Біз
әлеуметтік
желіде
09-06-25 |
380 рет қаралған
Шерзат Полат ісі: сотталушылардың туыстары марқұмның отбасын айыптады.
Шерзат Полат ісі: сотталушылардың туыстары марқұмның отбасын айыптады

Шерзат Полат ісі бойынша сотталғандардың туыстары Президентке видеоүндеу жолдап, қаза тапқан баланың отбасын арандатушылық, манипуляция және полиция қызметкерлеріне қоқан-лоқы көрсету әрекеттеріне барған деп айыптады.

Жанжал тудырған іс бойынша үкім шыққаннан кейін тараптар арасында тағы да ашық текетірес басталды. Бұл жолы сотталғандардың туыстары Тоқаевқа үндеу жасап, марқұмның отбасының әрекеттерін тергеуді талап етті.

Олар Талғар қаласында қаза тапқан жасөспірімнің отбасын қоғам пікірін әдейі адастыруға тырысты, арандатушылық әрекеттерге барды және полиция қызметкерлеріне қоқан-лоқы көрсетті деп айыптады.

Өзін Бауржан Әбдрахманов деп таныстырған ер адам «сотталғандардың ата-аналары мен Талғар тұрғындарының бір бөлігінің ортақ ұстанымын» жеткізді. Бейнежазбада баланың өлімінен кейін оның туыстары әлеуметтік желілер мен психологиялық қысым арқылы «алдын ала жоспарланған кампания» бастағаны айтылады.

«Мақсаттарына жету үшін олар түрлі құралдарды, әлеуметтік желілерді, тыйым салынған психологиялық тәсілдерді, кейде тіпті ашық арандатушылықты қолданды», — деді спикер.

Ерекше атап өтілгені — жасөспірімнің әкесі Қаржаубай Нұрымовтың әрекеті. Ол қайғылы оқиға болған түні және кейінірек ағасының жерлеуінде адамдарға пышақпен тап беріп, полицияға қоқан-лоқы көрсеткен.

Сондай-ақ, үндеуде марқұмның әпкесі полиция қызметкерін күрекпен ұрды делінеді, ал туысы Бахыт Рейімова қазақ халқын тілдеді және бүлікке шақырды деп айыпталған.

Сотталғандардың туыстары жәбірленуші тараптың әрекеті Талғар қаласының беделіне нұқсан келтіріп, елдегі тұрақтылыққа қауіп төндіріп отыр деп есептейді.

«Бізде сұрақтар туындайды. Елімізде заңға бағынбайтын адамдар тобы бар ма? Әлде олар заңнан биік пе? Бұл тәсілдерді адамдарға қалай қолдануды оларға кім үйретті?» – деді олар.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.