06-10-22 |
1080 рет қаралған
Мемлекет мүддесін ескерген абзал.
Мемлекет мүддесін ескерген абзал

– Әлем елдерінде геосаяси жағдайдың ушыққаны, қақтығыстардың көбейгені ресейліктердің басына біршама қиындық туғызғаны даусыз. Енді көрші халық ауыртпалықтан қашып, жөнсіз қыспаққа төзбей елімізге келуде. Кез келген адам отанынан бекерден-бекер кетпейтіні белгілі, амалы таусылғаннан жылы ұясынан өзге жерге қарай қозғалады.

Жерімізге бас сауғалап келген соң оларға уақытша болса да қамқорлық көрсетіп, көмектескен дұрыс. Біраз бөлігі алдағы уақытта тыныштық заман қайтып орнаса, өз отанымен аман-есен қауышарына үміттіміз. Ал қазіргі кезде оларға тықыр таянып тұр, сол себепті қауіпсіздігін қамтамасыз ете тұрғанымыз абзал. Бұл халық бізге бүгін ғана көргендей таңсық емес. Ел аумағында ертеден бері тұрып жатқан орыс ұлтының өкілдері бар. Белгілі бір дәрежеде мемлекет мүддесімен санасып, тыныштықты сақтап, бейбіт ғұмыр кештік.

Әрине, бұл мәселеде қауіпсіздік жайын ескермей кетуге болмайды. Ол мақсатта азаматтарды жүйелі түрде бақылап, оқыс жағдайға кезікпеуін қадағалаған абзал. Айналып келгенде, бәрі заңға мойынұсынғаны дұрыс. Істің бәрі «Көші-қон туралы» заңмен реттелуі тиіс. Ымыраласып, ақыл мен сабырға жүгініп, барлық әрекетті рет-ретімен жүзеге асырып, қажет жерінде қол ұшын созып, жағдайды бағамдап отырар болсақ – тұтастығымыздың іргесі сөгілмей, мызғымай, іргесі берік мемлекет қалпында тұрарымыз сөзсіз. Біздің мықты мемлекет атанғанымыз, өзгені панамызға алып, өзіміз басқара алғанымыз еліміздің халықаралық аренадағы абыройын еселейді. Халықтың, ел-жұрттың амандығы бәрінен маңызды.

Алдан Смайыл, жазушы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.