Біз
әлеуметтік
желіде
03-03-25 |
120 рет қаралған
Жалған ақпарат таратқандарға жаза бар.
Жалған ақпарат таратқандарға жаза бар

Ғаламтордың пайдасымен қоса, залалын да байқап жүрміз. Шындығына келгенде ғаламтор ақпарат алуға, ізденуге, тәжірибе алмасуға, жаңашылдықтармен танысуға, өзіңді дамытуға мүмкіндік ұсынатын әмбебап алаң. Осындай артықшылығы көп болғанымен, ғаламторға телмірген жандардың көз жанарының әлсіреп, ойлау қабілетінің тежелетіні, уақытын жоғалтып, жүйкесіне ауыр салмақ түсетіні тағы рас. Әсіресе, ғаламтордағы тексерілмеген, анықталмаған, сүзгіден өткізілмеген ақпараттардың қоғамды дүрбелеңге салып, адамдарға үрей туғызатын кезі де көп. Жалған ақпараттан зардап шегетіндер қатары кейінге кезде тіпті үдей түсті. Себебі, біреу атын шығару үшін «жер өртесе», біреу табыс табу үшін жалғанды жалпағынан басуда. Өз есебін түгендегісі келгендердің өзгелердің ар-ұятына, қайғы-мұңына көңіл аудармайтыны тіпті таңқалдырмайтын болған.

Алайда, құқықтық мемлекетте, зайырлы қоғамда жалған ақпараттың таралуына жол берілмеуге тиіс. Жалған ақпарат ел тыныштығын бұзады, көпшіліктің ынтымағына іріткі салады, азаматтардың бойына қорқыныш ұялатады, өзі үшін, жақындары үшін алаңдаған жандардың көңілінде беймазалық туғызады. Жеке адамдардың бет-бейнесіне, абырой-беделіне нұқсан келтіретінін айтпағанда, жалған ақпараттың қоғамға тигізер залалы орасан.

Мысалы араға біршама уақыт салып «Алматыда жойқын жер сілкінісі орын алады. Сақтық керек» деген сарындағы хабарламаның таралуы жылдағы дәстүрге айналып барады. Былайғы жұрт мән бермегенмен, жалған ақпаратты қариялардың шындық деп қабылдауы мүмкін. Мұндай ақпарат жалғызбасты қарттардың, шиеттей балаларымен жалғыз отырған аналардың берекесін кетіреді. Күні кеше ғана былтырғы су тасқынының суреттерін қайта салып, «Қарғын судан сақтаныңыздар!» деген хабарламалар да бой көрсете бастады. Ел ішінде үрей туғызатын мұндай ақпараттардың алдын алуда құзырлы органдардың атқаратын ісі ауқымды.

Ең алдымен құзырлы органдар әлеуметтік желілерде таралып, көпшіліктің алаңдаушылығын тудырған ақпараттарға бірден назар аударуы тиіс. Апаттың болмайтынын өзі біліп тұрғанымен, ол жайында халықтың білмейтінін ұмытпағаны жөн. Соған орай жалған ақпараттарды терістеу, халықты тек ресми ақпараттарға ғана назар аударуға дағдыландыру аса маңызды.

Екіншіден, қарапайым халықтың құқықтық сауатын арттыру бағытындағы жұмыстар тоқтамауы керек. Құқықтық мәдениеті қалыптасқан азаматтар тараған ақпаратты шындықтай қабылдамайды. Олар өзі естіген хабарламаның ақиқатына көз жеткізу үшін бірнеше дерек көзін тексереді. Қазір ғаламторға кірген кез келген адам өзіне қажетті мемлекеттік органның байланыс номерлерін қиындықсыз тауып ала алады. Осы номерлерге қоңырау шалып, ресми органдардың жауабын білу адасудан сақтайды. Өз кезегінде кез келген мемлекеттік орган кейбір шектеулі мәліметтерден бөлек, көпшілік тарапынан сұратылып жатқан мәліметтерді дер кезінде ұсынуға міндетті. Мемлекеттік органдар ұсынған ресми ақпаратты азаматтардың бөлісуіне ешқандай шектеу қойылмаған.

Үшіншіден, жалған ақпарат таратқандарға қатысты еліміздің заңнамаларында белгіленген жауаптылық туралы айтып, жазып тұру кезек күттірмейді. Себебі әкімшілік, қылмыстық кодекстерге сәйкес, бізде мемлекетке, қоғамға және азаматтардың құқығына елеулі зиян келтіруі мүмкін көрінеу жалған, экстремистік және басқа да құқыққа қарсы ақпаратты таратуға тегеурінді тыйым салынған. Соның ішінде Қылмыстық кодекстің 274-бабына айрықша тоқталған артықтық етпейді. Бұл бапта  көрінеу жалған ақпарат таратушыларға жауаптылық белгіленген. Яғни, әдейілеп жалған ақпарат таратушылар жазасыз қалмайды.

Мсыла аталмыш баптың 1-бөлігіне сай қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқығы мен заңды мүддесіне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүддесіне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратқандарға 1 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Немесе айыпты азамат түзеу жұмыстарына не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартылуы, болмаса бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін. Бұл жерде жауаптылық жалған ақпараттың қоғамға әкелген зардабына, зиянның көлеміне, қоғамның тыныштығына әсеріне, зардап шегушілердің санына байланысты белгіленеді.

Егер көрінеу жалған ақпаратты белгілі бір топ әдейі ұйымдастырып таратқан жағдайда, немесе адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған кезде, сондай-ақ БАҚ алаңдарын, әлеуметтік желілерді, телекоммуникация желілерін пайдалана отырып таратқан жағдайда жауаптылық қатаңдатыла түседі. Сәйкесінше мұндай құқық бұзушылық жасағандарға үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынып, немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту қолданылады. Бұдан бөлек альнернативті жаза ретінде айыптыларды сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын айта кеткеніміз жөн.

Яғни, жалған ақпаратты әшейін білместікпен айта салғаны үшін жаза арқалайтындар да бар. Бұл кезде жаза азаматтың қателігін түсіндіруге, жауаптылығын көтеруге бағытталады. Ал белгілі бір топ құрып, ұйымдасып, БАҚ-тың көмегіне сүйене отырып жалған ақпарат таратқандардың ойлаған ойы, мақсаты жақсы болмайтыны түсінікті. Мұндай топтар елге іріткі салуды, көпшілік арасын бүлдіруді көздейді. Сол арқылы өзіне ұпай жинағысы келуі мүмкін. Сондықтан, оларға қатысты жауаптылықтың қатайтылуы орынды қадам.

Көрінеу жалған ақпарат таратудың салдарынан азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келетін, немесе өзге де ауыр зардаптар тудыратын кездер де болады. Мұндай жағдай орын алғанда айыптыларға бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынып не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады. Немесе бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тарту не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы заңмен қарастырылған.

Дәл осы көрінеу жалған ақпарат таратуды қылмыстық топ жасаған кезде, немесе мұндай әрекет елде төтенше жағдай орын алғанда, не ұрыс жағдайында не жария іс-шаралар өткізу кезінде жасалса жаза тіпті қатая түседі. Мұндай әрекет үшін Қылмыстық кодексте сотталушыларға  үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы айқындалған.

Осыдан көріп тұрғанымыздай, жалған ақпарат үшін жауаптылық бар және ол осал да емес. Сондықтан, отыз тістен шыққан сөздің отыз рулы елге таралатынын ұмытпайық. «Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады», «Оқ жарасы бітер, сөз жарасы бітпес» деген даналар сөзі сөзге селқос қарамауға үндейді.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.