13-03-19 |
3650 рет қаралған
Қытайдағы лагерьлерде қамалған адамдар саны қанша?.
Қытайдағы лагерьлерде қамалған адамдар саны қанша?

Наурыздың 12-сі күні Пекинде өткен ұлттық халықтық конгресс жиынында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі халықтық үкіметінің жетекшісі Шохрат Закир (суретте) халықаралық қауымдастықта сынға ұшыраған даулы лагерьлердің «бірте-бірте жойылуы мүмкін» екенін айтқан. 

«Жалпы алғанда бұл орталықтардағы адамдар саны барған сайын азайып барады және егер қоғамға қажеті болмаса, мұндай орталықтар бірте-бірте жойылады» деді Шохрат Закир.  

Жиын барысында журналистер оған лагерьде отырған адамдар саны туралы сұрақ қойған. Ол қамау орталықтарында қанша адам бар екенін айтпаған, бірақ олардың саны миллионнан «әлдеқайда аз» деген. 

«Олардың саны тез өзгереді. Мұндай орталықтарда шамамен бір миллион адам отыр деп кейбіреулер ұлғайтып көрсеткендей емес, [олардың саны] одан әлдеқайда аз» деген. 

Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы «саяси тәрбиелеу орталықтарында» миллионға жуық адам «еркінен тыс» қамауда отырғанын мәлімдеген.

Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин қысымды «экстремизмге қарсы шара» деп мәлімдеді және «қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығатынын» айтты. Ал құқық қорғаушылар және лагерьде болған азаматтар бұл орталықтардың білім беру мекемесінен гөрі түрмеге ұқсайтынын, онда азап пен қысым барын айтқан.

Қамалғандар арасында ұйғыр, қырғыз, татар, тәжік, өзбек ұлтының өкілдерінен бөлек этникалық қазақтар да бары айтылады.

Қытайда туыстары қамалған азаматтар Алматыда бірнеше рет жиын өткізіп, Қытайдағы жақындарының жаппай қамалып жатқанын айтқан. Олар Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған. 

2018 жылы желтоқсан айының соңында Пекин бірнеше елдің елшілерін Шыңжаңға апарып, “саяси тәрбиелеу орталықтарын” көрсеткен. Лагерьге барғандардың арасында Қазақстан елшілігінің қызметкері де болған. Ол Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу орталығында «жағдайдың жақсы» екенін айтқан.

Ақпанның 10-ы күні Түркия Қытайдан Шыңжаңдағы лагерьлерді жабуды талап етіп, онда «миллиондаған адам қысым көріп жатыр» деген. Қытай Түркияның бұл мәлімдемесін «жалған айыптау» деп атады.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.