Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының депутаты Асыл Дәркембайұлы ауыл тұрғындарының өтінішін әлеуметтік желі арқылы көпшілікке жария еткені үшін басы дауға қалғанын мәлімдеді.
«Маған жала жабылып, шындықты айтқаным үшін сотқа берілдім. Мен, Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының депутаты ретінде, ауыл тұрғындарының өтінішімен марқұм Самошина Натальяның үйіне қатысты дау туындаған соң, қоғамдық резонанс тудырған мәселені жария еттім. Алайда, осы бейнеролик үшін мені “жала жапты”, “беделіме нұқсан келтірді” деген желеумен 5 000 000 теңге моральдық өтемақы талап етіп, сотқа берген», — дейді депутат.
Сонымен қатар ол TikTok-та жарияланған видеода ешкімді жекелеп айыптамағанын, тек ауыл тұрғындарының пікірі мен алаңдаушылығын жеткізгенін айтты. Басты мақсатым — қоғамда әділеттілік орнату, халықтың даусын билікке жеткізу, болды дейді.

«Шындықты айту — қылмыс емес. Депутат ретінде менің парызым — жергілікті мәселелерді көтеру, халық үніне құлақ асу, қоғам алдындағы адалдықты сақтау. Бұл жағдай — жала жапқандардан емес, шындықты айтқандардан қорқатын жүйенің бір көрінісі. Мен құқықтық алаңда өзімді қорғаймын. Ал сіздерден тек әділ баға мен қолдау сұраймын», — дейді Асыл Дәркембайұлы.