағына дайындалып, аушадияр жаттап жүргенбіз. Аушадияр – осындай үйлену тойларында жас отау құрған екі жасқа арналып орындалатын өзінше бір ерекшелігі бар дәстүрлі ән айту рәсімі ғой. Анығы – тілек пен бата айтылатын жоралғы. Содан сөз кезегі өзімізге келгенде он шақты студент шыға келіп аушадиярды бастап кеттік. Қонақтарды таң қалдырып, шапалақты қайта-қайта соқтырып барлығының көңілін өзімізге аудардық. Бұл қазіргі кездегі тойларда айтылатын ұзын-сонар мән-мағынасы жоқ жаттанды тілектерге қарағанда, осындай көнеден келе жатқан әдемі дәстүрімізді жаңғыртқанымыз жөн екендігінің айқын мысалы. Біздің ата-бабамыз барлық нәрсенің жөнін, жоралғысын жақсы білген екен ғой, – деп аяқтады сөзін.

Шындығында, аушадиярды үлкен-кіші тең жаттап, бір-бірін жалғастырып кетіп айтатын болса қандай жақсы болар еді.

Осы тұрғыда философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратовтың пікірімен келіспесек болмайды. «Адам әлемді құндылықтық деңгейде игергенде міндетті түрде өзінің қажеттіктері мен мүмкіндіктерін жүзеге асыру мақсатын алға қояды. Бұл жерде өзіндік метафизикалық астар бар екенін де жасыруға болмайды», – дейді ғалым. Профессордың айтайын деп отырғаны адам нені өзіне құнды етіп санайды, сол адам болмысының өмірлік мақсатына айналады. Бұл пікірдің де орынды екендігін растау керек, себебі, қазіргі жастар үшін басты құндылық – ұлттық құндылықтар болатын болса, болашақ ұрпақтың тәрбиесі жайлы алаңдамауға болады деген сөз.

Ұлттық құндылықтардың негізі, түп-тамыры – сонау ата-бабамыздың өмірлік салтынан, дүниетанымынан бастау алып жатыр. Құндылықтар – көптеген ғасырлардың, ата-бабамыз өмір сүрген кезеңдердің әлеуметтік құрылымының нәтижесі. Сол себепті ол жалғасын табуы қажет. Болашақ ұрпақ санасынан өшпеуі маңызды.

Студенттердің бір тобы ежелден келе жатқан дәстүріміз көрісу мерекесін көрініс етіп көрсетті. Көрісудің де өзіндік мағынасы баршылық, оның философиясы тереңде. Кезінде ата-бабамыз көшпелі өмір салтын ұстанған уақытта, көктем келіп күн жылына бастаған кезде ойдан-қырдан жиналып көрісу, яғни амал мерекесін тойлаған.

Осы ретте Аиша Дәулет деген студент өзінің әсерлерімен былай бөлісті: «Көрісу дәстүрі маған қатты ұнады. Себебі, көрісу кезінде шынымен де адамдар арасында жақындық, жылу орнайды екен. Біздің ата-бабамыз қандай ғұлама болған. Осындай салт-дәстүрлердің арқасында-ақ бүтіндей бір халықты шашау шығармай тұрақтылықта ұстап отырған. Қазіргі қоғамда орын алып жатқан әкесі мен ұлының жауласып, анасы мен қызының бет жыртысуы секілді сұмдық оқиғаларды естігенде, біз үшін ұлттық құндылықтарымыз – ең қажет тәрбие екендігін түсіндім», – деп аяқтады сөзін.

Ұлттық құндылықтардың маңыздылығын философия ғылымдарының докторы, профессор Төлеуғали Бөрібаев өзінің «Діл философиясы» атты еңбегінде өте терең негізде қарастарып өткен. «Қазақ халқы ділін танып-білудің көзі – сол ұлттың ғасырлар бойы жинаған, тарих сындарынан сүрінбей, халықпен бірге жасасып келе жатқан, оның ұлттық нышаны мен бет-әлпетін өзгеден ерекше етіп көрсететін салт-дәстүрі, мақал-мәтелдері, шежіресі, шешендік толғаулары, аңыз-ертегілері, фольклоры, діні, айтысы, сөз өнері, ауыз әдебиеті, жалпы мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, өмір салты», – дей отырып, қазақ халқының ұлттық құндылықтарының сипатын анықтап көрсетеді. Құндылықтардың әрқайсысына анықтама бере отырып ғалым олардың болашақ ұрпақ үшін қаншалықты маңызы бар екендігін, нарықтық заманда ұлттық құндылықтарға шүбә келтіріліп, тіпті олардан бас тарту, батыстық құндылықтарға ұмтылу деген секілді мәселелердің де орын алғандығын жасырмады. Бірақ ата-бабамыз салып кеткен сара жол, қоғамдағы кез келген қиыншылықты, өмірмәнділік мәселелерді жақсылыққа шақырумен, жақсы жаққа бағыттаумен шешіліп отырған. Атамыз қазақ әрқашан қиындыққа мойымай алға жүруге, төзімді болуға үндеген ғой. Ұлтымызға тән ұлттық құндылықтарға арналған семинар сабағы өз  мақсатына жеткеніне сенім мол. Халқымыздың өмір салтындағы тұрақтылықты сақтау үшін рухани үлгі ретінде ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртудан шаршамауымыз қажет. Ұлтымыздың болашағы – болашақ мамандармен өткізілген бір ғана ашық сабақтың нәтижесі жоғарыдағыдай. Жастар атадан қалған құндылықтармен сусындап, оның мәні мен мағынасын зерделеп, пікір қалыптастырды. Еліміздің болашағы жастардың қолында дейтін болсақ, елдігімізді қалыптастырған ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуден шаршамауымыз қажет.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.