05-11-18 |
2740 рет қаралған
Қазақстанда 500 мыңнан аса адам кедейшілікте өмір сүреді.
Қазақстанда 500 мыңнан аса адам кедейшілікте өмір сүреді

Қазақстанда халықтың 4,7 пайызы – 504 мың адам кедейлік шегінде өмір сүреді және оларға атаулы әлеуметтік көмек ретінде мемлекеттен айына 14 мың теңгеге дейін ақша төленеді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бұл туралы қарашаның 5-і күні мәжілісте өткен үкімет сағатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова айтты.

Жаңа форматтағы атаулы көмек туралы есеп берген министрдің сөзінше, Қазақстанда айына жан басына шаққанда 14 мың теңгеден аз табыс кедейлік шегі ретінде белгіленген. Биыл кедейлік шегінде өмір сүреді деп танылған 504 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген.

Әбілқасымованың айтуына қарағанда, Қазақстанда биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектің шартты және шартсыз деп аталатын дифференциалды жүйесі енгізіліп отыр.

Шартты атаулы әлеуметтік көмек уақытша жұмыссыз адамдарға беріледі. Ол адам алты ай ішінде әкімдік ұсынған жұмысқа орналасуы керек. Жергілікті билік органдары жұмыс таңдауға екі рет мүмкіндік береді. Егер тұрғын екі ретте де жұмыстан бас тартса, онда атаулы әлеуметтік көмектен қағылады.

Шартсыз әлеуметтік көмек жұмысқа жарамсыз деп танылған адамдарға және бала күтетін адамдарға беріледі. Бірақ ол адам статусын үш ай сайын растап отыру керек.

Министр 504 мың адамның 66 пайызы ауылды жерде тұратынын, 15 пайызға жуығы шартсыз, қалған 85 пайыздан астамы шартты атаулы әлеуметтік көмек алып отырғанын айтады.

Тыңдауда депутаттар атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау шарттарын жеңілдетуді ұсынды. Олар стипендия және мүгедектігі үшін берілетін төлем отбасының табысы деп есептелетін болғандықтан атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері азаятынын айтып, мұндай төлемдерді табыс санатына қоспауды сұрады. Министр бұл ұсынысқа келісетінін, қарастырып көруге болатынын айтты.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.