Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қарағанды мен Павлодар қаласында болып, бірқатар өндіріс орындарын аралап, халықпен жүздесті.
Президент Қарағанды облысындағы жұмыс сапары барысында автобус және коммерциялық техника өндіретін QazTehna зауытының жұмысымен танысты. Ол жерде президентке кәсіпорын жұмысының алғашқы нәтижелері баяндалды.
Зауыт 2021 жылдан бері жолаушылар тасымалына арналған 347 автобус пен электробус құрастырып шығарған. Биыл жыл соңына дейін қоғамдық көлік желісін жаңарту бағдарламасы аясында өңірлерге 700-ден аса автобус пен электробус жеткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 208 автобус еліміздің тоғыз облысындағы білім беру ұйымдарына жіберілмек.
Зауыт әлемдегі жолаушылар көлігін өндіруші Yutong компаниясымен серіктестік орнатқан. Серіктестік аясында компания қазақстандық зауытқа қажетті технологияны кезең-кезеңімен береді. Қазіргі кезде автобустар бөлшегінің 33 пайызы жергілікті материалдардан құрастырылады. Алдағы бес жылда бұл көрсеткішті 50 пайыздан асыру жоспарланып отыр.
Бүгінде зауытта 560 адам жұмыс істейді. Еңбек ұжымының басым бөлігі – Саран қаласының жергілікті тұрғындары.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ тұрмыстық техника шығаратын «Silk Road Electronics» және көлік дөңгелегін шығаратын «KamaTyresKZ» зауыттарының және өнім түрлерімен танысты.
«KamaTyresKZ» дөңгелек зауытын биыл жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Кәсіпорын бастапқы кезде жеңіл және жеңіл жүк көліктеріне арналған дөңгелектер шығарады. Кейін жобаның екінші кезеңінде транспортер, конвейер лентасы сияқты резинатехникалық бұйымдар, ал үшінші кезеңінде ауыл шаруашылығы техникасы дөңгелектерін өндіре бастайды. Зауыттың жобалық қуаты жылына 3,5 миллион дөңгелек шығаруға есептелген.
Қазіргі кезде зауыт серіктестерімен бірлесіп, өзіне қажетті мамандарды даярлауға кіріскен. Саран гуманитарлық-техникалық колледжінде 68 адам «Резина техникалық бұйымдар» және «Шина өндірісі» мамандығын игеруді бастады.
Ал құрылысы екі жылдан кейін аяқталуға тиіс «Silk Road Electronics» зауыты жыл сайын теледидар, электр сужылытқыш, шаңсорғыш, асүй плитасы мен желдеткіш секілді тұрмыстық техникаларды шығарады.
Зауыттың болашақ өнімдері қойылған шағын көрмені аралап шыққаннан кейін Мемлекет басшысы зауыт басшылығымен әңгімелесті.
Президент сондай-ақ Павлодар облысына барып, бірқатар өндіріс орындарында болды.
Павлодар облысында «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты айқын көрініс тапқан. Бұл аймақты экономикамыздың энергетикалық жүрегі деуге болады. Еліміздегі электр қуатының 40 пайыздан астамы осында өндіріледі. Қазақстанда шығарылатын көмірдің де жартысынан астамы Павлодардың еншісінде. Облыстың әрбір бесінші тұрғыны өңдеу өнеркәсібінде немесе отын-энергетика кешенінде жұмыс істейді.
Еліміздегі мұнай-химия өнімдерінің үштен бірі, ферроқорытпалардың жартысынан көбі осы өңірде шығады. Сондай-ақ, бұл өлке өңдеу өнеркәсібінің және шикізаттық емес экспорттың көлемі бойынша алдыңғы орында тұр.
«Соңғы 3 жылда Павлодардың жалпы өңірлік өнімі 28 пайызға өсіп, 3,9 миллиард теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және басқа да салалар қарқынды дамып келе жатыр. Мұның бәрі жергілікті жұрттың тұрмысы жақсарып, әл-ауқатының артуына тікелей ықпал етеді. Еліміз қазір жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформалар кезеңіне қадам басты. Біз алға қойып отырған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға Павлодар облысы зор үлес қосады деп сенемін», – деді Тоқаев.
Президент сондай-ақ, Павлодар мен Екібастұз жастары «EcoStudentKZ» республикалық экологиялық челленджін қолдап, студенттердің саябақтар мен гүлзарларды тазартқанынан хабардардар екенін айтты.
«Қоршаған ортаға қамқорлық туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыратындықтан, мұндай іс-шаралар көбірек болуы тиіс деп есептеймін. Сондықтан менің ұсынысыммен Астана мен Алматы қалаларында «Қоқыссыз таза табиғат» атты жалпыұлттық акция басталды. Бұл игі іс табиғатқа немқұрайлы қарамайтын азаматтарды біріктіруге арналған. Бұл бастамаға қоғамдық ұйымдар, азаматтық белсенділер, студенттер мен еріктілер қосылатынына сенімдімін», -деді Президент өз сөзінде.
Павлодар өңірі үшін Ертістің орасан зор маңызы бар. Бұл өзен – осы өлкенің тұрғындары, кәсіпорындары және ауыл шаруашылығы үшін негізгі тіршілік көзі. Соңғы үш жылда облыста суармалы жердің көлемі 1,5 есе артты. Алдағы уақытта оны тағы 2 есеге, яғни, 300 мың гектарға дейін ұлғайту қажет. Облыс әкімдігі осы мәселеге баса назар аударуға тиіс, деген президент Үкіметке өңірдің суармалы алқаптарына бөлінетін қаржыны көбейтуді тапсырды. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан ғана емес, халықты жұмыспен қамту үшін де өте маңызды. Судың тапшылығы экономиканы дамытуға кедергі келтіреді. Сондықтан, Ертістің суын тиімді, үнемді пайдалануға айрықша мән берілуі керек.
«Біз барлық баланың сапалы білім алуына жағдай жасауымыз керек. Осыған байланысты мен Жолдауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды ұсындым. Бұл бастаманың аясында Павлодар облысында алдағы 3 жылда 10 мектеп салынады. Құрылысты сапалы салып, уақтылы тапсыру – басты міндет. Жұмыс барысын жергілікті атқарушы органдар қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Жастар ертең білімді, алғыр, оқуда озат болсын десек, біз бүгін көптеп сапалы, жайлы мектеп салуымыз керек. Бұл – мемлекет ретінде біздің ортақ міндетіміз. Сондай-ақ ғылыми қызметкерлердің қоғамдағы абырой-беделін арттыруымыз қажет. Ғалымдарымызға әлемдегі жетекші ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту үшін жыл сайын 500 грант беріле бастады. Сонымен бірге, «Жас ғалым» жобасының аясында 1000 грант бөлінетін болды. Студенттердің, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы біртіндеп көбейіп келеді. Ғылыми институттар мен іргелі зерттеулерді қаржыландыру жүйесін жетілдіріп жатырмыз. Осыған орай, заңдарға тиісті өзгерістер енгізілді», – деді ол.
Президент сонымен қатар Павлодардағы трамвайды сақтап қалу қажеттігін сөз етті.
«Павлодар – трамвай жүретін сирек қаланың бірі. Алматыда травмай жүрді, ешкімге кедергі келтірмеді, бірақ оны қаладан алып тастау туралы шешім қабылдады. Ауқымды жұмыс жүргізілді, рельстер жойылды, енді Алматы трамвайсыз қалды. Трамвай қаланың символы болғанын атап өту керек. Меніңше, Павлодарда трамвайды сақтап қалу қажет. Егер қажет болса, жолдарды жаңғыртып, жаңа, дыбыссыз, трамвайлар сатып алу керек шығар. Бірақ травмай – өзінше тартымды көлік түрі. Еуропаның көптеген дамыған қалаларында трамвайлар кедергісіз жүреді. Бұл – көптеген жергілікті тұрғындар ұнататын экологиялық және ыңғайлы көлік. Трамвай жүйесін дамытуды жалғастырып, құрамдарды жаңартуды жеделдету керек», – деді Президент.
Президент Павлодар облысына жұмыс сапары аясында 85 жыл бұрын іргесі қаланған Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияға барды.
Мектеп директоры Салтанат Шабажанова Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқу орнының терең тарихы туралы ақпарат беріп, гимназияның жаңартылған кабинеттерін көрсетті.
Оқушылар мектеп кітапханасында Мемлекет басшысына Рамазан Тоқтаровтың шығармашылығы бойынша «Оқуға құштар мектеп» жобасын таныстырып, жазушының «Ертіс мұхитқа құяды» атты кітабын сыйға тартты.
Содан кейін Президент республикалық және халықаралық пән олипиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған Павлодар облысының педагогтарымен әңгімелесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев оларды Дүниежүзілік Ұстаз күнімен және қазақстандық педагогтардың өткен кәсіби мерекесімен, ал гимназия ұжымын мерейтойымен құттықтады.
«Мұғалім болу – ең абыройлы еңбек. Сонымен бірге бұл – өте жауапты жұмыс. Ұстаздық – қасиетті қызмет десек те артық емес. Себебі әр шәкірттің тұлға болып қалыптасуында ұстаздың орны ерекше», – деді Мемлекет басшысы.
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024