«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында Мұнай-газ саласы комитетінің алғашқы отырысы өтті. Соның барысында Комитеттің құрамы мен ережесі бекітілді.
Комитет төрағасы болып Мәжілістегі «AMANAT» партиясының депутаты Ғалым Әміреев, ал Комитет хатшысы болып Астана қаласындағы «Petrocouncil» өкілі Ғибрат Сәрсенов сайланды.
Комитет құрамына Энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінің, «ҚазМұнайГаз», «QazaqGaz» ұлттық компанияларының, «PSA» ЖШС, Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығының, «KazEnergy» қауымдастығының, Қазақстан машина жасаушылар одағының, «KasService», «Argus Media», «Energy Monitor», «Energy Analytics» өкілдері, сондай-ақ бизнес-қауымдастықтар, тәуелсіз сарапшылар мен талдаушылар кірді.
«AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев атап өткендей, Комитеттің негізгі міндеті мұнай-газ саласындағы түйткілді мәселелерді анықтау және оны шешу жолын әзірлеу, заңнамалық базаны жетілдіруге бастамашылық ету және ұсыныстар енгізу, сондай-ақ сала өкілдері мен олардың қызметкерлерінің құқығын, заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету болмақ.
«Комитет алдында мұнай-газ саласын дамыту, соның ішінде түйткілді мәселелерді шешу жөнінде ауқымды міндет тұр. Саладағы кейбір компаниялардың жасырын монополиялық жағдайы, кейбір ірі мұнай-газ жобаларындағы жергілікті қамтудың аз үлесі, дизель отынының жыл сайынғы тапшылығы және маусымдық баға өсімі туралы бәріміз білеміз. «AMANAT» партиясының алаңында мемлекеттік органдармен, ұлттық компаниялармен, бейінді қауымдастықтармен және нарық өкілдерімен бірлесіп, осы мәселелерді шешу жолын қарастырамыз», – деді комитет төрағасы Ғалым Әміреев.
Өз кезегінде, Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов шешімін күтіп тұрған бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті.
«Комитеттің салалық және кәсіби құрамын ескере отырып, біріншіден мұнай-газ саласын дамыту, соның ішінде ірі мұнай-газ жобалары бойынша келісімшарттарды қайта қарау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуге кірісуіміз керек. Екіншіден, отандық жабдық өндірісінің, саладағы жергілікті IT-мамандардың тапшылығын назарға алуға тиіспіз. Сондай-ақ, халықаралық компаниялар елімізде сервистік орталықтар ашпайды. Сертификаттау орталықтары жоқ», – деді ол.
Сондай-ақ, отырыс барысында Комитет мүшелері тауарлар мен қызметтерді сатып алу, салық жеңілдігін ұсыну, мұнай-газ саласындағы отандық тауарлар каталогының болмауы сынды бірқатар мәселелерді көтерді.
Отырыс қорытындысы бойынша, Комитет жұмысын заң жобалау қызметіне, фискалдық преференцияларды әзірлеуге, қолданыстағы және болашақ мұнай-газ жобаларында тауарлардың, жұмыс мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық үлесін ұлғайту жөніндегі шараларды ұсынуға шоғырландыру туралы шешім қабылданды.
Фото Әли Ғалым
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024