27-10-18 |
1910 рет қаралған
Қырғызстанда «Атамбаевсыз ҚСДП» деген ұранмен бірнеше жиын өтті
.
Қырғызстанда бірнеше облыста экс-президент Алмазбек Атамбаевтың Қырғызстанның социал-демократиялық партиясын (ҚСДП) басқаруына қарсы конференциялар өтті деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Ұйымдастырушылардың бірі Сагынбек Абдрахмановтың айтуынша, осы аптада Ыстықкөл, Нарын, Шу және Талас облыстарында «Атамбаевсыз ҚСДП» ұранымен конференциялар өтті. Оған қатысқандар ҚСДП-ның парламенттегі фракциясының жетекшісі Иса Омуркуловты қолдаған.

«Конференцияларда ҚСДП-ға тек ұрылар мен жемқорлар келгені туралы сыни пікірлер айтылды. Партияны олардан тазарту керек, ал Атамбаевты құрылтайда ғана ауыстыру қажет деген сөздер айтылды. Құрылтайды қалай өткізу жайы талқыланды. Иса Омуркулов барлығын дұрыс түсінді деп ойлаймын. Ол қарсы ешнәрсе айтқан жоқ» деді Абдрахманов.

Иса Омуркуловпен кездесу болғанын «Атамбаевсыз ҚСДП» конференциясына қатысқан Ыстықкөл облысы әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Нурбубу Кененбаева растады.

Иса Омуркуловтың өзінен конференцияға қатысты әзірге комментарий алу мүмкін болмады.

Алмазбек Атамбаев ҚСДП төрағасы болып партияның 2018 жылдың наурызындағы құрылтайында сайланған.

ҚСДП бұған дейін Сагынбек Абдрахманов 2017 жылы партия қатарынан шығарылғанын хабарлаған.

Алмазбек Атамбаев Мәскеуге 22 қазанда ұшып кеткен. Мемлекет басшысы қызметінен кеткен соң бұрынғы серіктері ұстала бастаған Атамбаевтың Ресейге сапары елде түрлі болжамға себеп болды. ҚСДП ресми түрде «бұрынғы президент келінін жерлеуге бара жатыр, одан соң Азия, Африка және Латын Америкасы саяси партияларының халықаралық конференциясына қатысады» деп мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Атамбаевтың Ресейге баруы түрлі жорамалға себеп болды

Алмазбек Атамбаевтың президенттік өкілеті былтыр қарашада аяқталған. Содан бері Атамбаев пен оның орнына сайланған президент Сооронбай Жээнбековтің қарым-қатынасы айтарлықтай нашарлаған. 2017 жылы Атамбаев президент сайлауының қарсаңында сол кезде премьер-министр болып тұрған Жээнбековті «досым» деп атаған еді.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.