Қасиетті рамазан айының да оразасы бел ортасына жақындады. Алматы қаласына жұмыс сапарымен келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы оңтүстік астанамызда зиялы қауымға, әр саланың қызметкерлеріне, балалар мен қарттар үйінің қамқорлығындағы жандарға дастарқан жайып, ауызашар шарасын өткізді.
Ізгілік амалдар мен сауапты істер молынан жасалатын қасиетті айда Бас мүфтидің берген арнайы ауызашарында қандай келелі мәселелер айтылды? Бұл сұрақты осы ізгі шараға қатысқан «Алматы қалалық мешіттер ақсақалдары – рухани жаңғыру дауылпаздары» қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының төрағасы Берік қажы Әдиевтен сұрап, сұхбаттастық.
–Берік аға, қасиетті рамазан айындағы тұтқан оразаңыз қабыол болсын. Күні кеше Бас мүфти наурызбай қажы Тағанұлының Алматыға арнайы келіп көпшіліктің басын қосып берген ауызашар шарасына қатыстыңыз, ортасында болдыңыз. Жалпы не айтылды?
–Барша мұсылман қауымды келіп жеткен рамазан айымен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, адамзат баласына Жаратушы иеміз мамыражай, бейбіт өмір сүруді нәсіп етсін. Түрлі табиғи апаттардан, соғыс өртінен сақтасын. Бас мүфтиіміз Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыға келген сапарында бірнеше шараға қатысты. Қаланың жастарымен жүздесу ұйымдастырды, Орталық мешітте жұма намазында жамағатқа уағыз айтты, тарауих намазына қатысты. Көпшіліктің батасы мен алғысын арқалап ауызашар берді. Ауызашар салтанатында сөз алған Бас мүфти қасиетті айдың берекесі мен сауабына тоқталып, дініміз бен дәстүрімізде қатар өрілген ізгілік амалы жайында келелі әңгіме қозғады. Наурызбай қажы Тағанұлының: «Рамазан тәрбие мен тағылымның тоғысатын айы, осы қасиетті айда мұсылман баласы мейірім мен қайырымды, қанағат пен ынсапты, шүкіршілік пен тәубені, бауырмалдық пен адамгершілікті, обал мен сауапты тереңдей сезініп, көркем мінезін қалыптастыруға ұмтылады. Себебі осы айда мұсылман баласына көп жақсы істер, ізгі амалдар жасауына мүмкіндік өте зор. Бұл жайында ардақты Пайғамбарымыздан (Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын) Мұхаммед былай деген «Бұл айда жәннат есіктері кашылады, ораза ұстаған адамынң бұрынғы және кейінгі күнәлары кешіріледі» деген ақжолтай хабар жеткізілген. Енді қараңызшы, осындай мол сауапқа кенелетін айда асыл дінімізді ұлықталатын, рамазан шарапаты кеңінен насихатталатын айда сауапты істерімізді молынан жасауға ұмтылайық. Үйдегі ата-анамыздың, қымбат қазынамыз саналған қарияларымыздың алғысы мен батасын, дұғасын алуға ұмтылайық. Мүмкіндігіміз келсе, қалтамыз көтерсе, жоқ-жітікке, мұқтаж жандарға қарайласып, науқастың көңілін сұрап сауабына кенелейік», – деді. Ауызашарға жиналған қалың көпшілік алдында зиялы қауым өкілдері де сөз алып, игі тілектерін арнап, дін саласының мамандары уағыз айтып өте әсерлі басқосу болды. Мұсылманның белгісі бір-біріне көрсеткен игілікті ісінен белгілі ғой жалпы. Бас мүфти ақ жаулық таққан әжелерге, балаларға рамазан айының арнайы сыйлығын табыс етіп мерейін үстем етіп, көңілдерін көтерді. Жастарымыздың ұлттық салт-дәвстүрімізді жаңғыртып рамазан айында айтылатын жарапазан жырын ұлттық аспаптарымыздың сүйемелдеуімен орындауы да қандай тамаша! Жалпы өз басым осы ауызашар жиынынан ерекше әсер алып қайттым.
Дін саясаты деген майдан қыл суырғандай өте нәзік ұғым. Дәл қазіргідей алмағайып, әлемнің мінезі алақұйын өзгеріп тұрған заманда қатер қайдан келер дейсің деп қамсыз отыруға әсте болмайды. Жастарымызды тура жолмен тәрбиелейміз десек, қазығымызды мықтап қағу қажет.
– Өзіңіз «Алматы қалалық мешіттер ақсақалдары – рухани жаңғыру дауылпаздары» қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының төрағасы деген қызметті атқарасыз. Жалпы қордың атауы айтып тұрғандай Алматы қаласындағы мешіттердің жамағаты, оның ішінде ақсақалдарының ынтымақ-бірлігін, қоғамның алға жылжуына қосқан үлесін насихаттап, қозғау салу басты ұстанымымыз дедіңіз. Осыны тарқата айтып берсеңіз.
–Біздің қор бірнеше жыл бұрын құрылған. Осы уақыт аралығында асыл дініміздің өркен жайып, насихатталуына, ізгі амалдардың көп жасалып, қайырымдылық істердің жүзеге суына серпін беріп, себепкер болып келеді. Атап айтқанда атымтай-жомарт азаматтардың тікелей демеушілік танытуымен кіші яғни умра қажылығына Алматы қаласындағы «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет орталығындағы қарттарымыздың аттануына үлесімізді қостық, өзіміз де бірге барып бес парыздың бірі қажылық шартын орындап қайттық. Қорымыздың атауы айтып тұрғандай, Алматы қаласы мешіттерінің ақсақалдары арасында түрлі спорттық сайыстар өтеді. Ой сергітіп, тынығып, салуаттылықты серік еткен қарияларымыз арасында шахматтан, дойбыдан турнирлер өткіздік. Асыл дініміздің ақиқаты турасында кәсіби мамандар, мүфтияттың пәтуа бөлімі бекіткен ұстаздармен де қарттарымыз жиі кездесу ұйымдастырып, көкейлерінде жүрген сұрақтарына қойып, дінге қатысты таным-түсінігін кеңейтеді. Мұның барлығы да дін саясатын дұрыс өрістетуге біздің қоғамдық қордың қосып жатқан үлесі деп білемін. Мұқағали Мақатаевтың асыл дініміз туралы сонай кеңестік кезеңде, цензураның қылышы қылпып тұрған шақта «Дін – ғылымның анасы, Дін – ғылымның әкесі, Дін – ғылымның баласы, Дін –ғылымның көкесі» деп жырлағанындай, дініміз бен салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыздың, ұлттық құндылығымыздың біте қайнасып қабысып жатқанын жас ұрпаққа үлгі ету үлкендердің, біздің борышымыз, тіпті міндетіміз де! Мешіт ақсақалдары ғана емес, қаламыздың қариялары арасында бата оқудан, батагөйлер сайысын ұйымдастырып, өскелең ұрпаққа үлгі еттік. Қасиетті рамазан айынан кейінгі ұлық мереке Құрбан айт мейрамы басталады. Осындай діни мереке кезінде де қарттарымызға қамқор жандардың демеушілігімен игі амалдар жасалып, құрмет көрсетіледі. Мұндай ауқымды шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба беретіні сөзсіз. Жаңа сөз арасында дін саясаты майдан қыл суырғандай нәзік дүние дегенді тегін айтқам жоқ. Бас мүфтидің ел аралап, көпшіліктің алдында сөйлеген әр сөзінде еліміздің тыныштығы мен тәуелсіздігіміздің тұтастығы турасында келелі әңгімелерді қозғайды. Мұның барлығы да жастарға тура бағыт сілтеп, бағдарынан адастырмаудың қамы үшін жүзеге асырылып отыр. Рас, біз зайырлы, унитарлы мемлекетте өмір сүреміз. Басты құндылық, негізгі тірегіміз ол елдің тәуелсіздігі, мемлекеттің тыныштығы. Дәстүрлі дініміздің де ұстанған бағыты да осы. Осы айда барлығымыз да жақсылық жауаға ұмтылайық дегім келеді.
Сұхбаттасқан Нұрдан Таңқы
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
14.11.2024