29-11-18 |
1900 рет қаралған
Сирия бейбіт келіссөзінің 11-кезеңі аяқталды.
Астанада 29 қараша күні түске таман Сирия бейбіт келіссөзінің 11-кезеңі аяқталды. Келіссөзден кейін оған қатысушылар баспасөз мәслихатын өткізіп, кепіл елдер Ресей, Түркия және Иран бірлескен мәлімдеме жасады.

Мәлімдемеде кепіл елдердің Сирияның Идлиб провинциясындағы жағдайды талқылағаны, үш ел қақтығысты тоқтату режимін сақтау үшін іс-қимылын үйлестіріп отыратыны айтылған. Кепіл елдер бұған қоса Сирияда химиялық қару қолданудың кез-келген әрекетін айыптап, мұндай қару қолданылғаны туралы ақпаратты дереу Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйыммен бірге тексеру керегін айтады. Бұдан өзге кепіл елдер Сирияда тұтқынға, кепілге алынған адамдарды алмастыру және із-түзсіз жоғалғандарды анықтау қажетін айтады.

«Сириялықтардың бейбіт әрі қалыпты өмірге қайта оралуына көмектесуді тоқтатпау керек деп санаймыз. Осыған байланысты халықаралық қауымдастықты, әсіресе БҰҰ мен оның гуманитарлық агенттіктерін Сирияға қосымша гуманитарлық кемек көрсету, әлеуметтік инфрақұрылымдарды қалпына келтіру жұмысын күшейтуге шақырамыз» делінген мәлімдемеде.

кепіл елдер сонымен қатар Сирияда босқындар мен үй-жайынан айырылған адамдардың тұрғылықты жеріне қауіпсіз әрі өз еркімен оралуына жағдай жасау қажетін айтады. «Біз бұл тұрғыда барлық тиісті тараптармен, оның ішінде БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары кеңсесімен жұмысын жалғастыруға дайынбыз» делінген мәлімдемеде.

Мәлімдемеден соң Сирия үкіметі делегациясының басшысы Башар әл-Джафари сөйледі. Ол Иблид провинциясындағы деэскалация аймағында жағдай нашарлағанын, Хама провинциясының батысында террорлық ұйымдар қақтығысты тоқтату тоқтату режимін бұзғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, қақтығысты тоқтатудағы кепіл ел Түркия Астана мен Сочидегі келіссөздерде жасалған келісімді сақтамай отыр. Джфари Түркия мен АҚШ Сириядан «заңсыз кіргізген әскерін» шығаруы керегін айтты.

Сирия қарулы оппозициясы делегациясының жетекшісі Ахмад әл-Тома Иран мен Сирия билігін «бейбіт тұрғындарды өлтіріп жатыр, тұтқындарымызды босатпай отыр» деп айыптады. Ол сонымен бірге БҰҰ-дағы Сирия конституциялық комитетіне әйелдер, діни топтар мен басқа да топтар өкілдері қатысуы керегін айтты.

Келесі Сирия бейбіт келіссөзі 2019 жылы ақпанның басында Астанада өтеді деп жоспарланып отыр. 

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.