14-11-18 |
1130 рет қаралған
БАҚ: Ресей «АҚШ сайлауына килігу» сотында жауап беруден бас тартты
.
Ресей Әділет министрлігі АҚШ Демократиялық партиясы ұлттық комитетінің Мәскеудің АҚШ-тағы сайлауға килігуі туралы шағымы бойынша сотқа қатысудан бас тартты.

«Коммерсантъ» газетінің жазуынша, министрлік демократтар шағымы қаралатын Манхэттен сотының құзыретін мойындамайтынын хабарлаған. Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антонов америка билігі халықаралық құқық бойынша «бір мемлекеттің өзге ел заңы мен сотына бағынбау құқығын» бұзып отырғанын мәлімдеді.

Биыл сәуірде Демократиялық партияның ұлттық комитеті Ресей үкіметін, WikiLeaks сайты мен президент Дональд Трамптың сайлауалды штабын 2016 жылғы президент сайлауының нәтижелеріне ықпал ету үшін сөз байласты деп айыптаған. Демократтар аталған тараптардың партияның компьютерлік желілерін бұзып кіріп, ол жерден алған ақпаратты таратпақ болғанын мойындауын талап етеді. Шағымданушылар хакерлік шабуылдар демократтардың сайлаушылармен кездесуіне және қайырымдылық қаржысын жинауына кедергі келтіргенін айтады.

Демократтар жауапкер ретінде Ресей әскери барлау қызметі мен бизнесмен Эмин Агаларовты көрсеткен. Ол 2016 жылдың ортасында Дональд Трамптың ұлы кіші Дональд Трампқа ресейлік адвокат Наталья Весельницкаямен кездесуді ұсынған. Кремльмен байланысы бар Весельницкая АҚШ президенттігіне кандидат, бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон туралы ақпарат алған. АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен астыртын сөз байласқанын терістейді, ал ресейлік ресми тұлғалармен байланысы бар деген айыпты «мыстан аулау» амалы деп атайды. Кремль де АҚШ-тағы сайлауға киліккенін бірнеше рет жоққа шығарған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.