07-10-18 |
1010 рет қаралған
АҚШ Жоғарғы сотының судьясы Бретт Кавано ант берді.
АҚШ Сенаты Бретт Каваноны Жоғарғы сотының судьясы қызметіне бекіткеннен кейін бірнеше сағаттан соң ол ант берді.

Каваноның кандидатурасын осы қызметке ұсынған АҚШ президенті Дональд Трамп Сенаттың шешімін ризашылықпен қабылдағаны туралы Twitter әлеуметтік желісіндегі парағына жазды.

Каваноның Жоғарғы соттың мүшесі болуына қарсы жүздеген адам көшеге шыққан.

Бақылаушылар құрамына тоғыз судья енетін Жоғарғы соттың бес мүшесі консервативтік, төртеуі – либералдық көзқарас ұстанатынын айтады.

Каваноның кандидатурасын бекіту үшін күрес бірнеше айға жалғасты. Демократтар консервативтік көзқарастағы судьяны тағайындау абортты заңдастыру туралы шешімнің күшін жоюға әсер етіп, Барак Обама президент болған кезде қабылданған денсаулық саласындағы реформаға, кәсіподақтар құқықтарына қауіп төндіруі мүмкін деген уәжбен Каваноны бұл қызметке қоюға қарсы болған. Бірнеше әйел Кавано кезінде «жыныстық бопса жасады» деп айыптағаннан кейін демократтар бұл істі мұқият тергеуді талап еткен. Олардың кейбірі әйелдердің айтқанына сенетіндерін мәлімдеген.

Республикашылдар әлгі әйелдердің айтқанына дәлел жоғын алға тартып, оппоненттерін судья Кавано мен оның отбасына қарсы науқан ұйымдастырды деп айыптаған.

Жұма күні Республикалық партия бақылауындағы Сенаттың 50 мүшесі (49 республикашы және бір демократ) Каваноның кандидатурасын қолдап, 48-і (демократтар) қарсы дауыс берген. 

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.