06-10-18 |
3610 рет қаралған
«Өмір сапасы: жастар міндеті мен жауапкершілігі» форумы өтті.
«Өмір сапасы: жастар міндеті мен жауапкершілігі» форумы өтті

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті және Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ ұйымдастыруымен «Өмір сапасы: жастар міндеті мен жауапкершілігі» атты республикалық жастар форумы өтті.

Форумға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, республикалық жастар ұйымдарының көшбасшылары және студенттер қатысты. Форум барысында қатысушылар Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын талқылап,  спикерлерге сұрақтар қойып, әркім өз ойын білдіруге мүмкіндік алды. Ал спикерлер жастарды мемлекет саясатын жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырды.

Мысалы, ЕҰУ Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы форум қатысушыларын Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ ректоры Ерлан Батташұлының атынан құттықтап, осы іс-шараның маңыздылығын атап айтты. «Биылғы Жолдау жастар үшін ерекше, өйткені Елбасы келесі 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды», – деді проректор. Ғалым алғашқы қазақ жастарының ұйымы «Бірлік» туралы, «Жас азамат» жайында тарих қойнауынан мысалдар келтіріп, Смағұл Сәдуақасұлы сынды саңлақтарды тілге тиек етті. Еліміздің ертеңі – бүгінгі жастарға осы Жолдау зор серпін беретінін айтып, мемлекетіміз үшін «бір ұжым» болып бірлесе еңбек етуге шақырды.

Келесі сөзді алған қазақ тілінің жанашыры, Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских өзінің ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа Жолдауын қолдайтындығын айта келе, «Жастардың еліміздің зор ресурсы, қозғаушы күші, әрі саясаттағы рөлі аса маңызды екенін ешқашан да ұмытпауымыз қажет»,- деді. «Түрім орыс болғанымен, жүрегім қазақ» деген жас депутат өз өмірінен сыр шертіп, Елбасы Жолдауын отбасы институтын дамытумен байланыстырды.

ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Оралов келесі жыл «Жастар жылы» атанғанына қуанышын білдірді. Ал, «НҰР-Медиа» холдингінің бас директорының орынбасары Максим Споткай еліміздің жастарын келер «Жастар жылын» сөзбен емес нақты іспен қарсы алуға шақырды.

Еліміздің белсенді жастары мен жастар ұйымдарының көшбасшылары және осы форумға қатысушы спикерлер қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, табысы мен тұрмысының күшеюі туралы да сөз етті. Олар жастардан 2019 жылы қандай іс-шаралар өткізу керектігі туралы ой-пікірлерін сұрап, жастарды мазалап жүрген мәселелерді шешу бойынша нақты ұсыныстар жасауға шақырды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.