05-01-25 |
1670 рет қаралған
Түркі әлемі: саяси аренада бауырмалдылық пен шын жанашырлық керек. Сарапшы пікірі.
Түркі әлемі: саяси аренада бауырмалдылық пен шын жанашырлық керек. Сарапшы пікірі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұқбатында Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының бастауында болғанын атап өтті. Президент бұл ұйымға мүше елдер біздің көршілеріміз, әрі маңызды геосаяси серіктестеріміз екеніне кеңірек тоқталып, бауырлас елдердің байланысын бекемдей түсетін жобаларды атап өтті.

«Біз төрағалық еткен кезде саяси және сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге баса мән бердік. Бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асырдық, сексеннен астам іс-шара ұйымдастырып, нақты нәтижеге қол жеткіздік. Астанада V Дүние¬жүзілік көшпенділер ойындары өтті. Оқу орындары мен академиялық құрылымдардың, шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің арасында тығыз байланыс орнады. 2021 жылы түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған көне Түркістан қаласы халықтарымыздың достығын нығайту ісінде айрықша рөл атқарады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазір Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының төрағасы ретінде «TURKTIME!» ұранын ұсынып отыр. Еліміз түркі халықтары арасындағы байланысты берік ету, сондай-ақ ортақ тарихи-мәдени бай мұрамызды насихаттау ісіне алдағы уақытта да атсалыса береді.

Айта кетелік, соңғы 10 жылда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің қарым-қаынасы ерекше қарқын алды. Былтыр өзара сауда-саттық көлемі 45 миллиард доллардан асса, елдеріміз Транскаспий халықаралық көлік дәлізінде аса маңызды рөл атқарып отыр. Энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты арттыру көзделген. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан түркі дүниесін біріктіруді көздейтін барлық жасампаз бастаманы қолдайды», – деді. Мемлекет басшысы түркі халықтары арасындағы байланысты нығайту, ортақ тарихи-мәдени бай мұрамызды насихаттау ісіне алдағы уақытта да атсалыса беретінімізді жеткізді.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімнің сарапшысы Әсем Күлбаева, қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан сұқбатқа қатысты пікір білдірді. Оның пайымдауынша, түркі дүниесінің ынтымақтастығын қалыптастыруда Қазақстан айрықша роль атқарады. Сарапшы өз әңгімесін түркі халықтарының адамзаттың дамуына қосқан үлесінен бастады.

«Заманында түркілердің мекені өнер мен ғылымның іргелі ордасы болды. Кейіннен тарихтың дамуына байланысты әсіресе ғылыми-техникалық прогрестің тез жүруіне орай түркілер деформацияланды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлынің сұқбатында қазіргі халықаралық қатынастарда «түркі факторының» пайда болуы мәселесін қозғайтын, түркі мемлекеттерінің ұйымы (ТМҰ) туралы ойын айтып отыр. Қазіргі геосаясаттағы қиын жағдайда түркі әлемінің саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастық аясында түркі мемлекеттері ұйымының қолдауымен бірігуі – өңірлік тұрақтылық тұрғысынан ең маңызды оқиғалардың бірі болып табылады. Түркі мемлекеттерінің ұйымы ортақ тіл, мәдениет және ынтымақтастық негізінде құрылғанымен, бүгінде ол аймақтық және халықаралық ынтымақтастықтың тиімді ұйымына айналды», – дейді ол.

Әсем Күлбаева, түркі мемлекеттері ұйымының құрылу кезеңдерін үшке бөліп қарастырады.

«Бірінші кезеңі, КСРО ыдырағаннан кейін, түркі республикалары тәуелсіздік алған кезде 1992 жылы Түркияның басшылығымен Анкарада «Түркітілдес мемлекеттер басшыларының Саммиті» өтті. Екінші кезеңі, 2009 жылы түркітілдес мемлекеттерінің Ынтымақтастық Кеңесі, атап айтқанда «Түркі кеңесі» құрылды. «Түркі кеңесі» халықаралық аренада «қарапайым» мақсаттарды көздеп, уақыт өте келе табысты нәтижелерге қол жеткізді. Бұл тұрғыда экономика, білім, көлік, мәдениет, туризм және сыртқы саясат салаларындағы маңызды жобалар бірлесіп іске асырылды. Үшінші кезеңі, Түркі кеңесі 2021 жылғы 12 қарашада Ыстамбұлда өткен 8-ші саммитінде тарихи шешім қабылдады және өз атауын түркі мемлекеттерінің ұйымы деп өзгертті», – деді сарапшы.

Сарапшы былтыр Астана төрінде «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен ТМҰ-ның X саммитінің мән-жайына да тоқталды.

«Былтырғы саммитте «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттерінің қатар дамуы өте маңызды деп санайды. Бұл ретте Президент Ұйымға мүше елдердің стандарттары мен терминологиясын жүйелеуді ұсынған болатын. Бұл өте орынды ұсыныс. Өткен жылғы саммиттің аясында 80-нен астам түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, қатысушы елдердің білім беру және академиялық құрылымдары, сондай-ақ шығармашылық зиялы қауым өкілдері арасында тығыз және өнімді байланыстар орнатылды. 2021 жылы күллі түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған көне Түркістан қаласы түркі халықтарының рухани жақындасуында ерекше, елеулі рөл атқарса, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Астанада өтуі маңызды оқиға болды. Қазіргі таңда ұйым шеңберінде Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТҮРКПА) , Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) және Түркі академиясы сияқты ұйымдар жұмыс жасауда», – дейді сарапшы.

Әсем Күлбаеваның айтуынша, бауырмалдылық пен шын жанашырлық бұл мемлекеттерді саяси аренада үлкен ойыншыларға алып келуі әбден мүмкін.

ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы Бауыржан Әукен Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың сұхбатындағы түркі векторы туралы өз пайымдауларын жеткізді.

«Қазақстан 2024 жылы Түркі Мемлекеттері Ұйымындағы өз төрағалығын сәтті аяқтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетінде жарияланған сұхбатымен толық таныстым. Қазақстанның Түркі Мемлекеттері Ұйымындағы белсенділігі мен түркі ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесін сарапшы ретінде бақылап отырмыз. Түрлі ауқымды жобалар мен 80-нен астам іс-шара соның дәлелі. Президент Қ.Тоқаев 2021 жылы күллі түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған көне Түркістан қаласының тарихи рөліне ерекше мән берді. Мемлекет басшысының айтуынша, Түркістанның қайта жандануы түркі әлемінің ынтымақтастығын арттыруға елеулі үлес қосуда. Сонымен қатар, Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары түркі халықтарының бай мәдени мұрасын насихаттауда ерекше орын алғаны рас. Бұл шара түркі мәдениеті мен дәстүрін әлемге танытып қана қоймай, қатысушы елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдете түсті», – дейді ол.

Бауыржан Әукен соңғы онжылдықта түркі елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстар жанданып келеді деп есептейді.

«Түркі Мемлекеттері Ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастықтың маңызды аспектілерінің бірі – Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту. Көлік бағыты 8 мемлекеттің аумағындағы 11 мың шақырымға созылған жол бағдары болып табылады. Шығыс пен Батысты жалғайтын аса маңызды көлік дәлізі. Бұл жоба Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруда, транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуде және халықаралық инвестицияларды тартуда шешуші рөл атқаруда.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатында аталған ТМҰ аясындағы серіктестік Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының ажырамас бөлігі екенін айқын аңғартады. Түркі әлемімен ынтымақтастық – елдің рухани, мәдени және экономикалық дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық бағыттардың бірі», – деді сарапшы.

Айта кетелік, Түркі мемлекеттері Ұйымына ендігі жылы Қырғызстан төрағалық етеді деген мәлімет бар. Себебі Бішкек алдағы жылы Түркі мемлекеттері ұйымының цифрлық астанасы атанады деп жоспарланған. Осы басқосулар аясында көптеген жиындар өтеді деп күтілуде.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.