14-11-18 |
580 рет қаралған
Ресей оппозициясы Вашингтонда «Путин тізімін» таныстырады
.
Еркін Ресей форумы комитетінің тұрақты мүшелері Вашингтонда санкция салынуы керек деген адамдардың тізімі – «Путин тізімін» таныстырады. Бұл туралы Форум хабарламасында айтылады. Ұйымның жауапты хатшысы Иван Тютрин, заңгер Марк Фейгин және саясаткер Андрей Сидельников санкция салуға қатысты осы аптада АҚШ-тың бірнеше ведомствосында кездесу өткізеді.

Форум сайтында жарияланған құжатта 12 санатқа бөлінген 200-ден астам тұлғаның аты-жөні енгізілген. Олардың арасында Ресей билігінің жоғары шенді өкілдері, жекелеген ведомстволар мен мемлекеттік корпорациялардың басшылары, Кремльге жақын бизнесмендер, «Владимир Путинге жақын» адамдардың туыстары, үгіт-насихат кампаниясын жүргізушілер, Ресейдің «шетелдегі агенттері» және Мәскеу бақылайтын сепаратистік құрылымдардың өкілдері бар. Тізім басында Ресей президенті Владимир Путин тұр.

Тізім авторларының пікірінше, олардың барлығы – Ресей заңдары мен халықаралық құқықтың бұзылуына, «Ресей мен басқа да елдердің ондаған азаматының қазасына», елді оқшаулауға және сыбайлас жемқорлықтың кең тарауына жауапты.

Форум өкілдері тізім келешекте толығып, нақтыланатынын айтады.

Еркін Ресей форумы Ресей оппозициясының тәуелсіз пікір алмасу алаңы саналады. Форум аясында Ресей мен халықаралық саясаттағы өзекті мәселелер және елдің саяси әрі экономикалық дағдарыстан шығу жолдары талқыланады. 2016 жылдың наурызынан бері Вильнюсте бес форум өтті. Келесі форум желтоқсанда өтеді.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.