Алматы облысының тұрғыны Арманжан Арықбай әскерге дейін көру қабілеті бойынша ІІ топтағы мүгедек анасын бағып-қағып отырған.
Ол – отбасындағы жалғыз асыраушы болған. 12 маусымда, Фарида Қажымұратованың айтуынша, баласын мәжбүрлеп әскерге алып кеткен. Сауда орталығының жанында ұстап, Конаевқа жеткізген. Онда оны екі тәулік әскери комиссариатта ұстап, кейін Тараздағы №5513 әскери бөлімге жөнелткен, деп жазды Orda.kz.
«15 маусымда, олар пойыздан түсіп, сапқа тұрған кезде, ұлым есінен танып құлап қалған. Таразда оны үш күн ұстаған, ал 21 маусымда Алматыдағы Ұлттық ұланның әскери бөліміне ауыстырған», – дейді анасы.
Алматыға ауыстырылғаннан кейін Арманжан анасымен кездесіп, Конаевта өзін Әлишер есімді әскери қызметкер ұрғанын айтқан. Анасы дереу дәрігерлерге жүгінген, бірақ олар «ештеңе жоқ» деп сендірген. Кейінірек оған баласының миында ісік бар деген ақпарат айтылған.
Одан кейін еш ескертусіз, келісімсіз Арманжанды психиатриялық ауруханаға жатқызған.
Фарида ауруханаға бармақ болғанымен, оны кіргізбей қойған — «жұмыс күні аяқталды» деген сылтау айтылған. Мекеме басшылығымен де кездестіруге рұқсат берілмеген.