16-05-18 |
4590 рет қаралған
Айсұлу ЖҰМАТОВА: «Ата-ананың жылуын көрмеген бала қылмысқа бейім».
Айсұлу ЖҰМАТОВА: «Ата-ананың жылуын көрмеген бала қылмысқа бейім»

Айсұлу ЖҰМАТОВА,

Ақмола облысы бойынша кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының төрайымы:

Айсұлу Өмірсерікқызы, жассөпірімдер қолымен жасалатын қылмыстардың жиілеп кеткені жиі айтылады. Сонымен бірге, қылмысты жасаушылардың қатігездігі де ортаны ойландырып отыр. Бұл ненің белгісі? Әлде біз балаларға дұрыс тәрбие бере алмай, жол көрсете алмай келеміз бе?

– Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің мәліметтері бойынша, өткен жылы ауыр, аса ауыр қылмыс түрлері кемігенімен, жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны артқан. Балалардың мектеп табалдырығында жүріп-ақ арақ-шарапқа, темекіге әуестенуіне, онымен қоймай қылмыс жасауына жиілеп отыр. Бұл мәселе кімді де болса бейжай қалдырмайды. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің міндеті не? Олар ең алдымен өзінің балалық шағын оқуға, білімін көтеруге, танымын кеңейтуге арнауы тиіс. Ал ата-аналар баласының қамсыз балалығын қамтамасыз етіп, ұл-қызының сабақ оқуына, өзін қызықтырған үйірмелерге баруына қолайлы орта, жағдай қалыптастыруға міндетті.  Алайда, қазір өз міндетін дұрыс орындамаған ата-ана баршылық. Соған орай қараусыз қалып, тәртіп бұзған балалар саны да айтарлықтай көп. Әрине, жаңылыс басып, теріс жолға түсетін балалар әр өңірден кездесіп жатады. Оған аймақтың қандай да бір ықпалы жоқ. Баланың теріс тәрбиесіне отбасындағы жағдайдың, қоршаған ортасының әсері айтарлықтай. Биыл кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотында 5 жасөспірімге қатысты іс қаралып, таразыланды. Айыпты орындығында ересек адам емес, өндірдей жасөспірімнің отыруы істі жүргізетін бізге де үлкен салмақ салады. Кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған соттар жұмысының қиындығы да осында болса керек. Оның үстіне, бесіктен белі шықпаған балаларды бас бостандығынан айыру жазасына кесу оңай емес. Дегенмен, істі болған кәмелетке толмағандарға жаза тағайындаудан гөрі, тәрбиелеу жағына көбірек ден қоямыз.

Жасөспірімдер қылмысында интернеттің, бұқаралық ақпарат құралдарындағы зорлық, қатігездікке қатысты ашық материалдардың ықпалы орасан. Шындап келгенде, бүгінгі балаларды ата-анасы емес, осы ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер тәрбиелеп отыр. Жұмысбасты ата-ананың баласының немен айналысқанын, нені көріп, нені оқып жүргенін қадағалауға уақыты да, шамасы да жоқ. Ең бастысы, бақылауға деген ынта аз. Балалар ойнайтын ойын түрлері де атыс-шабысты, әлдінің әлсізге әлімжеттігін насихаттайды. Ал, осындай қоғамның тек көлеңкелі жағын көріп өскен, өзіне ешкім назар аудармаған балалардың қылмысқа бейім болатыны түсінікті емес пе? Мысалы мен қараған істердің біріндегі бас бостандығынан айырылған бозбала дүкен сатушысын соққыға жығып, денсаулығына үлкен залал келтіріп, дүкенді тонап кеткен. Егер дүкенге кіріп, қызығушылықпен болмаса қалтасында ақшасы болмай, материалдық қажеттіліктен ұрлық жасаса әңгіме басқа. Оның жазасы да ауыр болмас еді. Мұнда жап-жас бозбала өзінің анасындай адамға қол көтеріп, өз мақсатына жету үшін соққы жасаудан да жасқанбай тұр.  Бұл енді еліміздің Қылмыстық кодексі арқылы жазасы белгіленуге тиіс қылмыстық іс боп саналады. Істі қарау барысында баланың жастығын, мектеп, көршілер берген жағымды мінездеме есепке алынды. Бірақ, бұл оны жауаптылықтан құтқармайды. Осы қылмысы үшін жасөспірім бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Тағы бір мысал келтіре кетейін, колледжде оқитын жасөспірім ауылға барғанда өзінің үлкендігін, «қалакөргендігін» көрсетіп жасы кіші балаларды қорқытқан, қорқытып қана қоймай, ақшаларын тартып алған. Бұл әрекетін бір рет жасаса бір жөн. Жеңіл ақшаға бой үйреткен жасөспірім қорқытып ақша бопсалауды  әдетке айналдырған. Ол аз болса, ақша бермеген баланы ұрып-соғып қорқытып, басқалардың алдында мазақ еткен. Мұндай қорлыққа шыдамаған бір бала асылып өлген. Яғни, өзінің оспадар әрекеті арқылы бұл жігіт бейкүнә баланың өліміне себепші болып отыр. Ақыры адам өліміне жеткізген мұндай қылмысы үшін әлгі бозбалаға да бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Балаларын қылмысының орын алуына біреулер ата-аналар айыпты десе, енді біреулер кінәні мектептегі тәрбиеден іздейді. Сіздің пікірің қандай?

– Шындығында, жассөпірімдер қылмысына отбасы мен мектептің қатысы бар. Бұл арада кінәні толықтай мектепке немесе ата-анаға арту әбестік болар. Өйткені, бала тәрбиесіне ата-ана да, мектеп те жауапты. Десе де, ең алдымен баланы тәрбиелеп, түзу жолға салатын оның ата-анасы екендігін ешкім теріске шығара алмайды. Баланың ең бірінші тәлім алатын, тәрбие көретін ортасы – отбасы. Ендеше, ұл мен қызымыздың жақсы-жаман болуы ең алдымен ата-анаға байланысты. Өкінішке орай, көп ата-аналар жұмысбастылықты желеу етіп, бала тәрбиесіне мүлдем көңіл бөлмейді. Олар өз міндеттерін тек баланы тарықтырмай, киіндіріп, тамақтандырып, қажет нәрсемен қамтамасыз ету деп біржақты түсінеді. Мәселен, жоғарыда колледж студентінің бопсалауынан өзіне қол салған баланы алып қарайық. Ол бұл оқиға жайында ешкімге айтпаған. Яғни, оның ата-анасымен ара қатынасында сенім болмаған сияқты. Егер ол ата-анасына сенсе және етене жақын болса, онда басына түскен бұл проблема жайында бүкпесіз айтар еді. Бұлай болған жағдайда ата-ана балаларын қорғап, басбұзарды жөнге келтіру үшін құқық қорғау органдарының назарын аударған болар еді. Сонда мұндай қайғылы оқиға орын алмас па еді.

Қылмыс жасаған балалардың барлығы қолайсыз отбасынан шыққандар ма?

– Расында, құқық қорғау органдарының арнайы тіркеуіне алынатын қиын балалардың дені сондай отбасылардан шығып жатады. Бүгінде ажырасушылық белең алып кетті. Осыған орай, толық емес отбасылардың саны өсуде. Жалғыз өзі баланы асырауға шамасы жетпейтін нәзік жанды әйел немесе әйелі кетіп қалған ер адам баланы материалдық жағынан қамтамасыз етсем болды деп ойлайды. Анасының немесе әкесінің жылуын сезінбеген бала теріс жолға түсіп, бұзақыларға ереді. Жоғарыда сотталған бес жасөспірімнің бәрі дерлік осындай толық емес отбасылардан шыққандар.

Сондай-ақ, кейбір ата-аналардың араққа салынып, бала тәрбиесіне мүлдем көңіл бөлмеуі балаларының жаман жолға түсуіне түрткі болып жатады. Дегенмен, ата-анасы бар және жақсы қамтамасыз етілген отбасылардың балалары арасында да қылмыс жасаушылық кездеспейді емес.

Қалай айтсақ та, мектеп пен ұстаздардың бала тәрбиесіндегі орны бөлек. Өйткені, баланың көп уақыты мектепте, ұстаздың алдында өтеді. Ендеше, жасөспірімнің бойындағы өзгерісті, жаман қылықты мұғалімнің байқамай қалуы мүмкін бе?

– «Мектеп – екінші ата-ана» деп тектен-текке айтылмаған ғой. Бала мектептен тек білім ғана алып қоймайды, оның өмірге деген көзқарасы, тәлім-тәрбиесі, мінез-құлқы да сонда қалыптасады. Осы орайда, мектептің бала тәрбиесіндегі үлкен рөлін теріске шығаруға болмайды. Мұғалім балаға тек оқу бағдарламасы шеңберінде сабақ берумен шектелмей, түрлі пәндік үйірмелер мен секциялар түріндегі мектептен тыс тәрбие жұмыстарына да жеткілікті назар аударса, бос уақыты болмайтын бала басбұзар тентектікке, заң бұзушылыққа бармас па еді деп ойлаймын.

Қоршаған орта баланың мінез-құлқына, өмірге көзқарасына қаншалықты әсер ететіндігіне мына мысалды келтіре кетсек, артық болмас. Менің қызмет тәжірибемде кездескен, арнайы мектепке жіберілген, теріс жолға түскен қыз баланың ата-анасы бар және материалдық жағынан жақсы қамтылған отбасынан шыққан еді. Ол жетінші сыныпқа дейін жақсы оқып, өзін де жақсы қырынан көсретіп келген. Содан кейін жоғары сыныпта оқитын теріс мінезді қыздармен араласып, арақ-шарап ішеді, темекі тартады, басқа да теріс әрекеттерге барады. Ақырында, бұл жай айналасындағылардың бәріне белгілі болып, қыздары тәрбиеге көнбей кеткендіктен, ата-анасы амалсыз арнайы мектепке жіберуге мәжбүр болады. Ал арнайы мектептерде тәртіп қатаң және онда тәжірибелі писхолог мамандар мен мұғалімдер қызмет етеді. Арнайы мектепке барған соң бірер жылдан кейін әлгі қыздың мінезі жақсы жағынан күрт өзгеріп, түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Ән үйірмесіне қатысып, ән салады. Соңынан барған ата-анасы қыздарын көріп, қайран қалады. Дегенмен, ол бұрынғы мектебіне қайта келген соң қайтадан теріс мінезді құрбыларының ықпалына түседі. Оған қарсы тұруға шамасы жетпейтінін түсінген қыз өз еркімен сұранып, қайта арнайы мектепке кеткен. Міне, бала тәрбиесіне қоршаған ортаның тигізетін ықпалының зор екенін осы жайдан нақты сезінуге болады. Ал баланың қоршаған ортасы мектепте қалыптасатыны белгілі. Яғни, мектептің бала тәрбиесіндегі рөлі өте үлкен.

Меніңше, ата-ана мен мектеп бала тәрбиесін бірлесе түсіністікпен жүргізген жағдайда қиын балалар болмайды және балалар арасындағы заң бұзушылықтар мен қылмысқа орын берілмейді.

Әңгімеңізге рақмет.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.