Ресейлік саясаттанушы Татьяна Становая өзінің Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында Владимир Путиннің Украинамен тікелей бейбіт келіссөздер өткізу туралы ұсынысының салдары жөнінде пікір білдірді.
Оның айтуынша, қазіргі риторикаға қарамастан, Украина мен Ресейдің арасында нақты бітім немесе жанжалды реттеу мүмкіндігі өте төмен.
Станованың негізгі тұжырымдары:
Ресей Украинамен тікелей келіссөздер өткізуге дайын екенін білдіру арқылы белгілі бір дәрежеде ымыраға барды, өйткені АҚШ-тың «бейбіт үдерістен» шығуын қаламады. «Мен Трамптың кетуі Ресей үшін апат болар еді деп айтпаймын, бірақ бұл екіжақты қатынастарды “қалыпқа келтіру” күн тәртібін жүзеге асыруды айтарлықтай қиындатар еді», – деп жазады саясаттанушы.
Путиннің мәлімдемелері оның жаңа санкциялардан қорқып отырғанын немесе Зеленскиймен шынайы келісімге келгісі келетінін білдірмейді. Ол әскери мақсаттарынан бас тартуға да, Украинаға жасалатын соққылардың санын азайтуға да ниетті емес, дейді Становая.
Путин Украинаны «Стамбул-2» форматына тартуға тырысып отыр. Ол 2022 жылғы наурыз–сәуірдегі мақсаттарды қайталауды көздейді, бірақ бұл жолы жаңа аннексияланған территорияларды да қамтып отыр. Сонымен қатар ол Батыстың Украинаға қару жеткізуін тоқтатқысы келеді және ел ішіндегі қарама-қайшылықтарды пайдалануды көздейді.
«Шындық мынада: Мәскеу де, Киев те ұзақ мерзімді бейбіт келісімге баруға дайын емес, себебі олардың ұстанымдары түбегейлі үйлеспейді. Жұмыс істейтін келісім үшін немесе ішкі саяси өзгерістер (Ресейде не Украинада), немесе майдандағы түбегейлі бетбұрыс қажет», – дейді саясаттанушы.