21-11-18 |
860 рет қаралған
Қарағанды облысында автобус апатынан бір адам қаза тапты.
Қарағанды облысында жолаушылар автобусы жүк көлігімен соқтығысып, бір адам қаза тапты. Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, жол апаты 21 қараша күні таңертең Қызылорда – Павлодар жолының 982-километрінде болды.

Салонда 45 жолаушысы бар автобус Қушоқы ауылынан Қарағандыға келе жатып, жолды жүк көлігінің арт жағына соқтығысқан. Жол апаты салдарынан 28 жастағы жолаушы қаза тауып, тоғыз адам жараланды. Жаралылар арасында бір бала бар. Салонда қысылып қалып қойған екі адамды құтқарушылар шығарып алған. Жараланғандар Қарағанды қаласындағы ауруханаға жеткізілді.

Соңғы күндері қазақстандық жолаушылар тасымалдайтын автобустардың жол апатына түсуі жиіледі. Қарашаның 16-сы күні Қызылорда облысы аумағында екі жолаушы автобусы соқтығысып, бір бала мен екі ересек адам қаза тапқан.

17 қарашада Ресейдің Саратов облысында Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары отырған жолаушылар автобусы теміржолда пойызбен соқтығысқан. Көлік соқтығысынан салонда отырған бес адам – Өзбекстан азаматтары қаза тапқан. Қазақстан азаматтары – жүргізуші мен оның көмекшісі жараланып, ауруханаға түскен. Жүргізушінің үстінен іс қозғалды.

Ал қарашаның 19-ы күні Қазақстаннан Ресейдің Екатеринбург қаласына кетіп бара жатқан жолаушылар автобусы Свердловск облысында жолда апатқа ұшырап, бір адам жараланған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.