30-03-23 |
2190 рет қаралған
Президент жолдауы: Әлеуметтік мәселелерді шешуді көздейді.
Президент жолдауы: Әлеуметтік мәселелерді шешуді көздейді

Былтыр президент Қ.Тоқаев бір жылда екі рет жолдау жасады. Оған жұрт Жаңа Қазақстанға қадам басқан, өзгерісті күткен елдің жолдауы деген баға берді. Аты айтып тұрғандай, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» жолдауы негізінен күрмеуі қиын әлеуметтік мәселеге басымдық берді.

Халық – мемлекеттің басты капиталы. Ең әуелі адамның өмірі мен болашағына жауап беретін денсаулық, білім беру саласын көтеру жағына көңіл бөлініп келеді. Президент жолдауында айтылғандай, «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам дамиды». Алайда, еліміздің былыққа батып қалған денсаулық сақтау саласын оңалту оңай болмай тұр. Бұған дейін қабылданған «Салауатты Қазақстан», «Саламатты Қазақстан», тағысын тағы толып жатқан бағдарлама мен жобалардан қайран болмады. Жылдар бойы жүргізілген реформалар жеміс бермеді. Дегенмен, қордаланған түйткілдерді нақты шешу үшін қаржыландыру жағын да қолға алу керек. Бұл туралы президент өз жолдауында: «Денсаулық сақтау саласына тиісті қаржының жеткіліксіздігінен халыққа қажетті медициналық қызмет көрсетілмей отыр», – деді. Әсіресе, шалғайдағы елді мекенде тұратын халық сапалы медициналық көмекке қолы жете бермейді. Тіпті, 650 ауылда емдеу мекеме жоқ. Осы тұрғыда президент биыл арнайы ұлттық жоба жүзеге асырылатынын айтып, аладғы екі жылда елді мекендерде қажетті құралдармен толық жабдықталған медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімдер салынатынын тілге тиек етті.

Ел халқының сапалы әрі ұзақ өмір сүруі денсаулыққа тікелей байланысты. Дені сау ұлт – мемлекет тірегі. Мемлекет үшін ұлттың сапалы болғаны қажет. Ол үшін денсаулық сақтау саласынан қаржыны да, көңілді де аямау керек.

Ең төменгі жалақы және әйелдердің зейнет жасы

Әйелдердің зейнет жасы қоғамда талай дау туғызды. Президент халықтың пікірін ескеріп, әйелдер зейнетке 2028 жылға дейін 61 жаста шығатын болды. Бұл – бір. Екінші ең төменгі жалақы 60 мыңнан 70 мың теңгеге көтерілді. Сол сияқты зейнетақының төменгі мөлшері 2025 жылға қарай 27 пайызға өседі. Адайда, қазір бағаның күн сайын өсіп жатқанын ескерсек, бұл ақша да инфляцияға жұтылып кетуі мүмкін.

Президент жолдауында халықты елең еткізген бір жаңалық – Ұлттық қорға түсетін инвестициялық кірістің 50 пайызы 18 жасқа толмаған балалардың есепшотына аударылатыны. Көптің көңілінен шыққан бұл әлемдік тәжірибе 2024 жылдан бастап жүзеге аспақ.

Айтпақшы, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі де өзгеріссіз қалмады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылдан бастап бала күтімі үшін жәрдемақы төлеу уақытын 1 жарым жасқа дейін ұзарту керектігін айтты. Күнкөрістің қиындап кеткені соншалық, қазір өмірге сәби әкелген ана бір жылдан кейін жұмысқа қайта араласып кетуге асығады. Себебі, бала бір жасқа толғанда төлемақы да тоқтайды. Мұны ескерген президент: «Ата-ана баланың ең маңызды шағында жанында көбірек болуы керек. Әлеуметтік қамсыздандыру бойынша уақытша жұмыссыз қалған анаға айлық табысының 45 пайызы төленеді» деген. Айта кету керек, осы жылы атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесі арқылы Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сынды жаңа үрдістерді енгізу жоспарланды.

2025 жылға дейін 1000 мектеп салынады

Қазақстанның өңірлерін аралап, білім ұяларында орыс жетіспеушілі мен әлеуметтік нысандардың тозығы жеткеніне көзі жеткен президент Қ.Тоқаев «Жайлы мектеп» жобасын қолға алып, тиісті министрлікке нақты тапсырма жүктеді. Елімізде әлі күнге үш ауысыммен білім беретін мектептер бар. Бұл салада да «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы қабылданып, арты сиырқұйымшақтанып кеткенін жұрт біледі. Жемқорлық пен сыбайластықтың салдарынан бюджеттің ақшасы талан-таражға түсті де. Енді нақты әрекетке көшпесек, жас ұрпақтың жайлы мектепте сапалы білім алуын кешеуілдетіп аламыз.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жайлы мектеп», «Білімді ұлт» сапалы білім беру жобасын жүзеге асыру арқылы қала мен ауыл мектептерінің білім сапасындағы алшақтығын жою керектігін тапсырды. Шын мәнінде, ауыл баласы көп мүмкіндіктен қағылып отыр. Аймақтағы елді мекендердегі білім ошақтары қарапайым интернет және білім алуға қажетті соңғы үлгідегі құралдармен қамтамасыз етілмегені бір бөлек, тозығы жетіп тұр.

Осы тұрғыда президент жемқорлық дерегі бойынша істі болып, сотталған шенеуніктердің заңсыз қаржысы қайтарылғанда оны мектеп құрылысына жұмсау қажеттігін айтты. Сонымен, мемлекет басшысы еліміздің бірнеше облысына жасаған сапары барысында Шымкентте алдағы бес жылда 101 мектеп салынатынын, Абай облысында 11 мектеп пен 14 балабақша салу жоспарланғанын қадап айтты. Сондай-ақ, Павлодар облысында алдағы үш жылда 10 мектептің құрылысы басталады.

Бұл құрылыстың сапалы салынуы мен межелі уақытта пайдалануға берілуін үкімет, жергілікті әкімдіктер қадағалайды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.