18-03-23 |
1110 рет қаралған
Кәсіподақ – жүйелі істің кілті.
Кәсіподақ – жүйелі істің кілті

Еліміз тәуелсіздік алғалы кәсіподақтар жеткен жетістік, алған асу көп. Осы арқылы бірлестіктің қоғамда өз орны бар, әлеуметке берілген ұйым екенін аңғарамыз. Қазір кәсіподақ ұйымдары азаматтардың құқықтарын қорғап, мүдделерін жақтап, жұмыс жағдайын барынша жақсартуға, өмір сапасын көркейтуге күш салып келеді. Әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ететін кәсіподақтардың саны да молайды. Бүгіндері 16 178 бастауыш кәсіподақ ұйымдары, 23 салалық кәсіподақ, 17 аумақтық бірлестіктерде 1,6 миллионнан астам адам қызмет атқаруда.

Жалпы, Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының жұмысы сонау ХХ ғасырдан бастау алғанын біреу білсе, біреу білмес. Тарихқа көз жүгіртсек, алғашқы кәсіподақ ұйымы Қарағанды облысына қарасты Успен мыс кен өндіру орнындағы жұмысшылар одағының бастамасымен құрылған екен. Кәсіподақтардың маңызын айтып тауысу мүмкін емес, қоғамда өзгеден бір табан алда, бітім-болмыс жағынан ешкімге ұқсамайтын, рухани жағынан салмақты, үлкен беделге ие ұйымдар жұмыскерлер үшін тер төгуде. Ал кәсіподақтардың қоғамдағы өз орнын табуы, заманға сай қызмет атқаруы үлкен іскерлік қабілетті қажет етеді. Кәсіподақтар ұйымы үкіметтік, бизнес өкілдерімен бірлесіп, жаңа қазақстандық қоғамды құру жолында тынымсыз жүр. Қоғамдағы өзгерістерге үн қосып, еңбекші халықтың игілігіне қызмет ету кәсіподақтарға өте зор жауапкершілік жүктеуде.

Қоғам тарапынан бір заңды сауал туады. Кәсіподақ атаулының қажеттілігі неде, жұмысшыларға не береді, еңбек дауларына байланысты не шешеді? Белгілі бір деңгейде кәсіподақ жұмысына секеммен қарау заңдылық. Десек те олар қолынан келгенше әр ұжымдағы еңбекке байланысты мәселелерді көтеріп, бәрінің шешу жолдарын қарастырып жүр. Талпынысты ескерусіз қалдыруға болмайды. Оның үстіне көп іс жақсы нәтижемен аяқталуда.

Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі, өзара сыйластығы мен мүдделерін тоғыстыруға бағытталған алаңдар құрылып, көптеген өзекті дүниелер шешімін оңды түрде тауып жатыр. Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастары, ұжымдық шарттардың дайындалуы һәм атқарылуы жаңа форматта жүргізіле бастағанына біршама уақыт өтіп үлгерді. Қазір кәсіподақ ұйымдарымен қоса ұжымдық келісімшарттардың бекітілуі, жоспардың тиімді атқарылуы үнемі сараптамадан өтіп, мониторинг арқылы жүйеленіп отырады.

Қорыта айтқанда, Қазақстандағы кәсіподақ саласы қарқынды дамуда. Мәселен, еңбек даулары көп шығатын еліміздің батыс өңірлерінде көптеген проблемалар кәсіподақтардың қатысуымен нәтижелі шешімін табуда. Осы күні билік бәрінен бұрын жұмысшылардың құқығы тапталмауын мақсат етеді. барлық мүдделі органдар еңбек мәселелерін тиімді шешуге мүдделі. Қазір әр жұмысшының талабы, көзқарасы мен еңбекке байланысты пікірі елеусіз қалмай, басшылықтың соған сай қимылдауына әсер етуде. Бұл – саладағы үлкен жетістіктің жемісі. Әр ұсыныс сызылып тасталмайды. Бұның бәрі кәсіподақтардың имиджін көтеріп қана қоймай, қоғамдық көзқарасты позитивті түрде қалыптастыруға мол септігін тигізбек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.