25-12-23 |
18730 рет қаралған
Кредит ресурстарының тапшылығы тұрғындардың төлем қабілетіне кері әсерін тигізеді.
Кредит ресурстарының тапшылығы тұрғындардың төлем қабілетіне кері әсерін тигізеді

Несие – оңтайлы қаржы құралы, тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, кәсіпкерлікті дөңгелетуге қажетті маңызды ресурс.

Жұрттың несие төлеу қабілеті — олардың ұзақ мерзімге арналған қаржылық жағдайының тұрақтылығы, яғни жарқын болашағының кепілі деген сөз.

Тұрғындардың несие белсенділігі мен банктердің несие беруге дайын тұруы — мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы және бұқараның ертеңгі күнге сенімімен тікелей байланысты. Елдегі экономикалық және саяси жағдай қаншалықты жақсы болса, азаматтардың билікке деген сенімі соғұрлым арта түспек. Бизнестің экономикалық еркіндігі мен мүмкіндігі молайса, азаматтардың әл-ауқаты еселенеді. Адамдар бай-бақуатты болған сайын банктер де несиелеуден бас тартпайды. Сәйкесінше, көпшілік ірі көлемде әрі ұзақ мерзімге несие алуға ұмтылады.

Ашық статистикалық мағлұматтарға сәйкес, несие белсенділігінің үздік көрсеткіштері ең дамыған елдерге тиесілі. Айталық, жұмыс істейтін бір адамға шаққанда орташа көлемді заемның ең жоғары көрсеткіші Еуропада экономикасы мықты мемлекеттерге тиесілі: Швейцарияда бір адамға 205,8 мың доллар, Норвегияда — 134,2 мың доллар, Германияда — 83,4 мың доллар, Францияда 59,3 мың доллардан келеді.

ТМД елдері сияқты, Қазақстан мұндай дәрежеге жете қойған жоқ. Ұлттық валюталардың тұрақсыздығы, жоғары инфляция мен әлі де еңсеруді қажет ететін өзге де жағымсыз жәйттерді есепке алғанда, бұл түсінікті де. Мәселен, Ресейде жұмыс істейтін бір адамға шаққанда несие бойынша орташа қарыз — 4,5 мың доллар. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 3,9 мың доллар, Беларусьте – 1,3 мың доллар, Украинада – 0,4 мың доллар, Қырғызстанда – 0,3 мың доллар. Орташа жалақымен есептегенде Ресейде орташа борыш — 5,7, Қазақстанда – 5,1, Беларусьте – 2,6, Украинада – 1,9, Қырғызстанда 1 жалақы деңгейінде. Мұндай дерек ТМД, соның ішінде Қазақстан тұрғындары үшін кредит ресурстарының соншалықты қолжетімді емес екенін көрсетеді.

Соның ішінде ипотекалық несиелеу деңгейінің тым төмен екенін айтқан жөн. Ал ипотекалық несие — ірі әрі ұзақ мерзімді заем. Сондай-ақ автонесиелеу мен тұтыну несисін дамыту жағын да ескеру қажет.

Кредит ресурстарының тапшылығы тұрғындардың төлем қабілетіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Бұл өз кезегінде бизнеске, әсіресе, шағын және орта бизнеске де соққы. Тұтас алғанда, осының бәрі ел экономикасының дамуын тежейді. Қазақстанда шын мәнінде тек ауқатты азаматтар ғана несиеге қол жеткізе алатынын дәлелдеу оңай. Мәселен, Бірінші несие бюросының мәліметінше, кепілдіксіз тұтыну несиесінің көлемі ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы қорытынды бойынша 7,7 трлн теңгені құрады. Оның өзін жіктеп қарасақ, сектордағы жалпы заемның жартысына жуығы (46 пайыз) немесе 3,5 трлн теңгеден астамы ең көп заем алған несие алушылардың 10 пайыз үлесіне ғана келеді. Егер заемшыларды топқа бөлсе, ең жоғары бөлігінде ең көп қарызы бар заемшының 2 пайызы орналасады, несие қоржынының 17 пайызы солардың үлесінде. Барлық несие алушының қалған жартысының алған сомасы өте аз және қоржынның небәрі 9,7 пайызын құрайды.

Тағы бір пысықтайық: қоржынның 17 пайызы көп сома тиесілі заемшылардың үлесінде. Несие төлеу қабілеті жоғары бөлігі – 10 пайыз, ең аз сомада несие алған 50 пайыз заемшы қоржынның 10 пайызын ғана құрайды. Несие қоржынының негізгі өсімін ірі заемшылар қамтамасыз етіп отыр, яғни елде несие тарихы жақсы, төлем қабілеті жоғары (қаржы жағынан тұрақты) тұрғындар ғана белсенді түрде несие алып, заем көлемін көбейтуге ықпал етеді. Ал тұрғындардың басым бөлігі ірі, ұзақ мерзімді несие тұрмақ, ешқандай заемға қол жеткізе алмайды.

Қысқасы, бүкіл әлемдегідей, біздің елімізде де несие – бақуатты адамға қолжетімді. Сондықтан кредит ресурсына қолжетімділікті арттыру, сондай-ақ елдегі несие белсенділігін арттыру үшін – банктер тұрғындарға несие беруге, ал тұрғындар қарызын уақытында қайтаруы үшін – халықтың әл-ауқаты мен табысын арттыру қажет. Бұл – кез келген мемлекеттің міндеті, одан басқа жол жоқ. Табысы жеткіліксіз болса, тұрғындар заем ала алмайды, кедейшілікке ұшырайды, бұл өз кезегінде әлеуметтік наазылыққа алып келуі мүмкін. Не болмаса, тығырықтан шығу үшін «қара аймақтан» қарыз алуға мәжбүр болады. Кеңестік дәуірден кейінгі кезеңде біз жаппай «несиелеудің» трагедиясын бастан өткергенбіз. Оның арты қандай жағдайға әкеп соғатынын жақсы білеміз.
Дегенмен соңғы жылдары отандық экономика едәуір өрледі. Халықаралық рейтинг агенттіктері бұл жәйтті назардан тыс қалдырған емес. Айталық, биылғы қараша айында Fitch Ratings агенттігінің сарапшылары Қазақстан экономикасы 2024-2025 жылдары 5 пайыздан асатыны туралы болжам жасады. Әлбетте, бұл банктер мен тұрғындардың несие белсенділігін арттыруға жағымды әсерін тигізетіні сөзсіз. Онда елдегі бизнес ахуал да жақсарады деген сөз.

Олжабек Байқуатов

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.